"Біз өзімізге жүктелген міндеттерді орындаудан және олардан туындайтын жаупкершіліктен қашпаймыз" – Бақытбек Садықов
Қазақстан Қорғаныс министрлігі әскердегі өлім жағдайын айтып, дабыл қаққан депутаттарға жауап берді,
Қазақстан Қорғаныс министрлігі әскердегі өлім жағдайын айтып, дабыл қаққан депутаттарға жауап берді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, бұған дейін Нартай Сәрсенғалиев бастаған бір топ депутат әскердегі қазіргі жағдайға алаңдаушылық білдірген еді. Ол бейбіт күнде сарбаздардың түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болғанын, бұл бір емес, бірнеше рет қайталанғанын жеткізген. Аралбайдың сөзінше Қазақстанда соңғы үш жылда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Сондай-ақ депутат Аралбайұлы кейінгі жылдардағы әскерде орын алған оқиғаларды мәлім еткен.
«2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Арты немен бітті дейсіз ғой, іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған.
2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен.
Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Қазір ата-анасы Ербаянды шетелге емге әкетуге қам жасауда.
«Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма? Әскердегі әлімжеттік мәселесін Аманат партиясы 2022 жылы көтерген болатын. Алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып кетті десе де болады. Сарбаздардың армияда жарақат алып, қайтыс болуы тоқтар емес», – деді Нартай Аралбайұлы.
Депутаттарға Қорғаныс министрінің орынбасары Бақытбек Сыдықов жауап берді. Ол бұған дейін журналистерге берген жауабын қайталап, соңғы үш жылда Қарулы күштерде жарғыдан тыс қатынастардан болатын қылмыстардың саны 43%-ға (40-тан 23-ке), ал биыл мерзімді әскери қызметшілер арасындағы суицид 67%-ға (3-тен 1-ге) төмендегенін мәлімдеген.
«270 қайтарымсыз шығындардың Қарулы күштерде 140 оқиғасы орын алған. Оларға сырқаттану, жол-көлік оқиғалары, суицид, қауіпсіздік шараларын бұзу және тұрмыстық жағдайлар себеп болған. Қалған 130 оқиға басқа күштік құрылымдарда тіркелген. Олардың қатарында Қорғаныс министрлігінен басқа Төтенше жағдайлар министрлігі, Шекара қызметі, Ұлттық ұлан және Мемлекеттік күзет қызметі бар. Сонымен қатар, 86 суицид фактілері де барлық күштік құрылымдарға тиесілі. Нақтырақ айтсақ, соңғы төрт жылда Қарулы күштерде 40 суицид оқиғасы тіркелген (2021 жылы - 10, 2022 жылы - 7, 2023 жылы - 12 және 2024 жылы - 11 оқиға). Санаттар бойынша: офицерлер - 7, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер - 22, курсанттар (кадеттер) - 4, мерзімді әскери қызметшілер – 7», - дейді Сыдықов жауабында.
40 оқиғаның барлығы бойынша қылмыстық істер қозғалған. 34 оқиға бойынша қылмыстық істер өндірісімен аяқталып, процестік шешімдер қабылданған.
«Тергеу барысында өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу белгілері анықталмаған. Осыған байланысты, қылмыстық істер қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауы себебінен тоқтатылған. Қабылданған процестік шешімдердің заңдылығы қадағалаушы органмен (прокуратура) тексерілген және келісілген. Сонымен қатар, қазіргі кезде 6 оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жалғасуда. Нақты себептер мен мән-жайлар тергеу қорытындысы бойынша анықталатын болады. Қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес қылмыстық құқықбұзушылықтың осы түрі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР ІІМ әскери-тергеу органдарымен жүргізіледі, тергеу барысы Бас әскери прокуратурамен қадағаланады. Қорғаныс министрлігінің тергеу барысына араласуға немесе ықпал етуге өкілеттігі жоқ», - делінген жауапта.
Бақытбек Сыдықов жауабында «біз өзімізге жүктелген міндеттерді орындаудан және олардан туындайтын жаупкершіліктен қашпаймыз» дейді. Барлық оқиға бойынша, олардың себептері мен мәнжайлары анықтала отырып, егжей-тегжейлі қызметтік тексерулер жүргізілгенін, кінәлі адамдарға қатысты қатаң шаралар қолданылып, жағдайды жақсартуға бағытталған ұсыныстар енгізілгенін атап өтеді.
«Өз тарапымыздан, бір де бір құқыққа қайшы әрекеттер тексеріссіз және алдын алу шараларын қабылдаусыз қалмайтындығына Сіздерді сендіргіміз келеді. Осы мақсатта құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ішкі және ведомствоаралық бағдарламалық құжаттар әзірленіп, олардың талаптарын орындауға бағытталған кешенді шаралар қабылдануда. Әскери бөлімдер мен бөлімшелердің барлығында жеке құрамға бақылау жүргізудің «Серіктес», «Пирамида», «Жауынгерлік дос» жүйелері, телефон арқылы жақындарымен сөйлесудің «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі, әскери қызметшілердің арасында құқық бұзушылықтардың, қазалардың, жарақаттардың алдын алу бойынша тәжірибелік іс-әрекет алгоритмдері қолданылады. Құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатында, әскери бөлімдерде әрбір әскери қызметші өтінішімен жүгіне алатын профилактикалық кабинеттер мен 3 сенім телефондары жұмыс істейді», - дейді Сыдықов.
Сонымен бірге қолжетімді орындарда арыздар мен өтініштер үшін жәшіктер орналастырылған. Бұдан басқа, әскери қызметшілердің мінез-құлықтарына онлайн-бақылау жасау үшін қызметтік үй-жайлар, соның ішінде казармалардың жатын-үй бөлмелері видеокамералармен жабдықталған, ол үшін штаттарға оператор лауазымдары енгізілген. Әскерлерде ұдайы негізде профилактикалық онкүндіктер, акциялар, айлықтар, анонимді сауалнамалар, психологиялық тренингтер, дене-мүшелерін қараулар, телефон және видео сөйлесулер жүргізіледі, ата-аналардың және роталық чаттар қызмет істейді. Әскерлерге әдістемелік ұсынымдар, сатылы алгоритмдер және кейстер жолданады, әскери тәртіпте артта қалған бөлімдердің басшылығына тәжірибелік көмек көрсетіледі.