Қоғам

Шымкентте қылмыстық топ мүшелері ұсталды

Ішкі істер министрлігі өңірлердегі қылмыстық топтардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесу бойынша кешенді жұмысты жалғастыруда

Ішкі істер министрлігі өңірлердегі қылмыстық топтардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесу бойынша кешенді жұмысты жалғастыруда, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жыл басынан бері Шымкентте ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға қатысы бар осындай 10-нан астам топ ұсталды.

8 қазанда Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жедел іс-шаралардың нәтижесінде ойын-сауық мекемелеріне қылмыстық қамқоршылық көрсеткен жастар тобын ұстады. Олардың бопсалауға, бұзақылыққа және қаруды заңсыз сақтауға қатысы болғаны туралы мәліметтер алынды.

11 қазанда Шымкент кәсіпкерлерін бопсалауға қатысы бар басқа қылмыстық топтың мүшелері ұсталды. Олар өздерінің қылмыстық қамқорлығы үшін үш миллион теңгеге дейін алған. Келіспеген жағдайда физикалық және моральдық қысым жасаған. Осы фактілер бойынша ішкі істер органдарына барлығы 35 фигурант жеткізілді, 100-ден астам тінту шаралары жүргізілді. Қару-жарақ пен оқ-дәрі тәркіленді.

– Айта кету керек, жыл басынан бері Шымкент қаласында қылмыстық топтардың жолын кесу барысында 30-дан астам атыс және травматикалық қару, оның ішінде бір Калашников автоматы, 15 шолақ мылтық, 11 тапанша, екі винчестер және мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Өңірлерде “заң және тәртіп” қағидатын қамтамасыз ету бойынша жұмыс ерекше бақылауда, – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.