"Доллар өседі": АҚШ-тағы президент сайлауы Қазақстан экономикасына қаншалықты әсер етеді?
Америкада президенттік үшін бәсекеге түскен Дональд Трамп пен Камала Харрис арасындағы текетірестің аяқталуына бір аптадан аз уақыт қалды. Отандық сарапшылар президенттік бәсекенің нәтижесі әлемдік нарыққа әсер ететінін айтты.
АҚШ-та 5 қараша күні 60-президент сайлауы өтеді. Америка халқы 47-президентін сайлайды. Қазақстандық сарапшылар президенттік бәсеке нәтижесінің әлемдік нарыққа және Қазақстан экономикасына әсері туралы болжам жасады. Олардың айтуынша, АҚШ-тың әлемдік нарықтағы ықпалына қарамастан, сайлаудың өзі де, оның нәтижесі де валюта бағамына әсер етпейді.
“Менің ойымша, сайлаудың өзі экономикаға айтарлықтай әсер ете алмайды. Өйткені сайлаудың өзінде ешқандай тосын нәрсе немесе таңғаларлық дүние болмайды. Бұл сайлаудың нәтижесін нарық та, сайлауға қатысушылар да ескеріп отыр”, – дейді қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев.
Десе де, АҚШ саясаты әлемдегі экономикалық процестермен тығыз байланысты екенін ескеру керек. Сондықтан алдағы сайлаудың нәтижесі АҚШ-тан басқа да мемлекеттердегі нарық ойыншыларына ықпал етпей қоймайды. Қай үміткер президент болып сайланса да, АҚШ валютасы нығая түседі. Ал бұл импорт құнына әсер етеді.
“Қазақстанның бар экспорты – газ, мұнай, аз мөлшерде уран, феррохром, мыс. Атап айтқанда, Қазақстандағы белігілі бір жеке тұлғалар үшін бәрі жақсы болады. Алайда барша қазақстандықтарға оңай болмайын деп тұр. Өйткені доллар бағамы көтеріледі және тиісінше импорт қымбаттайды”, – дейді экономист Әнуар Нұртазин.
Сол себепті мәселе сайлауда кімнің жеңіске жететінінде емес, сайлаудың нәтижесі мен салдарында деп санайды сарапшылар.