"Қаржыландыру мен балаларды тізімге алу механизмінде көптеген олқылықтар бар" – Қайрат Балабиев
Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Т. Б. Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.
Онда: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балаларды 100 % бала-бақшамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы өзекті мәселе болып қала береді. Алайда, кейбір білім басқармалары мен әкімдіктердің бөлінген қаржыны дұрыс игермей, мемлекеттік тапсырысты тиісті деңгейде орындамауы салдарынан бұл тапсырма толық көлемде орындалмай отыр.
Осы орайда, Оқу-ағарту министрлігінің ваучерлік қаржыландыру механизмін енгізу туралы бастамасы да қоғамда үлкен сынға ұшырауда.
Ваучерлік механизмнің енгізілуі ата-аналар мен жекеменшік бала-бақша құрылтайшыларының қарсылығын туғызуда. Олардың айтуынша, пилоттық жоба толыққанды дайындықсыз жүзеге асырылуда. Қаржыландыру мен балаларды тізімге алу механизмінде көптеген олқылықтар бар.
Пилоттық жобаға ұсыныстар Министрге қолма-қол ұсынылса да, ескерілмеген. Оқу-ағарту министрін Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жекеменшік бала-бақша құрылтайшылары әлі күнге дейін тосып жүр.
Шымкентте, Түркістан және Жамбыл облыстарында мыңдаған бала-бақша құрылтайшылары ваучерлік қаржыландыру жүйесіне мәжбүрлеп қостыру жүргізілгендігін айтуда.
Бұл жобаны қаржыландыру, балалардың тізімін жасақтау мен кезегін күттірмеу механизмінде олқылықтар өте көп. Тізімді жергілікті білім басқармалары бекітетін тұсы және Оқу-ағарту министрлігі ваучерлік қаржыландыруды «Қаржы орталығы» сілтеуі орынсыз деп санаймын.
Жекеменшік бала-бақшалардың көпшілігі пилоттық жобаның кемшіліктеріне байланысты мемлекеттік тапсырысты орындаудан бас тартуға мәжбүр. Бала-бақшалар коммерциялық негізде бала қабылдауға ауысса, ең төменгі жалақысы 85 мың теңгенің 70 мың теңгесін төлей алмайды. Тек бір емес, бірнеше баласы бақшаға баратын отбасылар баршылық. Ал бұл ата-аналар үшін қосымша қаржылық ауыртпалық болары айтпаса да, түсінікті.
Осыған байланысты, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде мыңдаған жекеменшік бала-бақшалардың мұңына құлақ түріп, келесі шараларды қабылдауды:
біріншіден, ваучерлік қаржыландыру механизмін тоқтатуды;
екіншіден, балаларды 100 пайыз бала-бақшамен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік тапсырыс аясын кеңейтуді қарастыруды ұсынамын» деді.