Руханият

Аманкелді Мұқан, өнертану кандидаты: Қазақ операсының өз үйі болуы керек

Еліміздегі ең ірі мәдениет ошақтарының бірі – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры. Алыптығы бойынша әлемдегі үшінші опера театры да – осы. Жақында депутат Сергей Понамарев Мәжілісте опера әртістерінің мәселесін көтерген еді.

«Астана Опера» ішіндегі мәселе қазақ операсына қалай әсер етеді? Опера, балет өнер иелерінің, жалпы өнердің қазіргі ел ішіндегі ахуалы қандай? Осы сауалдар төңірегінде өнертану кандидаты, Қазақстан Театр сыншылар бірлестігінің Вице-президенті Аманкелді Мұқан Oimaqnews.kz тілшісіне сұқбат берді.

 

           – Аманкелді аға, театр да, опера да – қазақ руханиятының алтын қазығы. Дәл қазір мәдениеттің осы саласында көпшіліктің көзіне бермейтін, байқай қоймайтын тек осы өнер ішінде күйіп тұрған мәселе «жалақы» дегенге негіз бар ма? Жалпы қазақ операсының қазіргі ахуалы қандай?

– Опера – әлемдік руханияттың ғасырлар бойы қалыптастқан бекзат өнері. Қазақ опера өнері осы жолмен дамып 90 жылдық тарихында түрлі жолдарды басып өтті. Қазіргі қазақ операсына келсек Алматы, Астана, Шымкент қалаларында 3 опера және балет театры ресми жұмыс істейді. Олар: Абай атындағы Ұлттық опера және балет театры (1934 ж.), Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры (2000-2013 жж. жабылып қалды), орнына «Астана Опера» опера және балет театры (2013 ж.) құрылды және Шымкент қалалық Опера және балет театры (2008 ж.).

Бізде қалыптасқан театрларды қаржыландыру жүйесі республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінеді, бекітілген құқықтық құжаттарда көрсетілген. Төңіректегі көрші елдермен салыстырмалы тұрғыда қарастырсақ жағдайымыз жақсы, саны көбейді, әр театрға жыл сайын мемлекеттік бюджеттен жаңа қойылымға деп арнайы қаражат бөлінеді, айлық, жарық, жылу коммуналды қызметке бөлінуде. Мәселе жекеленген театрдың жалақысына байланысты көтерілген. Дұрыс мәселе көтерген. Бұл тек осы театрдың ғана басындағы жай ма? Мәселе әріде. Бұған дейін ашылған күннен бастап еліміздің басқа театрларынан қай жағынан болмасын дараланып келген «Астана Опера» театры бүгінгі таңда өзіне деген назардың аздығын сезінді. Жаппай театрлардың бәрінде емес, Ұлттық статус алған театрлардың жалақысы өскені өз нәтижесін бере бастады. Осы кезге дейін жоғары жалақымен жасақталып ұстап келген шығармашылық топтың көбесі сөгіліп басқа жаққа (шетелге, өзге театрларға, өнер университеіне, тіпті арнайы колледждер мен музыка мектептеріне) кете бастағанын сезінді. Ол жақта жалақы жағдайы жоғарылау. Өзге фактілер ойландыра келе осылай мәселе көтеруге депутатқа өтінішпен шыққан секілді. ««Астана Опера» театры коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде құрылғандықтан, бұл көтерілімдерден тыс қалды. Дегенмен театрдың 100% акциясы мемлекетке, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігіне тиесілі» – деген депутаттың айтқақынан 9 жыл бойы ерекше статуспен келген еліміздің жетекші театрының жағдайы қиындағанын көрдік. Бұдан жаоғарыда аталған Алматы, Шымкент  театрларының жағдайы құлпырып кетті деген пікір тумаса керек. Олардың да өзіндік проблемалары жетіп артылады.

Жалпы еліміздің театрларын басқару жүйесі, басшы кадрларды тағайындау, театр менеджменті қатты ақсап тұр. Қазақ театрын бүгін директор басқарады. Жұмыс беруші Министрлік театрға директорды тағайындайды да директор барлық жағына жауапты тұлға болып қаржылық, шығармашылық, шаруашылық т.б. мәселелердің бәріне белсенді араласады, ықпал етеді. Шығармашылыққа тікелей жауапты тұлға -  Көркемдік жетекшінің міндеті мен жауапкершілігі сол себепті екінші немесе үшінші планға кеткен. Бұған дейінгі тәжірибе мен бүгінгі күн талабы керісінше театрдың Көркемдік жетекші шығармашылық тұрғыда басқарып қалған шаруашылық-ұйымдастыру жұмыстарын директор толықтыру керек. Осы принцип қалпына келтірілу керек.

           Театрдың ішкі және сыртқы жұмыс тәртібін заманның талабына сай реттейтін, күн сайын жаңарып жатқан өзгерістерді ескеретін, соған бейімдейтін айналымда бар ескірген нормативті-құқықтық актілеріді толықтай қайта қарап, жетілдіріп, жаңа тараулар мен баптармен толықтырулар жасау қажет.

ҚР Мәдениет туралы заңның театр өнеріне арналған баптары еліміздің театр картасындағы қажеттілікті өтей алмай келеді. Тәуелсіз еліміздің театрларына заманға сай анарйы заң қабылдау қажеттігі күн тәртібінде. Дұрысы ҚР-да шығармашылықпен айналысатын жұмыс істеп жатқан әр алуан бағыттағы, түрлі деңгейдегі 70тен астам театрлардың еркін шығармашылық бәсекелестікпен жұмыс істеуіне, көркемдік сапасы  жоғары қойлымдарды дүниеге алып келуіне, әлемдік кеңістікте бәсекелестікке төтеп беретіндей креативті отандық өнімдердің туындауына жол ашып соын серпін беретін аранайы «Театр туралы заң» қабылдауды қолға алу керек.

           – Өнерде жүргендер талантын танытып рахаттанса да, әлеуметтік жағдайының жақсарғанын қалайды ғой.  Дегенмен, "Астана Опера" әртістерінің жалақысы мардымсыз екені енді жасырын емес. Ал осының салдарынан театр ішінде шет елге кеткендер саны 100-ден асты. Өзіңіз қазақ операсының ішкі «кухнясын» зерттеп көрдіңіз бе? Депутат көтерген мәселеге қатысты пікіріңізді білгіміз келеді. 

– Депутат Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру қағидатын ұстана отырып, «AMANAT» фракциясы Үкіметтен «Астана Опера» театрының барлық қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға көтеру мүмкіндігін қарастыруды сұрайды, – деген мәселе көтерген екен. Қос қолдап қолдаймын. Тек бір ескерер жәйт, қоғамдағы қалыптасқан элитарлы өнер ретінде «Астана Опера» театрының ғана мәселесін көтеріп отыр? Мен айтар едім республиканың барлық тетарларының жалақы кестесін қайта қарап көтеру тетіктерін іске қосуы керек. Мүмкіндік тауып көтеру керек. Жақында Ұлттық театр статусын алған театрлардың жалақысы жөнге келіп қалды. Дәл сол статус алған Ұлттық театрдан артық еңбектенбесе кем емес қаншама қала, облыстық театрларымыздың жайын неге ойламасқа. Бір қалада тұрып, бар уақыты мен еңбегін сарп еткен театр қызметкерлерінің екі түрлі деңгейде жалақы алатынын көз алдыңызға елестетіңіз. Әділетсіздік. Немесе Астана мен жақын облыстық театрдың жалақысын салыстырсаңыз жер мен көктей. Әрине ол білікті мамандар бұған дейін Астана мен Алматыға кетіп жатқан. Қазіргі жағдай керісінше, «Астана Операдан» басқа жаққа кетуде, тоқтаусыз кетіп жатыр. Қазір өмір бойы оқу-тоқумен айналысатын (музыкант, сахна өнерімен айналысатын актер, әнші, биші) кәсіби мамандар жыл сайын ЖОО дайындалып, топталып диплом алып жатыр, өз кезегінде театрға сол жас талантты кадрлар жетер емес. Мәселе, болашағы бар кәсіби маман айлығының өзге театрда жоғары болуы, жәй орта мектептегі оқытушылық немесе репититорлықтың айналысса анағұрлым жоғары болуы, 1 күн жұмысқа барып 2 күн дем алатын күзетшілік немесе көшеде такси айдап 2-3 айлық табатындығы. Бұл өзекті мәселе тез шара қолданылып  шешілмесе театрлардың кәсібилігіне сызат түсіп мамандарға деген жетіспеушілік өсе түседі. 

           – Бұл мәселені депутат көтерген соң көптің талқысына түсе бастады. Бұған дейін отанындағы операны тастап, амалсыздан басқа елден «пана» іздеген әртістер кім? 

           – Еліміздің әлемдік қауымдастықпен ара-қатынасы демократиялық негізде ашық, барыс-келісіміз еркін, жұмыс күштерінің  халықаралық нормаларға сай жұмыс жасауда. Кім қайда жұмыс істейді, қай елді таңдап тұрады еркіндік бар. Сол себепті кімге қандай ұсыныс түседі, біліктілігі талапқа сай болса барып Парижде, Венада, Лондонда жұмыс істеймін десе де қолынан ешкім қаға қоймас. Бұл сырт елден «пана» іздеу емес, өнер, шығармашылық адамының кәсіби біліктілігіне деген сырттың сұранысын қанағаттандыра алушылық. Әрине, олардың ұсынатын айлығы мен жұмыс кестесін біздің репертуарлық театрларымыз ұсына алмасы анық. Талай талантты музыканттар, опера-балет саласының мамандары шет елдің сахнасында өнер көрсетіп жүр. Неге? Алдымен, жалақысы, екіншіден өнер адамы үшін кәсіби шығармашылық өсу, әр алуан бағыттағы репертуар жинақтау негізгі қозғаушы фактор деп білемін. Бұл заңдылық деп қабылдауымыз керек. Консерваторияда қатар оқыған талантты әнші Қайыржан Жолдыбаевтың Алмания опера театрында әнші болып жүргеніне 20 жылдан асып кетті. Ол елін, жерін сағынбайды емес, сағынады, өз елінің патриоты да. Сол Астана Опера театрына әнші болып келсін делік, не ұтады? 1 айда жүретін (жүрсе) 4 опера спектаклінен өзінің дауысына сай айтар партия тимей, 2 айдан кейін жұмыссыздықтан депрессияға түспей ме? Ал ол қатал тәртіпке, күнделікті дайындыққа, 2 жыл бұрын бекітіліп белгіленген жоспарлы шығармашылық жұмыс кестесіне үйренген. Оның сол театрымен жасалынатын келісім шарты ұзартылды деген сөз оған сұраныс бар. Біздің театр жүйесіндегі жалпы  жұмыс кестесінің жүйесі ескіше, кеңестік үлгіде жалғасын тауып таза шығармашылықпен айналысқысы келген кімді болса да жалықтырады. Бос уақыт көп деген сөз әр түрлі топқа бөліну, қаңқу сөзбен айналысу, театрды ішінен тоздыруға алып келеді. Еліміз тетарларында басшы директор мен шығармашылық ұжымның қарсы тұруы, топталып жоғары жаққа арыз жазуы бәрі-бәрі бірінші басшының театрда жұмысты оңтайлы ұйымдастыра алмауы мен істеген жұмысына сай жалақымен қамтамасыз ете алмаудан. Байқасаңыз, өнер адам кішкентай бала секілді, көп нәрсе талап етпейді, алдымен өмір сүруге жететіндей жалақы, еркін шығармашылықпен айналысу ғана.      

           – Қазақ операсына жас мамандардың келуін қалай бағалар едіңіз? Бұл «салмақты» өнерге бас сұғатындар көп пе?

– Қазақтың талантты жастары жер-жерде танылып, көрініп жатыр. Театрға жаңа буын келіп жатқан талантты жастарымыз көп-ақ. Мені толғантатыны, сол жастарды өз ісінің хас шебері етіп қалыптастыратын ортадағы хал-жайдың тұрақсыздығы, Театр олардың шығармашылық бұлақ көзін ашып құлшына жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау керек. Өзінің алдағы шығармашылық өсу жолын көре алмаған жас ол тетарды жерсінбейді. Театрға бас сұққан жастарды қанаттандыратын, шығармашылық биіктерге жетелейтін  заманаға сай тетардың сапалы құқықтық-нормативтік құжатын жасап қабылдау, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға күш салу керек. Сонда келген жастарымыздың сағы сынбай шығармашылық шеберлігін ұштауға көп уақыт табар еді. Таңертең репитиция, кешке спектакль арасында күн көріс үшін тоқтаусыз такси айдаған театр артистерінің сұхбаты шу болғанын әлеуметтік желіден көрдік. Жанұясын баға алмаған артистен қандай шеберлік талап етеміз...?

 

           – Өзіңіз «Опера театрлары – қазақ ұлт операсының өз үйі болуы керек» атты мақала жазыпсыз. Қазір ұлттық операның өз үйі болды ма?

           – Жоқ, бола алмады. Өз үйінде өгей баланың күйін кешкен ана тіліміздің теперіш көрген халі ұлттық опера жанрын дамытуда айна-қатесіз көрініс беруде. Осы кезге дейін опера театрларына жетекші болған басшылар қазақ ұлт операсын алға дамыту ісін жолға қоя алмады. Осыда бірнеше жыл бұрынғы жазған мақаламызда республикада 3 опера театры бола тұрып 30 жылда 3-ақ жаңа ұлт операсын сахнаға қойғанын мәселе қылып көтергенбіз және тығырықтан шығу жолына байланысты ұсыныстарымызды бергенбіз. Нәтиже жоқ. Театр шығармашылығында серпіліс жоқ. Қазақ ұлт опарсының көсегесі көгерді деп айта алмаймын. Ұлт операсының үйі – театры алдымен өз өнерін, қазақ ұлт операсы мен балетін көгертуі керек. Соған бірінші кезекте назар аударуы тиіс болатын. Мен кеше мен бүгінгі театрды басқарған, басқарып келе жатқан азаматтар мен азаматшалардың жұмысын жоққа шығармаймын. Әрқайсысы өз деңгейінде адал атқаруға тырысып келеді. Десекте, қаншама таланттар шоғырынан тұратын шығармашылық ұжымды бір жерге топтастырған алып тетарлард жүйелі басқару, сапалы,   Театр опера мен балеттің өз үйі болуы үшін олардың репертуарлық саясатында мемлекетшілдік, отаншылдық идеяны ту еткен, сонымен бірге ұлттың рухын көтеретін сахналық жаңа туындылар алып келуге жұмыс істейтін басшылар болуы керек. Қазақ операсының 90 жылдық тарихында театрдан халыққа қандай туындылар керек екенін түсініп және қол астындағы қызметкерлерінен талап ететін ағарту комиссары Темірбек Жүргеновше, өнер адамдарына құрмет көрсеткен, олардың жағдайын жасаған Мәдениет министрі Ілияс Омаровтай проблеманы іштен білетін, оны шешу жолымен тікелей айналысатын басшы керек-ақ. Біздегі соңғы жылдардың жайы керісінше, келуінен кетуі тез қолына бар билік берілген театр директоры мен театрдың ұжымында, репертуарлық саясатында қалыптасқан шығармашылық іркілісті батыл шешуге қауқары жоқ сол театар директорының бұйрығымен түзілген Көркемдік кеңес бар. Көрші елдермен салыстырмалы түрде қарағанда бізде барлық жағдай жасалған десекте, сол үлкен шығармашылық ұжымды оңтайлы, кәсіби біліктілікпен басқаратын басшылар тапшы. Ал театр ұлттық операсының өз үйі болуы үшін жаңа буын жас кәсіби либереттист, композитор, әніші-биші орындаушынан бастап бутафор, күзетші технигіне дейін адамдарды білетін, тек біліп қана қоймай түсінетін және бүгінгі әлемдік тетар кеңістігіндегі болып жатқан жаңалықтар мен үдерістерге ашық білікті менеджерлер келу керек. Сонда хан сарайындай осы саланы дамыту үшін салынған үш театр үйінің іші жаңаша жайнап қоятын ұлттық опера мен балет өнер алға басады. 

Ұлт топырағынан өрбіген отандық театрдың репертуарында қазақ композиторлары жазған шығармалармен тұрақты толығып отыруы керек. Өзге ұлттың, әлемдік классикаға айналған операларынан бас тартпай, ұлттық опера репертуары да сол қатардан көрінуі тиіс деп білеміз. Қазақстан Республикасының опера және балет театры өзінің төл репертуарымен, өзіндік ұлттық бояуы мол отандық авторлар туындылардан тұруы керек. Отандық авторлардың репертуар түзудегі үлес салмағы әр театр үшін кем дегенде 2 жылда жаңа бір опера және балет жазылып сахнаға қойылуын міндеттеу уақыт талабы. Онысыз қазақ операсы мен балетінің болашағы жоқ.

Қазіргі қазақ операсы мен балет өнерінің аты қазақтікі, заты шетелдік репертуармен күн көретін театр. Еліміздегі шығармашылық ұжымдарды Ұлт опера театры деп атау үшін оның тоқырауға түскен репертуарлық саясатына түбегейлі өзгерістер енгізу керек. Ұлттық композиторлық мектептің жетістігі сол өткен ғасырдың деңгейінде қалды, алдыға басу, жаңа есімдер мен соны опера және балет туындылар жоқ. Ахмет және Ғазиза Жұбановтар, Қ.Қожамьяров, С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев секілді корифейлердің ізін басатын композитор жоқ емес бар, сол мықтылар дайындап кеткен ізбасар шәкірттері ортамызда жүр. Тек қазақ театрларының тарапынан олардың еңбегіне құрметпен қарап тапсырыс беру, отандық опера мен балет өнерін жасауға, дамытуға деген жанашырлық, сұраныс жоқ. Оны жүріп өткен 33 жылдық тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихымыз дәлелдеп берді. Сол бағытта тоқырау әлі де жалғасуда.

           – Айтпақшы, сол мақалада тұсаукесерлердің аз болуы туралы жазылғанын көзіміз шалды. Осы екі жыл бұрынғы жазбаңызға қарап отырып бүгінгі күні өскен өзгерісті байқайсыз ба? Әлде «баяғы жартас – сол жартас» па?

           – Тұсаукесерлер өткізіп жатыр, кемістігі жоқ. Әр театрға жыл сайын мемлекеттік бюджеттен 4 жаңа қойылымға деп арнайы қаражат бөлінеді. Сол қаражат 33 жылдан бері ұлттық репертуар жасақтауға, отандық опера өнерін дамытуға тиімді жұмсалған жоқ. Осы аралықта санаулы ғана қазақстандық авторлардың жаңа опералары сахнаға қойлыды. Нақтырақ айтсақ: Е.Рахмадиевтің «Абылай хан» (2004), А.Серкебаевтың «Томирис» (2008), Т.Жармұхамедтің «Домалақ ана» (2019) опералары. Қалған сахнаға қойылған, әлі күнге дейін қойлып келе жатқан опералар өткен ХХ ғасырдың 30-40шы немесе 60-80ші жылдарының туындылары. Келер ұрпаққа бүгінгі – ХХІ ғасырдың 25 жылынан не қалды? - деген сұрақ қойса берер жауабымыз жоғарыда келтірілген, бір қолдың саусағын бүксек жетпейтін санаулы 3 спектакль ғана. Театр басшылары, Көркемдік кеңесі қалай ойлайтынын білмеймін, әрекет, ұмтылыс көрмедім. Жоғарыда айтқандай театрға мемлекет бюджетінен жаңа қойылымға деп бөлінетін қаражаттан жаңа репертуар түзуге, қазақ операсының бүгінгі дамуына үлес қосарлық жаңа спектакльдер жасауға титтей де ықыластың жоқтығы таң қалдырады.

         Осыдан бірер жыл бұрын «дала Гомері» Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына деп Әлқуат Қазақбаевтың «Жамбыл» операсы Абай атындағы ҚҰОБТ сахнасына қойылды да сол қалпы репертуарға енбестен бір күндік қойылым болып «жарқ етті де жоқ болды». Жас композитор Әліби Әбдінұровтың драматург Қанат Ахметовтың либреттосына жазылған «Сәкен» операсын Құрманғазы атындағы ҚҰК студенттерінің күшімен сахнаға қойылды. Режиссері// бұл жайлы спектакльден кейін «Сәкенге» опера театрының сахнасы жетіспеді» (Қазақ әдебиеті. № 8.   01.03.2024. https://qazaqadebieti.kz/43979/s-kenge-opera-teatryny-sahnasy-zhetispedi деген мақала да жаздық. Былқ еткен жан болсайшы... Осы опера Астанадағы К.Байсейітова атындағы Өнер универститеті студенттерінің орындауында бірнеше мәрте концерттік орындауы өтті. Байқағанымыз, театрларға опера жазатын композитормен жұмыс жасаудың қажеттігі сезілмейді. Театрға мұндай құлшынып опера жазатын жастар керек емес секілді. Елімізде композитор көп, опера жазатындары санаулы. Соларды театр қолдай алмаса, театр басқарып отырған азаматтарға сын. Басшылар не істеп отыр. Одан кейін қазақ театрын басқардым (дамыттым) деген сөздің құны бес бақырға да татымайды. Олар тек бөлінген ақшаны бұрыннан бар операларды қайталап қоюға жұмсап, соларды талғажау қылу. Театрда жас композиторды қолдап, арнайы тақырыпқа шығарма жазуға жетелеу, репертуарды отандық авторлардың туындыларымен байыту туралы әңгіме тетігі ағытылмай кететін секілді. Депутаттық сұрау салу арқылы осы бір күрделі саланың көтерілмей, көтерілсе де жеткілікті назар аударылмай келе жатқан мәселелерінің бетін ашып отырсыздар. Мүмкін бұл сұхбат ой салар, ойланар, нәтиже шығарар.   

        – Бұл мәселені шешу жолы қалай болмақ?

– Еліміздің опера және балет театрларына өкілеттігі жүретін ресми мекеме ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тарапынан Ұлттық опера және балет репертуарын жасау мәселесіне арнайы назар аудартатын нақтылы шешім қабылдануы керек. Репетуарлық саясат қалыптастыруға бағыт ұстайтын тәуелсіз жұмыс тобы құрып театрдың шығармашылық тобымен, авторлармен тікелей жұмыс жасайтындай пәрмен беру керек.

Екіншіден, театрлар жылдық репертуарын жасақтауда отандық композиторлармен жұмыс істеуді назарда ұстап жаңа опера және балет спектаклін тудыруға қолайлы жағдай жасауы керек. Ол: Көркемдік кеңесте талқыланып мемлекеттік, тарихи оқиғалар мен тұлғалардың, шығармашылық тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына арналған туындыларды жазуға қозғаушы болу, оны жүзеге асырып орындаудың механизмдерін жүйелеу, авторлар құрамына тапсырыс беру, дайын шығарма партитурсын қабылдап алу, ескертпелермен толықтырып өндіріске жіберу, спектаклді сахнаға қою, қабылдап алу, көреременге жетуге аяғына дейін ұйытқы болу.

    Әлемдік деңгейдегі дамыған елдер қатарына қосылу тек экономика, қаржы, құқық т.б. салада емес, әлемдік мәдениеттің үлгісінде отандық, ұлттық тарих пен тұлғаларды, ел бастаушы, қол бастаушы батырлар мен бағландар, елдің ұйытқысы болған аналар мен абзал арулардың елдік пен жерге деген отаншылдық, достық пен махаббаты дәріптейтін қазақтың төл туындылары жазылып сахнаға қою арқылы да дәлелдеуге болады.

Жаңа драма спектаклі, жаңа қоюшы-авторлар тобы, орындаушылар есімі өздігінен пайда болмайды, ешкім де бізге жазып, қойып, дайындап бермейді.Ол қазақстандық театрлардың шешуі тиіс күн тәртібіндегі мәселесі.  Театрдың Көркемдік жетекшісі, директорының отандық авторларға деген көзқарасы мен қамқорлығын қалыптастыру қажет. Ол үшін театрдың құқықтық-нормативтік құжатына репертуарға жылына 1 немесе 2 отандық автордың туындысын дайындап қойылуын міндеттейтін арнайы бап енгізілуі тиіс. Театр жаңа қойылымға деп 1 жылға бөлінетін қаражаттың (постановочный) біреуін отандық автордың шығармасын жазуға және сахнаға қоюға арнайы автор(лар) құрамына (композитор, пьеса авторы, суретшісі т.б.) Көркемдік кеңестің ұсынысы бойынша тапсырыс берілуі керек. Автормен келісімшарт жасау, оның орындалу барысы, нәтижелі болып спектакль көрерменге жеткенше театр тарапынан тұрақты бақылауда болады. Ұлттық драма, комедия, трагедиялық т.б. жанрдағы туындыларды еліміздің 70 жуық театрлары үздіксіз қоюы керек. Замануи ұлттық драматургияны, қазақ өмірінің тыныс-тіршілігі мен бүгінгі келбетін көрсететін спектаклін осылай нақтылы тапсырыспен реттеп отыру арқылы алға жылжытуға болады.

    .