Президент Чехияның сыртқы істер министрі Ян Липавскийді қабылдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясат ведомствосының басшысына ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Чехия арасында достық пен өзара құрметке құрылған көпжылдық әрі нәтижелі ынтымақтастық қалыптасқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы министрдің сапары екі ел арасындағы көпжақты қарым-қатынастың нығаюына тың серпін беретініне сенім білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан Еуропа Одағындағы маңызды серіктестерінің бірі саналатын Чехиямен тығыз ықпалдастық жасауға бейіл. Президент екі елдің сауда және инвестициялық байланыстарын одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар екеніне назар аударып, еліміздің чех инвесторларына алдағы уақытта да қолдау білдіруге дайын екенін айтты.
Ян Липавский кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдіріп, Чехия президенті Петр Павелдің Қасым-Жомарт Тоқаевты Прагаға ресми сапармен келуге шақырғанын сөз етті.
Чехия сыртқы істер министрі қарқынды экономикалық байланыстар қазақ-чех ынтымақтастығының негізі саналатынына назар аударды. Ян Липавский өнеркәсіп, «жасыл» даму талаптарына көшу және энергетика салаларын бірлескен жұмыстың басым бағыттары ретінде атап өтті.