Нұртөре Жүсіп: Мемлекетаралық және конфессияаралық қатынастарды нығайтуда рухани дипломатия аса маңызды
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх ул-Ислам Аллахшукюр Пашазаданың арнайы шақыруымен Әзербайжан астанасындағы Діни көшбасшылардың жаһандық саммитіне қатысты
Нұртөре Жүсіп саммит барысында діндер мен халықтар арасындағы диалогты нығайтуда осындай халықаралық алаңдар маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл шаралар түрлі конфессиялар мен халықтардың бейбіт қатар өмір сүруіне және ынтымақтастығына ықпал ететін ашықтық, толеранттылық және өзара сыйластық қағидаттарына негізделген.
«Осындай маңызды оқиғаны өткізу орны ретінде Бакуді таңдау Әзербайжанның халықаралық аренадағы биік беделі мен әлемдік қоғамдастықтың сенімін көрсетеді. Осы саммитке Қазақстанның да шақырылуы – біздің халықтар арасындағы сенім мен құрметтің жарқын көрінісі. Бұл оқиға өзара түсіністік пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда көпір болады», - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Сенатор сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысына Кавказ мұсылмандары басқармасының қосқан үлесін жоғары бағалады. Нұртөре Жүсіптің айтуынша, Съезд әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі дін өкілдерін біріктіруде ерекше алаңға айналды. Содан бері Кавказ мұсылмандары басқармасы конгрестің белсенді және тұрақты қатысушысы болды.
Нұртөре Жүсіп саммит аясында талқыланатын мәселелер мен қабылданатын шешімдер рухани дипломатияның дамуына серпін беріп, мемлекетаралық және конфессияаралық ынтымақтастықты әлемдік деңгейде нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Сенатор қоғамда бейбітшілік пен келісімді ілгерілету үшін осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтті.