21,7 миллион теңгеден астам мүліктік залал келтірген мектеп директоры мен бас бухгалтер сотталды
Жымқырылған қаржыны жеке бас пайдасына жаратып, мемлекетке ірі мөлшерде залал келтірген.
Қызылордада мемлекетке 21,7 миллион теңгеден астам мүліктік залал келтірген мектеп директоры мен бас бухгалтер сотталды.
Қалалық №2 соттың мәліметінше, олар балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінде жұмыс істеген. Мектеп директоры қызмет бабын пайдалана отырып бас есепшісінің көмегімен өзінің шотына 2018-2023 жылдар аралығында бюджет қаражатын заңсыз аудартып алған. Жымқырылған қаржыны жеке бас пайдасына жаратып, мемлекетке ірі мөлшерде залал келтірген.
– Бас есепшінің қылмыстық әрекетінен мемлекетке жалпы 21,7 миллион теңгеден астам мүліктік залал келген. Сот отырысында олар тағылған айыпты мойындап, өз әрекетіне өкінетінін көрсеткен. Сотталушы жүкті екенін, асырауында кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленуші өкілі сотталушылар шығынды толық өтегенін және басқа талабы жоқ екенін көрсетті. Сот үкімімен сотталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігі 1), 2), 3)-тармақтарымен кінәлі деп танылды. Ол белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына шеттетіліп, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деп мәлімдеді Қызылорда қаласының №2 сотынан.
Ал балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінің директоры ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 5-бөлігі 189-бабы 3-бөлігі 1), 2), 3)-тармақтарымен, 189-бабы 3-бөлігі 1)-тармағымен кінәлі деп танылды.
- Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігінің талабына сай онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға ауыстыру арқылы белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына шеттетілді. Оған түпкілікті 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабы 1-бөлігі қолданылды. Он төрт жасқа толмаған балалары бар әйел ретінде жазаны орындау бес жылға дейін кейінге қалдырылды, – деп толықтырды соттан.