Саясат

"Климаттың өзгеруі жаһандық су цикліне әсер етіп отыр" – Президент

Мемлекет басшысы Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде сөз сөйледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында өтіп жатқан климат саласындағы іс-қимыл жөніндегі әлем көшбасшыларының саммитіне қатысты.

Пленарлық сессияның ашылуынан кейінгі алғашқы сөз Қазақстан Президентіне берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Қазақстан жаһандық климат күн тәртібін қолдайтынын растап, табиғаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті. Мемлекет басшысы еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде биік мақсат қойғанын еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл міндетті орындау үшін нақты қаржыландыру көздері мен заманауи технологияларға арқа сүйейтінін айтты. Сондай-ақ «Климаттық қаржыландыру бойынша жаңа ұжымдық мақсат» (NCQG)  аясында табиғат өзгерістеріне осал аймақтарға, әсіресе, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдерге айрықша мән берілуі қажеттігіне тоқталды.

Қазақстан «көміртекті егіншілікке», яғни ауаға таралатын парниктік газдардың мөлшерін азайту және топырақты құнарландыру арқылы ауыл шаруашылығын жүргізу әдістерін енгізуге қай жағынан да қолайлы мемлекет. Бұған еліміздегі ауыл шаруашылығына жарамды 200 миллион гектар жер мүмкіндік береді. Президент қызығушылық танытқан тараптарды Қазақстанның осы саладағы әлеуетін зерттеуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев дүниежүзіндегі су ресурстарына қатысты проблемаға тоқталды.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Әзербайжанның СOP29-ға табысты төрағалық еткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Президент Ильхам Әлиевке ризашылық білдірді. Мемлекет басшысы әділ, инклюзивті әрі ашық климаттық күн тәртібін қалыптастыруда Қазақстанның халықаралық серіктестермен ықпалдастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.

 

Саммитте 80-нен астам мемлекеттің басшылары, халықаралық және өңірлік ұйымдардың жетекшілері сөз сөйлейді деп жоспарланып отыр.