Мақсат БОТАНБАЙ: Спорт реабилитациясы – жас медициналық сала
Заман көші ілгерілеген сайын еліміздегі түрлі саладағы жетістіктер айқын көрініс тауып келеді. Соның ішінде медицинада, нақтырақ спорт медицинасындағы өзгерістер көптің пайдасына асып жатыр. Мәселен, ауыр жарақаттан кейін жасалуы керек реабилитацияның пайдасы орасан зор. Бұл саланың қыры мен сырын жетік меңгерген Мақсат Ботанбаймен Oimaqnews.kz тілшісі сұқбаттасқан еді.
– Мақсат Нұрғалымұлы, реабилитация аурудан не операциядан кейін жүргізілетін процесс екенінен хабарымыз бар. Бірақ маман ретінде мұның қандай сала екенін кеңінен айтып беріңізші.
– Реабилитация – медицинаның үлкен бір саласы. Ол қазақша «оңалту» деген мағынаны білдіреді. Кез келген аурудың негізгі емдеу ісінен кейін оңалту шаралары жүргізілуі қажет. Тіпті, тұмаудың өзін мысал қып қарастырайық, толық ем-дом алып біткен соң, өкпе жұмысын іске қосу үшін реабилитациялық шаралар жүргізіледі. Яғни емдік денешынықтыру жасалады. Осы сияқты қандай да бір аурудан кейін оңалту шараларының жасалғаны дұрыс. Қазір жиі кездесетін бел ауырсынулары кезінде де реабилитологтың көмегі өте қажет. Біз мұндай ауруларды арнайы физиоаппараттардың көмегімен жүзеге асырамыз. Одан бөлек емдік жаттығулардың көмегіне жүгінеміз. Бүгінге көпшіліктің сұранысына ие болып жатқан мануалды терапия да біздегі реабилитацияның ішіне кіреді.
Былай түсіндіріп кетейін. Реабилитацияның тармағы көп: нейрореабилитация, кардиореабилитация, спорттық реабилитация. Бүгінде мен осылардың ішіндегі спорттық және ортопедиялық реабилитация бағытында жұмыс істеп жүрмін.
– Сол спортқа қарай ойысқан бағыты туралы әңгімелессек. Спортшылар реабилитацияға қай кезде жүгіне алады? Оның пайдасы неде?
– Спортшы жеңіл не ауыр жарақат алған жағдайда реабилитологқа жүгінуі керек. Содан кейін арнайы бұлшықеттік тесттер мен реабилитациялық шкалалары арқылы спортшының ойынға қатысу не қатыса алмау мүмкіндігін айқындай аламыз. Одан бөлек, реабилитациялық этап қай уақытқа дейін жалғасатынын да анықтаймыз. Осыдан кейін ғана толыққанды емдік шаралары басталады. Спортшылармен жұмыс істеу басқаларға қарағанда күрделірек. Неге? Себебі олар олимпиаданың, кез келген ойынның алдында жарақат алу ықтималдығы бар. Оған спортшы бірнеше жыл дайындалып, тер төгеді де, олимпиадаға жақын қалғанда қандай да бір травма алып қалуы мүмкін. Біздің міндет – осындай жағдайларды тез қалыпқа келтіру.
Медицина деген аурудан емдеу ғана емес, оның алдын алу. Реабилитация да дәл солай. Ең алдымен, ауруға жеткізбей, оның алдын алу жолдарымен жұмыс істеп бастаймыз. Қазіргі уақытта көркем гимнастикамен айналысатын спортшыларымызбен жұмыс істеп жатырмыз. Көркем гимнастикада 4-тен 8 сағатқа дейін жаттығулар жасалады. Яғни жүктеме өте көп. Аптасына бір-ақ күн демалыс күні. Сондықтан олардың күнделікті жаттығуларына қарай қосымша дене жаттығулары жасалу керек. Мәселен, олардың жаттығуларының басым бөлігі секіруден тұрса, қосымша жаттығу секіруге көмектеседі, бұлшықеттердің активациясына, күшін арттыруға әсер етеді. Ол травма алуды азайтады.
– Өзіңіз бұл салаға қалай келдіңіз? Біреу түрткі болды ма не оқиға?
– Жалпы медицинада жүрген соң, оның барлық саласынан хабардар болуымыз керек. Сол салаларда жүріп, көптеген бөлімдерде тәжірибеден өттік. Олар – травматология, урология, онкология, тіпті психиатриялық емханаларда да тәжірибеден өттік. Кейініректе травматологияда тәжірибеден өтіп жатқан кезде Қазақстанда мықты-мықты операциялардың жасалатынын көрдік. Бірақ реабилитациялық орталықтардың болмауынан немесе аз болуынан, мұндағы мамандардың біліктілігінің төмен болуынан пациенттер толық емделе алмайды. Хирург қаншалықты сәтті ота жасағанымен, оның артынан дұрыс реабилитациялық шаралардың дұрыс жасалмауынан денсаулықта тағы бір кінәрат тууы мүмкін. Сондықтан үлкен жауапкершілікке ие мамандықты таңдағым келді, оның үстіне бұл елімізде енді ғана қанатын кеңге жайып келе жатқан сала болғандықтан ашылмаған қыры мен сыры көп, менің қызығушылығымды бірден оятты.
– Реабилитацияны спорт медицинасы деп қарастыра аламыз ба? Бұл үшін елімізде дәл осы бағытты жеке оқытатын ЖОО-лар бар ма? Әлде болуы керек пе?
– Жоқ, бұл спорттық медицианың кішкентай бөлігі ғана. Себебі реабилитацияны барлық адам ала алады. Кішкентай бала да, ересектерде, спортшы да, қарттар да. Жоғарғы оқу орындарында енді ғана оқыту пәні ретінде еніп отыр. Шамамен 4-5 жыл болған шығар, кафедралар ашылып, дамып келеді. Бұрын тек қана қысқа дәрістер өткізілетін, ал қазір арнайы кафедра ашылды.
– Қазір медицианың түрлері, терапия дейтіндер көбейіп кетті ғой. Реабилитацияны осылай белгілі уақыт арасында оқып алуға бола ма? Мамандықтың жауапкершілігі неде деп айтар едіңіз?
– Қазір шынымен, терапия көп, жалған медиктер де, жалған реабилитологтар да көп. Әлеуметтік желінің әр түрінде парақша ашып жарнама жасайды да, ақ халат киіп алып, өтірік сертификаттар тапсырып жүргендер бар. Бірақ қысқа мерзімде ешқандай медициналық оқуды оқып алуға болмайды, оған мүмкіндік те жоқ. Себебі, біз осы саланы оқу үшін 9 жыл уақыт сарп еттік. Оның басы адам анатомиясы мен физиологиясынан басталған. Қала берді, патологиялық физиологияны толық меңгеру шарт. Қазіргі кезде осы саладғы көптеген кикілжің біз айтып отырған «жалған» мамандардың әрекетінен пайда болып отыр. Өйткені бұрыс қойылған диагноз бен қате жасалған емдік шаралары бір адамның өміріне қауіп төндіретіні даусыз. Сондықтан қазір осындай жағдайлармен күресіміз белсенді түрде жүріп жатыр. Оған қатысты Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде парақша ашып, сол алаңда белсенділік танытудамыз.
Мамандықтың ең басты жауапкершілігі – ауыр жарақаттан кейін инсульт немесе травма алып қалған пациентті қайта бұрынғы жағдайына оралту, денсаулығын қалыпқа келтіру. Қарапайым адам болса, күнделікті өмірде істейтін әрекеттерді оңай жасау қабілеттілігін қайттару, спортшы болса спорт әлеміне қайтару – біздің маман ретіндегі емделушінің алдында тұрған міндеті.
– Әңгімеңізге рақмет.