Қоғам

Талғардағы жасөспірімнің өлімі: полиция бейнебақылау камерасына қатысты мәлімдеме жасады

Талғардағы жасөспірімнің өлімі: полиция бейнебақылау камерасына қатысты мәлімдеме жасады

Алматы облысының Полиция департаменті камераға түсіп қалған Талғардағы жанжалдың бейнежазбалары жойылды деген ақпаратты жоққа шығарды. «Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Талғар ауданындағы қайғылы оқиға болған жерден бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілді деген жалған ақпарат тарауда. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде барлық қолда бар бейнежазбалар полиция тарапынан тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелгенін хабарлаймыз», - деп атап өтті ведомстводан. Қазіргі уақытта тергеу барысында барлық бейнежазба зерттеліп, оқиғаға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. «Тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз және жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін екенін еске саламыз. Бейненің бар екені туралы ақпаратты растау ретінде постқа скриншот қоса беріледі», - делінген хабарламада. Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз. Кейін талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты. Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.