"Тар жол-тайғақ кешу" – қазақтың тұңғыш энциклопедиясы
Биыл – Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл
Алаш азаматтарының ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің түрлі жанрдағы шығармалары мен өнімді еңбектеріне бір арнадан қарауға болмайды. Тың туындыларының барлығы өзі өмір сүрген кездің шынайы көріністерін сипаттайды. Ғұмыры Алаштың азаттық алуы жолындағы күреске толы. Бүгінгі ұрпақ жазушыны әдебиеттегі шығармалардың авторы деп қана тануы мүмкін, ал қазір біздің Алаш атын мақтанышпен айтып жүруімізге өз үлесін қосқанын әсте естен шығаруға болмайды. Осы орайда біз ұзақ ғұмырын сәкентануға арнаған ғалым, қазақтың көрнекті қайраткері Тұрсынбек Кәкішевтің жұбайы, белгілі ғалым Күләш Ахметовамен сұхбаттасқан едік.
– Биыл – Сәкен Сейфуллиннің мерейлі мерекесі, яғни 130 жылдығы. Сәкентануға өлшеусіз үлес қосқан жанның бірі – Тұрсынбек Кәкішев. Тұрсынбек аға зерттей алмаған, жалпы Сәкен Сейфуллиннің күні бүгінге дейін ашылмай қалған тұстары бар ма?
– Әрине, бар. Зерттеу деген ғылымға еш уақытта нүкте қоймайды. Оның үстіне, Сәкен Сейфуллиннің мұрасы халық ауыз әдебиетінен басталады. Оның қайраткер, жазушы, ақын, публицист, тіпті қазақтың ұлы перзенті ретінде, одан бөлек композитор, қазақтың мәдениетіне сіңірген еңбегі, қазақтың мың әнін шығаруға жасаған қолғабысы, «Еңбекші қазақ» газетінің бас редакторы ретіндегі де еңбегі ұшан-теңіз. Сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішев мұның барлығын жиып-теріп берді. Халық сәкентанушыларды Абайды зерттеушілерден кейін екінші орынға қойды. Бұл дегеніміз – сәкентанушылар Сәкенді бүге-шігесіне дейін зерттеді, қара тырнағынан бастап, шашына дейін жақсы біледі деген сөз. Тіпті, Сәкеннің сотында тергеушілердің жүргізген ісін де қарап, сол жөнінде де жазды. Соның негізінде бас-аяғы 15-ке жуық кітап шығарды. Бірақ бұл Сәкенді бүге-шігесіне дейін зерттеген Тұрсынбек Кәкішевтің негізгі ғылыми жұмысы емес, сәкентанушының өзі «бұл – менің хоббиім» деп жазып қалдырған. Соны бүкіл институт болып, ғалымдар, зерттеушілер қосақталып та, жеке де зерттеп, пікір айтып жүретін болса, Тұрсынбек Кәкішев хобби ретінде болса, зерттеуге жалғыз өзі кірісіп кетті. Әрине, сәкентануда еңбек еткен басқа да ғалымдар жоқ деп айтуға болмайды. Мысалы, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов, Сәкеннің халық комиссарлар кеңесіндегі еңбегін өз алдына зерттеп, монографиясын шығарған подполковник Амантай Кәкен бар. Ол Сәкеннің құжаттарын, жұмыстарын зерттеуде зор еңбек сіңірді.
Сәкентанушылардың ішінде Тұрсынбек Кәкішевтің еңбегі ерекше. Бір Сәкен туралы кейбір кітаптар, мысалға «Сәкен сүйген сұлулар» Мұхтар Құл-Мұхамедтің өтініші бойынша жазылған. Кейін «Сәкен аялаған арулар» болып шықты. Содан кейін «Көкжиек-Горизонт» баспасы мектеп оқушыларына лайықтап шығарып жатыр. Бұл кітап үш рет шықты, кейбір кітаптары екі рет шықты. Орта Азия ғана емес, бүкіл түркі жұртына тарайтын «Жизнь замечательных людей» кітабы Сәкенге арналған тұңғыш кітабы болды. Егер Сәкен өзінің деңгейіндегі еңбегі болмаса, оны зерттеуші мың жерден мықты болса да, көп нәрсені ойынан қоспайтын еді. Осы күнге дейін Кәкішев зерттеулері барды бар етіп, бас-аяғын жинап шығарып берді. Бас-аяғын жинағанда, Сәкенді зерттеп қана қойған жоқ, оның бүкіл шығармаларын жинады. Мысалы, Сәкен 1957 жылы ақталды, 1964 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты оның алты томдығын шығарды. Оның 4, 5, 6-томдарын, яғни осы үш томын Тұрсекең жалғыз өзі құрастырды. Есмағанбет Ысмайылов бастаған Сәкенді зерттеу экспедициясына Тұрсынбек Кәкішев мүше болып қосылды. Содан кейін «Қызыл сұңқарлар», «Тамаша адамдар», кітабын, «Өнегелі өмір» сериясымен Сәкен Сейфуллиннің монографиясын шығарды. Тіпті, Сәкен мен Мағжанның арасындағы шығармашылық байланыстарын, олардың шығармашылық бәсекелестіктері жазылған «Сәкен-Мағжан» монографиясы шықты. Одан басқа, Сәкен өмірде үш рет үйленген кісі ғой, соның үшіншісі Гүлбаһрам Батырбекқызы жөнінде «Сәкен және Гүлбаһрам» деген кітап шықты. Сәкеннің тек қана Көкшетауға арнаған поэзияларын бөлек жинады. Сәкен жөнінде зерттеу монографиялар, «Тар жол, тайғақ кешу» кітабының тағдыры жөнінде еңбектер жазды. «Сәкен аялаған арулар» екі рет басылды.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 1964 алты томдығын шығарды дедік қой, 1980-1984 жылдары оны бес томға дейін қысқартты. Тұрсекеңе «Қазығұрт» баспасының бас редакторы Темірғали Көпбаев келіп, «Ертең сіз кеткеннен кейін Сәкенді сіз сияқты зерттейтін адам бола ма, болмай ма? Көзіңіз тірі кезінде Сәкен Сейфулиннің бүкіл шығармаларын жинасаңыз, өзім көптомдығын шығарар едім» дегенде, Сәкен шығармашылығын он үш том деңгейінде құрастырып, шығарып кетті. Сондықтан Тұрсынбек Кәкішевтің бұл еңбегі сәкентануға, қазақ әдебиетіндегі ғылыми зерттеу еңбектері арқылы мәдениетке де, ғылымға да қосқан үлесі десек болады.
– Жаңа Мағжан–Сәкен қатынасы туралы айтып қалдыңыз. Ал өмірде екі тұлғаның арасындағы бәсекелестік қалай болды?
– Екеуінің арасы – бір-ақ жас. Бірінші Сәкен Омбыдағы оқытушыларды даярлайтын семинарияға түседі, артынан Мағжан барып түседі. Жалпы, Алаш азаматтарының барлығы Сәкенге құрметпен қараған. Сәкен мен Мағжан арасында ешқандай дау болмаған. Мен айтар едім, егер біздің бүгінгі интеллигенциямыздың мәдениеті, бір-бірімен қарым-қатынасы ХХ ғасырдың басындағы Алаш азаматтарының бір-бірін қолдағандарындай жоғары болса, онда біздің қазақты іштен дау, сырттан жау алмас еді. Бізге бүгін жетпейтіні – интеллигенция мәдениеті. Омбы семинариясында оқыған Мағжан ол кезде өлеңдері жинақ боп шыққан, ақын болып қалыптасқан, ал Сәкеннің біршама жасы үлкен, ол да ақын болып танылған кезі. Бұлардың арасында айырмашылық көрініп тұрды. Сол кезде Міржақып Дулатов үйленеді де, Омбыда тойын жасайды. Тойына Сәкенді де, Мағжанды да шақырады. Сол тойды екеуі бірге тойлайды. Бірақ осы тойда Міржақыптың балдызы Гүлшаһра оған дейін Мағжанмен достасып жүрген, Сәкенге көзі түседі. Бұл қыздардың, жастардың арасында қай кезде де болатын оқиға ғой. Оның үстіне, Сәкенмен достасып жүріп, ол ұйымдастырған, кішігірім ойын-сауық құратын ұйымына Гүлшаһра келіп, қатысып жүреді. Ал бұл Мағжанға ұнай ма? Ұнамайды. Мағжанның реніші осыдан басталған шығар. Енді шығармашылық бәсекеде деп айтатын себебіміз, мысалы «Көкшетау» поэмасын Мағжан да, Сәкен де жазды. Сәкендікі де классика, Мағжанның «Көкшетауы» да классика. Міне, екі тұлғаның арасындағы шығармашылық бәсеке туралы кейінгі ұрпаққа дау болып қалмасын деген ниетпен Тұрсынбек Кәкішев үлкен монографиялық еңбек жазып кетті.
1936 жылы Мағжан «Алматыға барып, жазушылардың ортасында, ақын-жазушылардың арасында болсам» деп, сол кездегі Жазушылар одағының төрағасы Сәбит Мұқановқа хат жазады. Сәбит Мұқанов таңғы сағат төртте бірінші Алматыға келетін пойыздан Мағжан мен Зылиханы күтіп алады. Сонда Мағжанның Сәбит Мұқановқа амандық-саулықтан кейін бірінші айтқан сөзі: «Сәбит, Сәкеннің жолы оң болды, менің жолым теріс болды. Мен бірінші сәлемімді Сәкенге барып берейін» дейді. Араларында бет көріспестей, бітіспес дау болатын болса, «Сәлем берейін» дей ме? Сәбит бірден вокзалда тұрып, Сәкенге телефон соғады. Сәкен сөзге келместен «үйге алып кел» дейді. Карл Маркс көшесінде үйі болған. Сонда Сәкен Гүлбаһрамға «Мағаң келе жатыр, сыйлы қонақ келе жатыр, қазан көтер» деп айтады. Сол сөйлескеннен бастап, әдемі киініп, галстугын тағынып, Мағжан есіктен кіргенше, ерсілі-қарсылы жүріп, тыным таппай кетіпті. Әйел адам эмоциямен тез жылайды, ал ер азаматтардың көзінен қай кезде жас шығады? Яғни, көңілдерінде қимастық болғанда, бірін-бірі түсінгенде, жақсы көргенде, сағынғанда шығады. Соны Гүлбаһрам апай Тұрсынбекке берген әңгімесінде айтады. «Екеуінің де иығы қозғалып, көңілдері босап тұрды. Екеуі біразға дейін құшақтасып, көрісті» дейді. Сол күні Сәкеннің үйінде қонады, әңгімелеседі, ертеңіне Сәбит Мұқанов пен Әбділда Тәжібаевтың үйінде қонақ болады. Сол кезде Алаш азаматтарының төрт көзі түгел, Алматының басында. Бірінші күні Мағжан «Сәкенге барайын» деді, қалған күндерінде оған Алаш азаматтары үйінде бір шай беруге жараған жоқ.
Мұхтар Әуезов бірде Мағжанмен көшеде кездесіп қалған кезінде «Мынаны талғажау қыла тұрыңыз» деп кішкене ақша береді. Бұл наурыз айы екен. Ал Мағжан желтоқсанда ұсталды. Соған дейін тоғыз ай Алматыда тұрды, осы үш үйден басқа оны ешкім қонаққа шақырмаған. Осындай азаматтардың арасында дау болды деген факт қайда? Оның үстіне, Сәкен қыркүйекте ұсталды.
Сәкен өз бөлмесінен Мағжанды ертіп алып, Мирзоянға барған кезде, Мирзоян оны жақсы қарсы алады. Мағжанға көмектесу қажет екенін, қазақ әдебиетіндегі айтулы тұлға екенін, қазақ әдебиетін өрге сүйрейтін ақындардың бірі екенін түсіндіргеннен кейін Мирзоян «қалай көмектесеміз?» дейді. Сонда Сәкен: «Әзірге пәтер мен қаржы жағы. Бірінші қаржы мәселесін шешейік. Орыс тілінен қазақшаға аударма еңбектер берейік. Сол еңбектің қаламақысын алдын ала алып беруге көмек жасасаңыз» дейді. Сол кезде «Литфондтың» бастығы Жаманқұловқа Мирзоян да, Сәбит Мұқанов та айтты. «Бірақ түрмеден келгені бар, халық жауы деген аты бар» деп, Мағжанға қаламақысын алдын ала бергісі келмеген. Ал Сәкен сонда дауласып тұрып, қолын қойдырып, қаламақысын алып берген. Ал енді осыдан кейін екеуінің араларында дау болды деп айтуға бола ма? Мағжанның қайраткерлігіне қарағанда, Сәкеннің қайраткерлігі әлдеқайда жоғары. Мағжан шын мәніндегі ақын, талантты ақын, ол шенеунік бола алмайды. Мағжан 1988 жылы ақталды, содан бері 36 жыл өтті. Осы жыл ішінде мағжантанушылар бірінің айтқанын бірі қайталаумен, «Мағжанды атқан кім?», «Ұстаған кім?» деген желсөздің төңірегінен шықпай келе жатыр. Әйтпесе, ендігі Мағжанның 35 жыл ішінде әлемдік аренаға шығатын кезі еді.
– Сәкен Сейфуллиннің жанында серіктері көп болған. Олардың арасында қуғын-сүргіннен аман қалғандары бар ма?
– Аман қалғандары болған. Сәкеннің алпыс жылдық, жетпіс, сексен жылдық мерейтойларында олар қатысты. Қаскей Өтеген деген жан жолдасы болған. Тұрсынбек Кәкішев айтатын: «Қаскей Сәкеннің жігітшілігін де жақсы білетін. Бірақ соңына дейін ашып айтқан жоқ». Кондратьев деген досы болған, Анненковтың вагонында бірге болған, бірге түрмеде қиындық көрген, кейін Сәкеннің алпыс жылдығы тұсында белсене кірісіп, оның кім екенін, қандай азамат екенін жетер жеріне дейін айтып, жеке пікірін білдіріп жүрген. Ал Сәкеннің дос таңдауы өте қызық болатын деген сөз бар. Бір етікші еврей досы болыпты. Бойы өте қысқа. Сол досымен Қызылорданың астана болған тұсында, сол қалада кешке жиі серуенге шыққанды жақсы көріпті. Етікшімен достығына өзінің жол-
дастары да таңғалыпты. Әдемі, сырбаз, сұлу Сәкен өзінің белінен келетін етікшімен әңгіме-дүкен құрып, күліп, рахаттанып, бірге серуендейді екен.
– Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы – әлі күнге дейін маңызын жоймаған, тарихи құнды деректердің бірі. Осы романның алғашқы түпнұсқасы сақталған ба?
– Сақталған. Ол біздің Ұлттық кітапханада да бар. Кітап алғаш рет араб әрпімен 1927 жылы Қызылордада Ахмет Байтұрсынұлының шифрымен жарыққа шыққан. Онда Сәкен Алаш азаматтарының барлығын достары ретінде суреттерін береді. Өзі Ахмет Байтұрсынұлының қасында отырған. Бірінші шыққан басылым мен соңғы 1936 жылы шыққан басылымдардың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Көркем шығармадағы тарихи шындық деген тақырыпта 1995 жылы кандидаттық диссертация қорғадым. Айтайын дегенім, «Тар жол, тайғақ кешуде» айтылатын Алаш азаматына қатысты тарихи фактілердің барлығын Сәкен «Қазақ» газеті мен «Сарыарқадан» алып отырған. Әрқайсысының уақытын, газеттің қай санынан алынғанын көрсетеді. Қазіргі «Тар жол, тайғақ кешуді» ең бірінші Сталинге домалақ арыз есебінде жазды дегеннің бәрі қиял. Мені өкіндіретіні – осындай өтірік, қате пікірлердің зерттеуші, ғалымдардың аузынан шығатыны. Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» Мұстафа Шоқай, Алаш азаматтары туралы айтылады. Оның үстіне, Шафиро мен Брайниннің «Алашорда» деген жинағында сол фактілердің барлығы Сәкен «Тар жол, тайғақ кешу» романында қалай айтса, сол күйінде сақталған, бас-аяғы жиналған құжат болды. Сондықтан бұл роман – ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының іс-әрекеті, көзқарастары жөнінде жазылған қазақтың тұңғыш энциклопедиясы.
– Тұрсынбек аға «Мені Сәкен рухына жетелеген – Гүлбаһрам» деп жазады. Гүлбаһрам апай халық жауының әйелі деп сотталып, АЛЖИР-де болды. Ғалым өз еңбектерінде Гүлбаһрам апай жайлы мәліметтер берді ме?
– Гүлбаһрам еш уақытта бірінші орынға өзін қоймаған, Сәкенді қойған. Сәкен үшін өмір сүрген. 1937 жылы қыркүйекте ұсталған Сәкенді 1957 жылы ақталғанға дейін 20 жыл бойы Мәскеудің сотына жүгініп, ақталуы үшін жүгірді. Сондықтан да өзінің АЛЖИР-дегі қиындықтарын жазбаған, оны баяндамаған, сұраған жағдайда да көрген қиыншылықтарын қиналып айтқан емес. Және «Сәкен үшін осындай қиындықтарды көрдім» деп өкінген де емес. Гүлбаһрам апайды көзбен көргендер оны мінезді болатын деп айтқан екен. Сол мінезімен Сәкенді бірінші орынға шығарғандықтан, өзі туралы көп айта бермеген.
– Сәкен Сейфуллиннің бүкіл шығармаларының библиографиялық көрсеткіші жасалды ма? Оны НКВД ұстап алып кеткеннен кейін, Гүлбаһрам апай шығармаларын қайтарып алған ба?
– Сәкенге халық жауы жаласы жабылғаннан кейін Гүлбаһрамды да түрмеге алып кеткен. Соның алдында Сәкеннің киімін, қаламын, тіпті әтіріне дейін алып, оларды қайнысы Мәжиттің үйіне қалдырып кеткен. Ал НКВД келіп, үйіне тінту жасап алып кеткен заттардың бір де бірі Гүлбаһрам апайға қайтарылмаған. Ең өкініштісі, Сәкеннің қолжазбалары, төрт альбом суреті кеткен, олардан басқа Сәкеннің жазған, жарық көрген, өзі пайдаланған, өзі оқыған кітаптарының барлығын алып кеткен. Оны Тұрсынбек Кәкішев іздеп барып, НКВД-дан (кейінгі МКҚ) сұраған. Бірақ бір қызметкердің айтқаны нақты жауап емес шығар: «Өзін аямағанда артынан қалған заттарын аяды деп ойлайсыз ба, ағасы?» деп жауап беріпті. Бірақ Тұрсекең ол сөзге сенген жоқ. Өмірден өткенге дейін Сәкеннің сол НКВД алған заттары, әсіресе қолжазбалары қайтарылса ғой деген мәселелерге алаңдап кетті.
– Кейінгі кезде Алаш зерттеушілері Сәкенді «қызыл коммунист» деп көзқарасын айыптап жатыр. Қазақ азаматтарын ақ пен қызылға бөлгеніміз дұрыс па?
– Біріншіден, Сәкен қай кезде бөлінді, революцияны, Кеңес үкіметін жақтады, соларды қоштады дегенге тоқталу керек. 1916 жылы Ресейдің мал санағы кезінде Сәкеннің қасына бір татар, қазақ жігітін қосып, елдің ортасына жібереді. Ел ортасында жүрген Сәкендер 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті естімейді. Елдің ортасындағы ауылдарда Ресейдің қара жұмысқа 19-23 жас аралығындағы солдаттарды тарту деген бұйрығына дүрлігіп жатқан халық Сәкендерден көмек сұрайды. Сондағы көмегі ауыл байларының тізімін құрудағы әділетсіздігі, пара беріп, 19 жасқа толмаған балаларды тізімге қосып, өз балаларын алып қалу еді. Осындай дау шыққан кезде Сәкен Ақмолада отырған қазақ ұйымдарына, Алаш азаматтарына осы дауды айтып, оның әділетсіздікпен шешіліп жатқаны туралы телеграмма жіберіп, көмек сұрайды. Оған Алаш азаматтары «Тізімді жасап жатқан – өзіміз сайлаған елдегі жауапты кісілер. Сондықтан олар жасаған тізімге сенеміз» деп жауап береді. Қазір біздің Алаш деп мақтанып айтып жүруімізге бірден-бір себеп болған – Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» романының жазылуы. Сәкен бұл романды 1920 жылдардан бастап жаза бастады. 1922-1924 жылдары «Қызыл Қазақстан» журналында романның үзінділері жарияланды. Бұл ХХ ғасырдың басындағы тарихи фактілер ұрпаққа жетсін деген мақсатта роман-эссе болып жарияланған кезге дейін Алаш деген сөз шыққан болатын. Ал Алаш азаматтарының жиналысы 1917 жылы шілдеде болды, ал бағдарламасы қараша айында «Қазақ» газетіне жарияланды. Сонда съездің программасы қайда? Алаштанушыларға Алаштың бірінші съезіне байланысты қоятын сұрағым да бар. Бірінші басылымда Алаш партиясының съезі демейді, «жалпықазақ жиналысы» дейді. Яғни, Сәкенге «Тар жол, тайғақ кешу» романын жазғаны үшін рахмет айту керек.
Сәкеннің Сталинге оқу мәселесі жөнінде хат жазғаны бар, ол хат сақталған. Мәскеуде де, Президент архивінде де бар, бірақ оны кейін кеңестік жүйе кезінде кейбіреулер өзгертіп, Алаш азаматтары ақталған кездегі жағдаймен тамсанып жазған қалпымен әлі отыр. Оны ары қарай зерттеп отырған жоқ. Жақында бір тарихшы-ғалым Сәкеннің архивін үш адам қарапты деп айтқан. Олар – Тұрсынбек Кәкішев, подполковник Амантай Кәкен, үшіншісі – зерттеуші. Сол зерттеуші Сәкеннің сотталу ісін, тергеуші ісін қарадым деп неге айтпайды? Яғни, Сәкеннің адалдығынан, одан ешқандай мін таппағандықтан айтпады.
– Тұрсынбек Кәкішевтің Сәкенді зерттеуде өкініші болды ма? Мүмкін, ғалымның бүгінге дейін қолы жетпей қалған құжаттары да болған шығар.
– Қолы жетпей қалған құжаты болған жоқ. Ол кісі Сәкеннің барлық құжаттарын шығарды, тек Сәкеннің үйіне жасаған тінту кезінде алып кеткен қолжазбаларын, альбомын, одан бөлек Сәкенге берілген қолжазбалар да бар, соларды қайтара алмағанына өкініші болды.
Тұрсынбек Кәкішев 13 томдықты шығаратын кезде бір шәкірті сұрапты: «Қайда бара жатырсыз, ағай?» деп. Сонда Тұрсекең: «Жалқау ұрпаққа дайындап кету мақсатында баспаға бара жатырмын» деген екен. Ол кісінің еңбегі еш кеткен жоқ. Ләйлә Мұхтарқызы: «Тұрсынбек, әкемнің шәкіртіміз дейтіндер көп, бірақ солардың бір де бірі сенің Сәкенге сіңірген еңбегіңдей еңбекті жасай алған жоқ», – деп көңілі толмағанын айтқан. Тұрсекең мен Сәкеннің мінездері, қайсарлығы, шыншылдығы, адалдығы ұқсас болатын. Егер Сәкеннің бойында Алаш азаматтарын ұстап беретін, айыптайтын қасиеті болса, Тұрсекең оның себептерін келтіре отырып, ашып айтатын еді. Жалпы, ХХ ғасырдың басында «қазақ балалары бірін-бірі ұстатты» дегенге сенбеймін. Себебі олар өте білімді, намысшыл, оның үстіне бірін-бірі өкпеге қиса да, өлімге қимаған жандар болды.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС, Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Aikyn.kz