Жетісу облысында емхана медбикесі науқас зейнеткерлердің атынан несие алған
Жетісу облысында медбике жүріп-тұруы қиын қариялардың үйінде медициналық көмек көрсеткен. Артынша оларды алдап фотосуретке түсіріп несие рәсімдеген. Банкке 500 мыңнан бастап миллион теңгеге дейін қарыз болып қалған қарт кісілер сотқа жүгінді. Алайда медицина маманы сотталғанымен берешекті әлі өздері төлеп жатыр.
Мәліметтерге сенсек, бір шаңырақтағы қос қарияның мойнында қазір үш несие бар. Олардың атынан екі миллион теңгеге жуық кредитті ауруханадан үйге келіп ем-дом жүргізіп жүрген медбике рәсімдеген. Зейнеткерлердің айтуынша, медицина маманы олардың сеніміне кіріп үлгерген. Бір күні "жұмыс орныма сіздерге келгенімді дәлелдеуім" керек деп оларды суретке түсіріп алып, тауарлық несие алған екен.
"Үйде екеуміз тұрамыз. Балалар жан жаққа жан бағу үшін жұмыс істеуге кетті. Қанша жоқтық көрсек те кредиттің шетіне барып 500 теңге алып көрмегенбіз. Мынау сұмдық екен", – деді зейнеткер Ғайни Жолаушыбай.
Аурухана қызметкерінің кесірінен қарызға батып отырған он шақты адам бар. Медбике олардың суреттері мен жеке деректерін біріне тегін дәрі алып беремін, біріне медициналық сақтандыруға керек деп қолға түсіріпті. Әрқайсысына 500 мыңнан бастап миллион теңгеге дейін несие рәсімдеген.
"Өзім онкологиямен ауырамын. Екі балам қайтыс болған. Осы үйде жесір келінім мен жетім балаларым бар. Ештеңем жоқ. Маған кредитке 500 мың теңге алып кетіпті. 40 мың теңге кредит маған күнде келеді. Сонда мен қалай несие рәсімдеймін? Сот қалай үкім шығарып отыр?" – деді зейнеткер Мүнира Қаташ.
Сотта 41 жастағы келіншектің алаяқтық жасағаны дәлелденіп, оған үш жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Сондай-ақ зардап шеккендердің материалдық шығыны 7 миллион теңгені өтеу міндеттелген. Алайда сотталушы қазір жұмыссыз әрі атында еш дүние-мүлкі жоқ екен. Жәбірленуші тарап сот шешімінің бізге пайдасы шамалы дейді. Өйткені, барлығы әлі банк алдындағы қарызды төлеп отыр.
Заңгер Арман Сләмжанұлы соттың үкімі негізінде азаматтық талап қоя алатанынын айтты.
"Ол азаматтық талапты не деп қояды? Яғни аталған келісімшарттардың күшін жою туралы өтініш жаза алады. Сонымен қатар шығындарды өтеу туралы талап-арыз қоя алады. Әрине ол кісілер мемлекет тарапынан берілетін адвокаттарға жүгіне алады", – деді заңгер.
Заңгерлер сотқа банк пен алданған адамдардың арасындағы келісімшарттың күшін жою туралы арыз берілмегендіктен мәселе шешілмей қалғанын айтады. Ол жәбірленуші тарап зейнеткерлер мен мүгедек жандар екені ескерілуге тиіс деп отыр. Сондықтан облыстық сотқа аппеляциялық шағымның мерзімін қалпына келтіру туралы арыз жазып, оң шешім болған жағдайда ары қарай әділдік іздеуге болады дейді мамандар.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда полицейлер мен банк қызметкерлері зейнеткерді тоқтатып, оның телефон арқылы алаяқпен сөйлескеніне сендіруге тырысты. Алайда егде жастағы тұрғын оларға сенбей, қомақты қаржыны алаяқтарға аударып жіберген. Полиция департаментінің дерегінше, 78 жастағы әйел телефон соққан алаяққа сеніп, 750 мың теңге аударған.