сейсенбі, 5 қараша, 2024 20:33

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

«Ертіс-Баян» I республикалық театр фестивалі өтті

«Ертіс-Баян» I республикалық театр фестивалі өтті
Фото: Oimaqnews.kz
Жуырда көрнекті Алаш қайраткері, жазушы, драматург Жүсіпбек Аймауытовтың туылғанына 135 жыл толуына орай «Ертіс-Баян» атты I Республикалық театр фестивалі болып өтті.

Кереку жеріндегі белгілі тұлғаның есімімен аталатын шығармашылық ордада өткен сайысқа «Қарагөз», «Ақан сері туралы аңыз», «Абай айтқан Еңлік – Кебек», «Күйеу бала», «Үлкен үй», «Қазақтың тойы бітпесін», «Ричард ІІІ», «Сәке-мәке», «Шинель», «Войцек», «Тартюф» спектакльдері ұсынылды.

Бәйге легін бастаған Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының «Ричард III» спектаклінің режиссері Сергей Левицкийдің шығармашылығымен Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында өткен жылы қойылған «Оптимистік трагедия» қойылымы арқылы таныспыз. Ол – драмалық шығарманың мазмұнынан гөрі өзінің шешімін тек белгілі бір форма арқылы жеткізетін режиссердің бірі.

Дегенмен өзіндік ойы мен ұстанымын көрерменге анық жеткізеді. Бұл қойылымында ол адамның ажалына немқұрайлы қарап, тірі жандардың адами құндылықтарын алға тартады. Режиссер спектакльдің ұзақтығын бір жарым сағатқа шақтап, У.Шекспирдің пьесасын ұтымды қысқарта білген. Ондағы кейбір оқиғалар сахна сыртында орын алады немесе актердің сөзімен баяндалып қана отырады. Сценография мен костюмде бірыңғай сұр мен қара түсті қолданып, кейіпкерлердің сұрқай өмірін сипаттайды. Ричардтың залым іс-әрекеттерін ақтап алғысы келгендей оның түсі мен қиялы арқылы бала кездегі махаббаттың жетіспеуін көрсетеді. Яғни, оны кішкентайынан ешкім сүймеген, тіпті туған анасы да. С.Левицкий мейірімсіз өскен бала өз заманының жауына айналары хақ дей  отырып, «бұл үрдіс жалғаса береді» деген ой тастаған. Алғашқы көріністегі сахна төрінде орын алған үлкен фотосуреттегі Ричардтың орнына басқа бір актер келіп орналасады. Бұл басты кейіпкердің өліп, оның орнына қызыққан тағы бір махаббатқа зәру, қоғам дерті өсіп келе жатыр дегенді меңзейді.

Ал, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының «Қарагөз» спектаклі – көпшілікке интрига жасамай қоймайтын Гүлназ Балпейсованың қазақ театрларындағы алғашқы туындыларының бірі. Көптеген қоғам және мәдениет қайраткерлерінің, ұлтшыл, отаншыл тұлғалардың бұл қойылымның режиссерлік шешімдерін қабылдай алмасы анық. Оның себебі, ұлттық классикалық туындыға тым заманауи шешімдердің қолданылуы. Десек те бұл – өнер. Сондықтан анау бұрыс шешім, мынау дұрыс шешім деген математикалық формулалар болмайды. Осылайша, режиссерді ақтай отырып, бізге түсініксіз тұстарын да жасырмай айта кеткеніміз жөн. Біріншіден, махаббат үштігіне құрылған спектакльде сол ғашықтық сезім көпшілікке жетпеді. Сырым мен Наршаның Қарагөзге деген ынтық сезімдері актерлік ойында көрінбеді. Сырымның махаббаты Қарагөзбен кездескен сәтте ғана байқалады, ал Нарша қыздан өзін мүлде алшақ ұстайды. Роль орындаушылардың сыртқы әрекеті мен ішкі сезімдері үйлеспей жатты. Актерлер арасындағы байланыс пен кейіпкерлердің мақсаттары айқындала түскенде бұл туынды қыз махаббаты туралы заманауи спектакльдердің үлгісі болады деп сенеміз.

Жиырма үшінші қыркүйек Астана театрларының күні болды. Алғашқысы – Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының «Ақан сері туралы аңыз» қойылымы. Мұнда режиссер Ұланмырза Қарыпбаев пен сахналық жүйе авторы Мирас Әбілдің көзқарасындағы Ақан бейнесіне куә болдық. Инсценировка Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» романы, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясы, т.б. шығармалар негізінде жасалған. Автор мен режиссердің негізгі айтар ойы жақындарын өлім жалмаған, сүйгенінен де, әкесінен де, бауырынан да айырған сұм тағдырға налыған ақын жанының айғайын көрсету болған. Алайда, ол мақсат орындалмады. Әртүрлі прозалық шығармалардан жиналған үзінділер бір арнаға тоғыса алмаған.

Драматургия заңындағы оқиғалық тізбектер мен кейіпкерлер арасындағы тартыс жоқ. Соның салдарынан екі сағаттық спектакль тым ұзақ болып көрінеді әрі көрерменді жалықтырады. Егер қойылым бастапқыдағы махаббат (Қадиша – Ақан – Бәтима) үштігіне ғана құрылғанда бұл туынды бірыңғай көркемдік тұтастық табар еді.  Оқиға барысындағы өлімнің көптігі соншалық трагедия емес, жұтқа айналғандай көрінеді. Алдымен жары Бәтима құсадан өледі, кейін сүйгені Қадиша күйеуінің қолынан қаза табады. Артынша бауыры көкбөрінің киесі ұрып қайтыс болады да, бұл қайғыға шыдамай әкесі де ажал құшады. Спектакльде Ақанның ақ тұлпары Құлагердің де қазасы көрсетілген. Бірақ бар жақындарынан айырылған ақынның қайғы шеңберін бір нүктеге жинай алмағандықтан, қойылымда шашыраңқы ойлар өте көп. Осы бір драматургиялық қателіктердің тасасында қалған актерлік ансамбльдің еңбегін айта кеткеніміз дұрыс болар. Спектакль барысында орындалатын ән мен билер көзге де, көңілге де ләззат сыйлайды. Ерекше әсер қалдырған Бәтима роліндегі Ақбота Макежанованың сахнадағы әдемі қозғалысы, өз кейіпкерін бар жан-тәнімен сезінуі көрермен көзіне жас ұялатты. Осы ролі үшін актриса қазылар алқасының шешімімен «Үздік әйел адам бейнесі» жүлдесін қанжығалады.

       Ал, Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» «Күйеу бала» спектаклін ұсынды. Заманауи драматургтердің бірі Жәнібек Әлікеннің пьесасындағы шашыраңқы ойлар мен оқиғалар тізбегі бұл спектакльде қисынды шыққан екен. Режиссер Дәурен Серғазин ауыл өмірінің трагедиясын да, комедиясын да бір туындыға сыйдыра алған. Сахнада актерлер көп болса да әрқайсысының өзіндік образдары бар. Кейіпкерлердің сыртқы сипаты мен ішкі мінез-құлық ерекшеліктеріне дейін роль орындаушылардың болмысымен үйлеседі. Тіпті, олардың орындауындағы әндер ауылдық жиындарда айтылатын ырғақпен шырқалады.

Бұл драмадағы негізгі мәселе – халықтың болашағы. Қазақ қызының қытай азаматына ұзатылып бара жатқаны бүтін бір ұлттың тағдырына әсер ететінін Д.Серғазин жақсы түсінген. Мұны ауыл адамдарының бір мезетте-ақ әлгі қытайдан келген күйеу баланың арбауына түсуі арқылы жеткізеді. Халықтың көзайымына айналған театр труппасы осы қойылым арқылы кәсіби шеберліктерін тағы да дәлелдеді. Тек артистердің жұмысы емес, өте қарапайым жасалған сценография мен тұшымды қолданылған режиссерлік шешімдер көз тойдырады. Сахналық декорациялар мен костюмдер, музыкалық сүйемелдеулер спектакльдің көңілді атмосферасын тереңдете түсті. Мұны нағыз заманауи бағыттағы спектакль деп айта аламыз. Себебі, қойылымдағы біз көрген оқиға мен адамдар бүгінде жанымызда жүр. Яғни, «театр – өмірдің айнасы» деген қанатты сөз осы қойылымның сипаты іспетті. Қорыта айтқанда, «Үздік спектакль» деп танылған бұл туындыны сол марапатқа лайық деп санаймыз.

Фестиваль репертуарындағы Ұлытау облысының С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театры алып келген «Сәке-Мәке» (А.Н.Островский «Доходное место», ауд. А.Рахат) қойылымында режиссер Азамат Нигмановтың интерпретациясына куә болдық. Ол мұндағы кейіпкерлердің есімдерін қазақшаға аударып, оларға сол есімдеріне сай мінез-құлықтар беріпті. Басты кейіпкер Олжас – өмірдің ағысына қарсы жүзгісі келетін, жігері тасыған жас жігіт. Ол бүгінгі қоғамда қалыпты жағдайға айналған теріс жүйені ұстанатын лас ортаның мүшесі болғысы келмейді. Өзінің ойынша өзін айналасындағылардан «әлдеқайда биік те білімдімін» деп есептейтін ол ақырында сүйген жары үшін арынан аттап, өмірлік ұстанымын өзгертеді. Яғни, жағымсыз әрекеттер жасауға бет бұрады. Алайда оқиғаның өрістеу барысында Олжас бастапқы адал ойынан айнымайтынын, арын, адамдық келбетін сақтап қалғысы келетінін көрсетеді. Осылайша, көрерменді екі түрлі ойға жетелеген осы кейіпкердің мінезі «Байлар жаман ба, кедейлер жақсы ма?» деген сұрақтар туғызады. Дегенмен А.Нигманов осындай сауалдардың шешімін режиссерлік тәсілдер арқылы таба алмаған. Мұнда көпшілік қойылымның финалында берілген «параға қарсымыз!» деген ұранды естіп-білуге ғана мәжбүр болды.

Сондай-ақ, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды драма театрының «Шинель» спектаклінде орыс классигі Николай Гогольдің басты ойы ашылмады. Режиссер Баатр Колаев шығарманың құрылымын қысқартқанымен қоймай, идеясын белгілі бір ойға негіздемеген. Сондықтан сахналық жүйеге нұқсан келіп, актерлердің сахнада өнер көрсетуіне кері ықпалын тигізген. Дегенмен қызу энергетикаға толы, өнерімен тамсандыратын жас өнерпаздардың сахнада ашылмай қалғаны өкіндіреді. Мысалы, Акакийдің роліндегі Ислам Жақсылықтың жеке дара ізденістері айқын байқалды. Ол өз кейіпкерінің әлеуметтік жағдайы мен орнын түсініп, оның мінезіне қарай даусын құбылта отырып ерекшелік берген. Сол еңбегі арқылы «Үздік ер адам бейнесі» номинациясына ие болды.

Бір аптаға созылған фестиваль жоғары деңгейде өтіп, әділ қорытынды жасалды. Алайда әттеген-ай дейтін тұстары да жоқ емес. Біріншіден, қатысушылар арасында алматылық бірде-бір театрдың бой көрсетпеуі. Мегаполистегі театрлардың облыстық аймақтарға жиі бара бермейтінін бәріміз білеміз. Шалғайда жатқан аймақтардағы көрерменнің үлкен қалалардағы театрлардың спектакльдерін көргісі келетіні анық. Осы орайда Республикалық деп аталғандықтан қазіргі уақытта заманауи бағыттағы ерекше өнерімен елең еткізген айтулы театрлардың мұндай додаға қатысқаны жөн. Екіншіден, іріктеуге алынған спектакльдердің сапасына мән берілуі керек. Сын көтермейтін «Абай айтқан Еңлік – Кебек» (Абай атындағы театры), «Қазақтың тойы бітпесін» (Б.Римова театры), «Тартюф» (Ш.Құсайынов театры) қойылымдарын  мұндай шығармашылық сайысқа ұсынудың қажеттілігін байқамадық.

 

Ақерке САДУ

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық

өнер академиясының 4 курс студенті

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар