Біләл МАЛДЫБАЙҰЛЫ: Алысты жақындататын, ауырды жеңілдететін қасиеті зор, биік нәрсе-оқу
- авторОймақ
- 25 қазан, 2024
- 145
Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла жұмыс істеген. Ел тарихындағы осындай белесті асулардың бірі һәм бірегейі – Алаш қозғалысы. Алаш қозғалысы Отан тарихының негізгі құрамдас бөлігі. Қозғалыстың тарихы мен тағылымы тарихи деректер негізінде уақыт өткен сайын айқындалып та келеді. Бұл қозғалыс кең-байтақ қазақ даласын азаттық идеясына жұмылдырды. Алаш қайраткерлері ұлтты ұлт ететін іргелі шаруаларды бастады. Ел тарихындағы ұлы қозғалыстың басталуы қазақ оқығандарының басы бір орталыққа жиналуымен жүзеге асты. Уақыт өткен сайын патшалық билік қазақ және өзге де ұлт өкілдерінің аймақтарын отарлаудың түрлі әдістерін ойлап тапты.
ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысының бел ортасында жүрген қайраткерлер саналы ғұмырын қазақ халқының азаттық алуына, еркін ел болуына арнады. Соңғы демі қалғанша сол мақсат жолында күресті. “Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі” үшін деп қызмет еткен сондай тұлғалардың бірі-Біләл Малдыбайұлы.
Біләл Малдыбайұлы (негізі тарихи деректерде Малдыбаев деп берілген) Алаш ұранды қозғалыстың мүшесі, азаттық идеясын дәріптеген азамат. Бірақ, тұлғаның есімі, еңбегі мен қоғамдық-саяси қызметі зерттеліп, ғылыми айналымға түспеген. Тұлға туралы жазылған еңбек санаулы ғана. Біләл Малдыбайұлының өз заманында атқарған іс-әрекеті, азаттық идеясының жаршысы бола білгендігі, Алаш жастарының басылымын ұйымдастырғаны. Қызылжар қаласында қазақ комитетін құрғаны, оқу-ағарту саласында өнімді еңбек еткені, медицина ғылымына қатысты аса маңызды ғылыми еңбектерді асқан шеберлікпен аударғаны, ұлт тарихындағы елеулі іс. Қай істе болсын ұлттық рухы басым тұратын Алаш азаматы заманында есімі елге кең тараған ағартушы, аудармашы, әдебиетші, публицист, фельдшер болған. Елінің еркіндігін, бостандығын аңсаған ерлермен бірге «Алаш» деп бар қазаққа ұран тастаған. Әрқашан ұлттық сананы ту етіп көтерген. Білімі мен біліктілігінің арқасында елді жақсылыққа бастап, көш тізгінін қолға алған. Халық ағарту саласын дамытқан. Мектеп салдырған. Аударма саласына да үлес қосып, баспасөз бетінде де, өз есімін қалдырған.
Біләл Малдыбайұлын зертеп, бүгінгі ұрпаққа таныту мақсатында осы күнгі алашшыл азаматтар Айтмағамбет Дауылбайұлы, Ерсін Ерғали және жас ғалым Елдос Тоқтарбайлар ерекше үлес қосып келеді.
Біләл Малдыбайұлы 1890 жылы қазіргі территориялық бөлініс бойынша Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Қаратал ауылында дүниеге келген. Руы-Арғын. Оның ішінде Атығайдан тарайды. Жеті атасы: Есіркеп, Ешкене, Шаншар, Шыңғыс, Төлек, Малдыбай, Біләл. Біләлдан төрт ұл: Сұлтанбек, Қорғанбек, Шауқатбек, Сейілбек. Алаш қайраткерлері Біләл Малдыбайұлының өмірбаяны Ирмовка орталық мектебінің директоры болып жүрген кезде жазған өмірбаянымен салыстыра отырып, нақты деректермен жазылып жүр. Ерден Нұрахмет “Алаш арысы – Біләл Малдыбайұлы” атты кітабында құжаттың көшірмесі қазіргі таңда Айтмағамбет Дауылбайұлының үйінде сақтаулы деп көрсетілген. Өмірбаян орыс тілінде жазылған.
Сондай-ақ, Біләл туралы «Алаш. Алашорда» атты энциклопедияда мынадай қысқаша мәлімет берілген:“Малдыбаев Біләл – Алаш қозғалысының белсенді мүшесі. Петропавл Қазақ ұлттық комитетінің төрағасы болған. Қызылжар уезінде “Талап” жастар қауымының төрағасы болып, мәдени-ағартушылық жұмыстармен қатар әлеумет істеріне басшылық жасаған. “Жаңа заман” журналын шығарып, редакторы болған” делінген.
Алаш қайраткері өз қолымен жазған өмірбаянында 1901 жылдан бастап молданың алдын көргенін, ауыл молдасы Мұқағали Сәдуақасовтан, ұлты татар Шернияздан, сосын Шәкір деген молдалардан дәріс алғанын айта келіп былай деп жазады: «1905 жылы біздің ауылда менің ауылдасым еңбек демалысына шыққан медицина фельдшері Темірбеков Құсайын Қазақ халық ағарту министрлігінің балаларын орыс тіліне оқыту үшін ауыл мектебін ашты. Менің әкем мектеп ашылғанына қатты қуанып, мені бірден осы мектепке оқуға берді. 1908 жылы мен осы мектепті оқып бітірдім. Менің оқудағы үздік жетістіктеріме қатты риза болды. Ұстазым Темірбеков Құсайын әр кез маған қандай болса да көмек беруге тырысатын” дейді. [1]
Өмірбаянда Құсайынның көмегімен Атбасарда, содан кейін Омбыда Фельдшерлік мектепте білім алды. 1912 жылы Омбыдағы фельдшерлік мектепті үздік тәмамдап, Атбасар уезіндегі Маринское селосына қызметке орналасқандығы баяндалады. 1917 жылы Көкшетау өңіріндегі Өлентіде Ақмола уезі мен Петропавл уезінің Полтавское селосында дәрігерлік қызметін адал атқарады. Орталық Мемлекеттік архивте Біләлдің Фельдшерлік қызмет атқарғанын растайтын деректер де кездесті. Онда Біләл Малдыбайұлының 1912 жылы Өлентіге қызметке орналасқаны, Омбыдағы фельдшерлік мектепті бітіргені, жалақысы 480 рубль, жол шығыны үшін қосымша 50 рубль берілетінін де жазған. Ақпан төңкерісінен кейін Қазақ ұлттық комитетінің мүшесі болып сайланады. Сол кезден бастап фельдшер қызметін аяқтайды.
Алаш арысының өмірлік жолында зор ықпалын тигізген – ұстазы Құсайын Темірбекұлы. Ол қазақтың оқыған азаматы, фельдшер, ағартушы. Біләл Малдыбайұлынан басқа біршама шәкірті бар. Атап айтқанда, Жұмағали Тілеуұлы, Шахмет Құсайынов, Жаппас Баиғожин, Хамза Мақымов, Фәләқ Әбілғазин. Комитет тарағаннан кейін білім беру бөліміне қызметке ауысып, соңғы демі таусылғанша халық ағарту ісінде еңбек етеді. Ақпан төңкерісінен кейін Біләл Малдыбайұлының білім беру саласына келуін Алаш зиялылары Әлихан Бөкейхан, Мұхамеджан Тынышпайұлы, Мұстафа Шоқай жүзеге асырды. Осы үш алып тұлға Қазақ мемлекеттілігінің қазіргі тілмен айтқанда кадр мәселесін айқындады. Ұсыныс бойынша: “Уақытша үкіметтің жергілікті органдарының әр түрлі дәрежедегі басқару жүйесінің шенеуніктері болып Ахмет Бірімжанов, Ғалиасқар Қуанышев, Балға Құрметов, Біләл Малдыбаев, Ахмет Кенесарин, Айдархан Тұрлыбаев, Мұхтар Саматов және басқалар тағайындалды».
Біләл Малдыбайұлының ағарту саласындағы еңбек жолы Кеңес билігінің бұйрығымен жаңадан ұйымдастырылған халықтық білім беру бөліміне мектептен тыс инспектор лауазымына тағайындалды. [2]
Бұдан кейін:
1. 1920 жылдың күзінде аз ұлттардың халықтық білім беру бөлімінің меңгерушісі.
2. 1921 жылдың қатарынан Көкшетау уезінің қырғыз-татар мектептерінің нұсқаушысы.
3. 1924 жылдың ақпанынан халықтық білім беру инспекторы болып қызмет етті.
Біләл Малдыбайұлының өз қолымен толтырған жеке іс-қағазында Малдыбайұлы өзіне қатысты барлық сұрақтарға жауап жазған. Туған жылы, қайда білім алды, қайда қызмет атқарды, отбасы мүшелері деген секілді сауалдарға жауап береді. Құжат Ақмола облыстық архивінен табылды. 1925 жылы 15 маусым күні толтырылған. [3] Сонымен қатар Біләл Малдыбайұлының ұсынысымен Көкшетау қаласында балалар үйі мен Луначарский атындағы қазақ-татар клубы ашылған. Ақмола облысындағы архив құжаттары 1921 жылы Біләлдің ағарту саласында қызмет атқарғанын растайды. «Халыққа білім беру бөлімінің Көкшетау уезі бойынша мектептегі қызметкерлер тізімі»
Біз жоғарыда Біләлдің 1920 жылдың күзінде аз ұлттардың халықтық білім беру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғаны туралы Ақмола облыстық архивіндегі құжаттар растайды. «Көкшетау уезіндегі мектеп жұмысшыларының жеке құрамы жеке карталары» деген құжатта Біләлдің аты-жөні және лауазымы бірінші болып жазылған. Сонымен қатар осы уақытта Біләл Малдыбайұлымен бірге Көкшетаулық Сейітбаттал Мұстафаұлы, Шоқан Уәлихановтың немере інісі Ыдырыс Уәлиханов, Көкшетау қаласының тұңғыш мұғалімдерінің бірі Нұрмұхаммед Көшімов қызмет атқарған. Бұдан кейін Біләл Малдыбайұлы Қызылорда қаласында 1925 жылы күзде Қазақстан Халық ағарту бөлімінің шақыруымен Республиканың халық ағарту жүйесінде мектептер ісінің меңгерушісі болып тағайындалады. Сонымен қатар 1920-30 жылдары Ақмола губерниялық кеңестер сьезіне, Қызылжар, Алматы қалаларында өткен өзге де алқалы жиындар мен басқосуларға қатысады. Сол тұста облыстық, республикалық баспасөзде оқу-ағарту мәселелерін қозғайтын мақалаларын жариялап тұрды.
Біләл Малдыбайұлы қазіргі Айыртау ауданындағы Қаратал ауылында мектеп салды. Біләлді атақты еткен Тереңкөл жағасындағы жартасқа салынған екі қабатты мектеп ғимараты. Мектептің болғандығын сонда оқығанАйтмағамбет Дауылбайұлы растады. 1927 жылы ауылда мереке өтіп, жеті жылдық мектеп пайдалануға берілді. Думанның тойына атақты Үкілі Ыбырайдың өзі келіп, ән айтты. Мектеп құрылысының арқасында Тереңкөл жағасында 9 киіз үй тігілді. Сондай-ақ той 75 тұлпардың 35 шақырымдық бәйгесі, палуан, күппар, теңге ілу, тағы басқа ұлттық ойындарға ұласқаны туралы деректер бар.[4]
Мектепті салуға «Липат екі шаппайды» дейтін Лаврентий Плотников, Қараталдан Сейітбаттал Сүлейменов, Біләл Малдыбайұлының туған ағасы Нұғыман Малдыбайұлы бастаған ауыл адамдары және көрші Балапан ауылынан төрт орыс шебері жұмылдырылған екен. Ал қажетті құрылыс материалдарын Имантау станицасындағы кәмпескеленген кулактың үлкен үйін бұзып, ағаштарын ауыл адамдары арбамен Қараталға тасып жеткізді. 16 кабинеті болған мектеп «аймақаралық мектеп» дәрежесінде кызмет етіп, ауылдың балаларымен қатар көрші және алыстағы Балуан, Социал, Өрнек ауылдарынан да шәкірттеркеліп оқыған. Біләл алғашында өзі салдырған мектепте директор кызметін атқарды. Алаштың оқыған азаматтары Нұржан Әуелбеков, Едірес Жахин, Сейфи Сейітбеков, Молдасын Имантаев, Нұрмұхамбет Рахымов, Асқар Жұмабеков, Мерғасым Салықов сынды ұстаздармен бірге енбек етті. Бұл мектептен қоғам қайраткері Еркін Әуелбеков, ақын-жазушылар Мамантай Есентаев, Жұмабаев Есекеев, Табылды Кенжетаевтар білім алған. [5]
Біләл мектебінде 1952-1956 жылдары ұстаздық еткен, Алаш қайраткері Жұмағали Тілеулиннің немере қарындасы Ләйлә Сәпиқызы жергілікті «Айыртау таңы» газетіне: «Екі қабатты мектепті осы елдің тумасы Біләл Малдыбаев салдырған. Мектеп сол кезде Айыртау өңіріндегі ірі білім ошақтарының бірі болды.
Ғимарат өте әсем, кластары жылы, жарық, пионерлер комнатасы, жиналыс өтетін, концерт қоятын үлкен залы болатын. Мектеп директоры Жанкөш Боранбаев, оқу ісінің меңгерушісі Жанғали Құлышев болды. Ол кісілер мұғалімдерге, оқушыларға дауыстарын көтермей, ақылдарын айтып, көмектесіп отыратын», - деп жазған екен. Ел аузында 1929 жылы Қаратал өңіріне ұжымшар ұйымдастыру мақсатымен жіберілген сол кездегі Айыртау ауданының ОГПУ басшысы Жұмабек Шаяхметов 1927 жылы Біләл Малдыбайұлы ашқан екі қабатты ауыл мектебіне сүйсіне қарап, тамсанып кеткен деген әңгіме де бар. Ол кезде мұндай мектеп аудан орталығы Володаровка селосында да болмаған. Біләлдің мектеп салдырғаны туралы Көкше-Қызылжар өңірінің тарихи тұлғалары туралы деректер жинастырып, бірнеше кітап жазған Қайролла Мұқанов «Жумагали Тлеулин - деятель «Алаш-Орды» деген еңбегінде мынадай мәлімет береді: «Билал Малдыбаев земляк Жумагали, в 1927 г. построил в ауле Каратал двухэтажную деревянную школу. Позже в этой уже восьмилетней школе работала Лайла Сапиевна Тлеулина вместе с мужем Бопи Калганбаевым»
Осы тұста бір қынжылатын жағдай, сәулетті ғимарат тоқырау заманында 1967 жылы біліксіз басшылардың салдарынан ескіріп, тозығы жетті деген сылтаулармен бұзылып, материалдарын мал фермаларын салуға пайдаланғаны. «Біләл мектебін» бұзған сол кездегі құрылысшылар мектептің мықты салынғанын, қырық жыл бойы жаксы сақталғанын айтқан деседі.
Тарихи маңызы бар мектеп осылайша шолақойлап, келте пішушілердің кесірінен күл-талқан етіліп, жер бетінен жойылып кетті...
Біләлдің шығармашылық мұрасы туралы Қамзабекұлы Д. 1920-1929 жылдар аралығын алаштық сипаттағы инерциялы ағартушылық шағыдеп белгіледік . Өйткені бұл уақытта саяси саладағы да, рухани саладағы да ізденістер бұрынғы сарынмен жүре берді», - деп жазады.
Осы тұста «алашшыл руханияттың қапталында» еңбек еткен азаматтар қатарында Біләл Малдыбайұлы да бар. Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы: «Біз Біләл Малдыбайлұлының Қызылордадағы жылдары да жемісті болып, халыққа қажет, пайдалы біршама кітаптар шығарды. Сондай еңбектерінің бірі 1929 жылы Қызылжар қаласында басылған жана әліпбимен (латын) тілашарлық «Әліппе» кітабы. Болашақта еліміздегі архивтер мен кітапхана қорынан Біләл жиған - терген мол мұра жазылған ескі дәптер табылуы бек мүмкін. Себебі, ол халық фольклорын жинақтап, Қазақстан НКП келісім шарты бойынша табыс еткен екен. Сонымен қатар қаламгердің «Сүтқореқтілер зоологиясы» деген қолжазбасы да әлі күнге дейін табылмай отыр. [6]
Алаштанушы Елдос Тоқтарбай Біләл Малдыбайұлының аударма еңбектері туралы окырман қауымға мынадай мәлімет береді: «Дәрігер, педагог, қайраткер Біләл Малдыбайұлы доктор С.Е. Незлиннің «Құрт ауруы» (Мәскеу, 1927 жыл), доктор Горбовтың «Денсаулық негізі- тазалық» (Мәскеу, 1926 жыл), доктор Шанстың«Безгек» (Мәскеу, 1927 жыл), доктор Б. Проннердің «Жегі аурулары» (Мәскеу, 1927 жыл) кітаптарын аударып, оқырман назарына ұсынған» Біләлдің бұл еңбектері заманында таптырмайтын және өте қажет кітаптар болған.[7] Орыс ғалымдарының кітаптарын ана тілімізге түсінікті әрі оқуға жеңіл, қарапайым түрде аударған. Оқырман қауымға ұғынықты мысалдармен берілген кітаптар қайта - қайта мыңдаған таралыммен басылған. Сонымен қатар Мәскеудің «Күншығыс баспасынан» шыққан алғашқы қазақ кітаптарын таратуға белсенділік танытып, Көкшетаудағы тұрақты таратушысы болған. Біләл Малдыбайұлының «Құрт ауруы» атты медициналық аударма еңбегіне Әлихан Бөкейхан сын жазған болатын. Ол сын «Жаңа мектеп» журналының 1927 жылғы №3-4 санында жарияланған. Онда : «Осы күнгі денсаулықты баққан білім: құрт аурудан тәні таза адам жоқдеп иман келтіріп отыр. Тамағы тоқ, тәні таза, көңілі шат болса, құрт аурудың құрты бұғып жүре береді де адамды ауыртпайды. Жыл ауып кетсе қаптағы біздей тесіп шыға келеді. Осы күнгі біздің елді аралаған дәрігердің бәрі қазақтың бәрі күрт деп келеді. Бұны өзге сөзге аударса бұ қазақтың бәрі аш, лас деген болады. Өткен Ұлы қырғын соғыста 4 жылда орыстан 1 700 000 кісі соғыста өлді. Сол төрт жылда 2 000 000 кісі құрттан өлді. Құрт ауруы жұққыш. Аш, нас адамның ажалы. Бұ кітапта құрт ауруы туралы білім жазылған. Тілі анык, түсінікті. Хат білетін қазақ кітапты жаттап алса құрттан құтылуға шара табылады», - деп жазған. Әлиханның бұл сыны Біләл аударған кітаптың маңыздылығы жоғары екенін айқындап тұр. Әлихан баспадан шыққан бұдан өзге деқазақша жұқпалы аурулар туралы кітаптарға сын беріп, алғы сөз жазған. Мысалы, Жұмағали Тілеуліұлының «Көз ауруы - трахома» (1924), Тұрағұл Абайұлының «Жұқпалы ауруды ұсақ жануарлар таратады» (1927) кітаптарына басқарма атынан алғы сөз, сын жазған. Қазақ халқына қажетті тіл, әдебиет, тарих, медицина, жаратылыстану ғылымы салалары, көркем әдебиет пен аударма кітаптары сол кезде Мәскеудегі «Күншығыс» (Шығыс халықтарының Орталық баспасы) баспасынан басылып шыққан болатын. Бұл баспадан көптеген алаш каламгерлерінің авторлық кітаптары мен аударма еңбектері жарық көрген. Атап айтар болсақ, баскарма төрағасы Нәзір Төреқұлұлы, Тұрағұл Абайұлы, Жұмағали Тілеулин, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Мамытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Әлі Кемелұлы, Бектасов, Ыбыраш, Әбділда, Қ. Ақбердіұлы, Мескейұлы, Әкім, Міржақып, Байтасұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Есбол Мырзағазыұлы, Аббас Нұрымұлы, Ибат Игенұлы, Ғаббас Тоғжанов, Даниял Ысқақұлы, Бейсембай Кенжебайұлы, Сұлтан Лепесұлы, Хамит, Даку, Жебеш, Ахмет Баржақсыұлы, Қапаұлы, Ғ. Мырзағазыұлы, Е. Ахметұлы, Қапаш, Бейімбет Майлыұлы, Жүсіпбек Басқараұлыларымен бірге Біләл Малдыбайұлының да еңбектері үздіксіз шығып тұрды.
«Күншығыс» баспасы туралы қысқаша мәлімет бере кетейін. Халық арасында «Күншығыс» баспасы атанып кеткен бұл баспа қазақша ресми «КСРО халыктары кіндік баспасының қазақ - қырғыз бөлімі» деп аталады. Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат, үлкен кайраткер Нәзір Төреқұлұлы басшылық жасаған бұл баспада 1922-1927 жылдары Мәскеудегі саяси тұтқын ӘлиханБөкейхан да кызмет аткарған. Мәскеудегі Көркем әдебиет институтында окыған жылдары отты ақын Мағжан да баспа жұмысына белсене араласкан. Баспадан кітап тиражы ең аз дегенде 2000 данамен, ең көбі 36 000 данамен басылған. Алтайдан Астраханға дейінгі казак даласына таралған. Кітаптың бағасы да қол жетімді болған. Ең арзаны 2 тиын болса, ең кымбаты 1 сом 20 тиын болған.
Біләл әдеби туындыларды да ана тілімізде сөйлеткен тұлға Гомердің «Иллиада» мен «Одиссея» атты шығармаларын аударған. Бұл туралы Мұсахан Қанапиянұлының «Ұстаз» атты кітабында Әсия Тілегенова: «ол отызыншы жылдары Гомердің «Иллиадасы» мен «Одиссеясын» қазақша аударған» деп жазады. Бірақ та - бұл туындылары әлі күнге дейін табылмай отыр. Сонымен қатар Сәбит Мұқановтың «Адасқандар» атты романын Олег Фрелихпен бірігіп орыс тіліне аударған. 1935 жылы Мәскеудегі «Көркем әдебиет» баспасынан «Сын бая» деген атпен жарық көрген романның қолжазбасы мен алғашқы сүйінші данасы қазіргі таңда Маскеудегі Орталық Мемлекеттік Әдебиет және өнер архивінің қорында сақтаулы тұр. Біләлдің аударма еңбектерімен қатар өзі жазған төлтума дүниелері де бар. Оған дәлел 1926 жылы Қызылорда қаласынан шыккан «Қазақстандағы жоғары, орта дәрежелі мектептер» деп аталатын кітабы. Кітап совет үкіметінің орнаған тұсындағы білім беру ұйымдарына арналып жазылған. Оқу - ағарту саласының басқармасында жүргенде жазған кітабы - «Еңбекші қазақ» газетінің арнаулы сериясымен шыққан үшінші кітап.
Біләл Малдыбайұлының аударма еңбектері ең алдымен аударма саласының тамаша үлгісі болып саналады. Мысалы, «кислород өте ұсақ құрт», «дезинфекция - дәрі сулармен аластау», «микроскоп қышқыл зат», «микроп ұсақ заттарды қарайтын құрал» деп медициналык атауларды оқырманға түсінікті әрі ұғынықты етіп аударған. Сонымен қатар қазіргі танда да Біләлдің аударма еңбектерінің маңызы жоғары.
1937 жылы 5 мамыр күні тұтқынға алынады. «КСРО-дағы саяси террор құрбандарының» базасында Біләл Малдыбайұлының анкетасы берілген. Соған назар аударсақ, тұтқындалғанға дейін казіргі Акмола облысы Біржан сал ауданы Степняк елді-мекенінде мектеп директоры қызметін атқарған екен. Тұтқынға алған: Солтүстік Қазақстан облысының УНКВД үштігі. КСРО Кылмыстық кодексінің 58-10, 58-7, 58-11 баптары бойынша кінәлі деп танылыпты. 58-10 бапты алып карайтын болсак, «Кеңес өкіметін құлатуға, бұзуға, элсіретуге немесе кейбір контрреволюциялық қылмыстар жасауға шакыруды қамтитын үгіт-насихат жүргізуге, сондай-ақ сол мазмұндағы әдебиеттерді таратуға немесе өндіруге атсалысты» деп жазылған. Және 58-11, 58-7 баптар да осы баппен ұқсас. 13 қыркүйек күш жазықсыздан жазықсыз ату жазасына кесілді. Қайраткер «Халық жауы» деп репрессияға ұшырағанда оның жары Калима Сұлтанбек, Шаулетбек, Сейітбек, Қорғанбек есімді балаларын алып, Шымкентке кешіп кеткен. Үкім 3 күннен кейін орындалып, 1937 жылы 16 қыркүйекте Қызылжар қаласында Біләл Малдыбайұлымен бірге Сейітбаттал Мұстафаұлы, Мұхаметжан Есжанов, Камел Кешубаев, Хайролла Хұсайынов, Ғалиасқар Қуанышев, Жанұзақ Жәнібековтер де атылған. Ату жазасына ұлтшылдылығы үшін кесілген.
Біләл Малдыбайұлының жазықсыздан-жазықсыз атылып кеткеніне өзегің өртенеді. Ол 1958 жылдын 27 желтоқсанында акталды. Алайда есімі көп жерде аталмай, күн өткен сайын елеусіз калып барады. Біртуар тұлғаны тек тарихшы, әдебиетші, өлкетанушылар ғана емес, күллі қазақ баласы білуі тиіс. Себебі, ол - бүгінгі қазақ елі үшін «халық жауы» емес, халық мақтанышы, мерейі.
2023 жылы Біләл Малдыбайұлының туғанына 133 жыл болды. Қазақтың біртуар биік тұлғалы азаматы Біләл Малдыбайұлының қазақ халқының болашағына сіңірген еңбегі зор. Кеңес өкіметінің азабы мен озбырлығына шдап, өмірінің соңында қудалауға ұшырады. Табандылығы мен сауаттылығына алғыс білдіргім келеді.Сол бір қаратүнек заманның өзінде теңдік, әділет, тәуелсіздік туын жоғары ұстап, халқымызды қазіргідей жаңа өмірге бастаған ел ардақтыларына әр уақытта тағзым етсек, есімдерін құрметпен еске сақтасақ, егемен мемлекетіміздің ертеңі жарқын болып, болашағы кемелдене түседі. Шын туайтынакелсек, зеттеу жұмысын бастағанда қолыма екі кітап түсті, бірі Ерден Нұрахметтің «Алаш арысы- Біләл Малдыбайұлы», екіншісі «Біләл Малдыбайұлы. Кенесары заманынан» атты еңбек.Қазіргі технологияның шарықтап тұрған заманында ғаламторда немесе жастар жиі отыратын әлеуметтік желілерде Алаш зиялыларының беймәлім есімдері туралы насихатталуы төмен. Оған қоса соңғы жылдарда не диссертациялықжұмыс корғалмады. Біләл Малдыбайұлы туралы санаулы ғана мақалаларды қоспасак, басқа ештене жоқ. Осыған қарамастан зерттеу жұмысымды алдағы уақытта кеңінен қарастырып, газет беттеріне шығарамын. Зерттеу жұмысымдағы ең басты мақсат халқының жанашыры болған азаматты таныту және жоғары айтқанымдай Біләл Малдыбайұлына одан басқа кейінгі жылдары зерттеліп жүрген жаңа есімдерге арнап, «ТАРИХ САХНАСЫНДА ЖАҢА ЕСІМДЕР» атты платформа дайындау.
Қазақтың маңдайына біткен ағартушы тұлғасы туралы көлемді дүниелер жазылуы болашақтың еншісінде...
Канатбек КУЯНБАЕВ
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.