Қоғам

Айтбек Амангелді экс-министр Қуандық Бишімбаевтан 1,5 млрд теңге моральдық шығын талап еткен

Сот Салтанат Нүкенованың ағасына Бишімбаевтан жалпы сомасы 16 млн теңгеден асатын моральдық және материалдық шығын өндіру туралы шешім шығарған болатын.

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді экс-министр Қуандық Бишімбаевтан қарындасының өлімі үшін 1,5 млрд теңге моральдық шығын талап еткен, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.  сайтына сілтеме жасап.

Сот кабинетіндегі мәліметке сүйенсек, Нүкенованың ағасы материалдық шығынды 8,8 млн теңгеге бағалаған.

«Арыз берген адам қарындасынан айырылған соң өзі де, ата-анасы да қатты қайғырғандарын, сондықтан, денсаулықтары нашарлап, жұмысқа қабілетсіз болғандарын алға тартты. С.Нүкенованың ата-анасы үнемі қайғы-мұңға батып жүреді: осыдан барып, ұйықтамай, денсаулықтары нашарлап, ашу-ызаға беріліп, жандары ауырады. Денсаулықтарына байланысты үнемі емделеді. Арыз жазушы қарындасының өліміне қатысты сот кезінде адвокаттардың жүріп-тұруына, қонақ үйлеріне ақша төлеген. Бишімбаевтан 8 828 070 теңге көлемінде материалдық шығын және 1,5 млрд теңге көлемінде моральдық шығын талап етті», - деп жазылған сот кабинетіндегі құжатта.

Еске салайық, 26 қыркүйекте сот Салтанат Нүкенованың ағасына Бишімбаевтан жалпы сомасы 16 млн теңгеден асатын моральдық және материалдық шығын өндіру туралы шешім шығарған болатын.