Қоғам

Сенатор TikTok-ты пайдалануды шектеу жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Геннадий Шиповских Үкімет басшысы Олжас Бектеновке Қазақстандағы TikTok әлеуметтік желісін реттеуді күшейту туралы депутаттық сауал жолдады.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Геннадий Шиповских Үкімет басшысы Олжас Бектеновке Қазақстандағы TikTok әлеуметтік желісін реттеуді күшейту туралы депутаттық сауал жолдады. 

Оның айтуынша, балалардың психикасы мен жалпы денсаулығына теріс әсер ететін, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен деректердің құпиялылығына қауіп төндіретін бейнекөріністер платформада кеңінен таралуда. Депутат Франция, Канада, Қырғызстан сияқты көптеген елдер TikTok-ты пайдалануды шектеу жөнінде шаралар қабылдағанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда TikTok әлеуметтік желісі әлемнің түкпір-түкпірінде танымал. Елімізде де бұл желінің қолданушылары саны артпаса, кеміп жатқан жоқ. Көрші елге тиесілі бұл платформаны креативті жандар жасөспірімдерді кәсіпке, білімге, ел тарихына қызықтыруға пайдаланып та жүр. Бірақ ондай контент саны өзге контентпен салыстырғанда шөлге тамған тамшыдай. TikTok-тағы контенттің басым бөлігі қандай сарында екенін мен айтпасам да, өздеріңіз байқап жүрсіздер», - деді сенатор.

Ол 13 жасқа толмаған балалардың TikTok-қа ата-анасының телефонынан кірген жағдайда Face ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыру керектігін айтты.

«Олай болмаған жағдайда елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз. Бұл мәселелердің шешімін табу ел азаматтарының денсаулығын және моральдық құндылықтарын сақтап қалуға, сондай-ақ жастар арасында таралып жатқан қауіпті әдеттерді азайтуға бағытталған қадам болмақ», - деді сенатор Геннадий Шиповских.