бейсенбі, 21 қараша, 2024 13:07

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Лиза Пылаеваны қасақана өлтірді деген үш күдіктіні сот түгел ақтап шықты

Лиза Пылаеваны қасақана өлтірді деген үш күдіктіні сот түгел ақтап шықты
Фото: Stan.kz
Сот бұл үш адамның кінәсін дәлелдейтін айғақ жоқтың қасы деп тапқан.

Алматы соты тағы бір резонансты істің нүктесін қойды: осыдан 5 жыл бұрын жұмбақ жағдайда көз жұмған Лиза Пылаеваны қасақана өлтірді деген үш күдіктіні сот түгел ақтап шықты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап. 

Үш күдіктінің біреуі – Лизаның туған нағашы әжесі, екіншісі –  нағашы әпкесі, ал, үшінші күдікті – солардың үйінде жұмыс істеген бағбан адам.

Алматы соттарының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, сот бұл үш адамның кінәсін дәлелдейтін айғақ жоқтың қасы деп тапқан. 

Жалпы, Лизаның әке-шешесі ажырасқандықтан ол көбіне әкесінің қолында тұрып, анасының үйіне ара-тұра келіп жүретін көрінеді. 2019 жылы 12 мамыр күні анасы мен нағашы әжесінің үйінде жүргенде бала көз жұмған: үйдегі куәгерлердің бәрі бірауыздан «қыздың үстіне аулада тұрған мүсін құлап, қаза тапты» деген еді. Алайда, оның әкесі, қоғамдық ұйымдар мен қоғам белсенділері Лизаны нағашы әпкесі көлікпен басып кетіп, оның ізін жасыру үшін үйдегілер көліктегі қанды сүртіп, қыздың киімін ауыстырып, денесіндегі жарақаттарды жуып-шайып, оқиға орнына жедел-жәрдем шақырудың орнына, оны ауруханаға өздері апарған деп санаған. Ал нағашы әпкесінің бұл ісіне қызғаныш себеп деп көрсеткен.

Сот үш күдіктіге тағылған мына айыптарды дәлелсіз деп таныған:

Іс бойынша кісі өлтіру фактісін растайтын куәгерлер немесе басқа куәлар жоқ

Сотталушылар тергеуде де, сот талқылауында да өз кінәларын мойындамаған. Олардың бәрі қыз бала ауланың артқы жағында, мүсіннің астында ес-түссіз күйде жатты деп айтқан

Қызғаныштан кісі өлтіру себебі болжам және тергеуде дәлелденбеген

4 жыл бойы тергелетін іс бойынша жасалған бес сараптама қызды көлік қақпаған деген қорытынды шығарса, тек жеке сарапшы бала көліктің алдында отырса, осындай дене жарақатын алады деген қорытынды берген. Ал, бұл айыптаушылар айтып тұрған нұсқаға қайшы

Көліктен жол апатының немесе қыз баланың денесінің іздері табылған жоқ

Қыздың денесін ит тістеген, бұл баланың денесі ұзақ уақыт бойы көрінбейтін жерде жатқанын айғақтайды. Ал, айыптаушы тарап оқиға болған соң күдіктілер оның денесін лезде жуып-шайып, ауруханаға апарды деген болатын. Бұл – бір-біріне қарама-қайшы нұсқа.

«Осылайша, айыптаушы тарап жәбірленушінің өліміне көліктің соққысы себеп болғанын және оны күдікті басып кеткенін дәлелдейтін айғақтар ұсынған жоқ. Айыптау болжамға ғана негізделген, бұл негіз айыптау үкімін шығаруға аздық етеді. Сот күдікті Ольга Шмакованы (қыздың нағашы әпкесі), Леонарда Рыжакованы (қыздың нағашы әжесі) және Ухтам Махмұдовты (отбасының бағбаны) толық ақтап шығарды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады Алматы соттары.

Сот осы қылмысты жасаған адамдарды анықтау үшін іс материалдарын прокуратураға жолдаған.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар