Қоғам

Қарағанды облысында ауыр қылмыс жасауға қатысы бар алты қылмыстық топ ұсталды

Бопсалаудың 40-тан астам фактісі анықталып, жолы кесілген.

Ішкі істер министрлігі өңірлерде қылмыстық топтардың заңсыз әрекетінің жолын кесу бойынша жұмыс аясында Қарағанды облысында биыл ауыр қылмыс жасауға қатысы бар алты қылмыстық топ ұсталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Ulysmedia.kz сілтеме жасап. 

Бопсалаудың 40-тан астам фактісі анықталып, жолы кесілген. 

Полиция 15 қазанда Шахтинск қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жастар тобын ұстағанын хабарлады. Оның құрамына аралас жекпе-жек жаттықтырушысы кірген. Олар жергілікті тұрғындарды, сондай-ақ “Qarmet” АҚ қызметкерлерін бопсалаған.

Бұған дейін Теміртау, Саран, Абай қалаларында ауыр қылмыстарға, сонымен қатар “Qarmet” АҚ объектілерінен тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлауға және кәсіпорын қызметкерлерін бопсалауға қатысы бар басқа да қылмыстық топтардың қатысушылары ұсталған болатын.

– Осы фактілер бойынша ішкі істер органдарына барлығы 100-ден астам күдікті жеткізілді, олардың 39-ы қамауға алынды. 150-ге жуық тінту шаралары жүргізілді. Қару-жарақ пен оқ-дәрілер, сондай-ақ басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Ауыр қылмыстардың 16 эпизоды бойынша үш қылмыстық іс сотқа жіберілді. Криминалдық топтардың жолын кесу нәтижесінде өңірде 30-дан астам атыс және травматикалық қару, оқ-дәрілер тәркіленді. Өңірлерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда, – деген ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті өкілі Қуандық Алпыс.

Талғардағы төбелесте қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың ісін тергеу барысына байланысты өткен баспасөз мәслихатында ішкі істер вице-министрі Бауыржан Әленов Қазақстанда ұйымдасқын қылмыстық топ жоқ деп мәлімдеген. Талғардағы кісі өлімінен кейін қалайша Әленовтің қызметі өсті

“Қазақстанда заңдық тәптіп орнаған. Қазақстанның барлық тұрғыны осы тәртіпке бағынады деп ойлаймын. ҰҚТ, олардың есебі, ҰҚТ айналысатын тұлғалар деген жоқ” деген Бауыржан Әленов.