жұма, 4 қазан, 2024 21:32

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Жамалына арналған жақсы ән

Жамалына арналған жақсы ән
фото: ашық дереккөз
Елорда аспанында кеше «Нурикамал» әні қалықтап, жүректерді әсем әнмен тербетіп тұрды...

Жезтаңдай әнші Жұбаныш Жексенұлы шырқаған «Нурикамал» әнін тыңдамаған жан кемде-кем шығар. Әннің халық арасында кең таралғаны соншалық, әннің авторлары мен кімге арналғаны желідегі қызықты ақпаратқа айналды. Қазақтың бір ару қызына арналған ән – барша қызғалдақтарға қойылған лайықты ескерткіш еді. Елорда сахнасында жуырда белгілі продюсер Сәбит Әбдіхалықовтың жетекшілігімен Алматыдан келген «Назар» театры Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында «Нурикамал» музыкалық-поэтикалық драмасын сахналады.

         Әйелге тән қызғанышын парасатқа жеңдіріп, күйеуінің ғашық болып қалған қызына арнап жазған әуеніне лайықты сөз жазып берген ақын қыз Ханбибі Есенғарақызының үлкен жүректі пейілі халық арасында аңыз болып тарады...

         Екінің бірі бұлай жасай алмайды. Өзін бағалайтын, құрметтейтін әйел мұндай кеңдікке бармайды, эгоистік сезімін жеңу өте қиынға түседі...

         Мұндайда Төлеш ағамыздың (Төлеген Айбергенов) Үрниса жеңгемізге таң алдында ұйқысынан оятып, ғашық болған қызына арналған өлеңін оқуы еске түседі. Алғашында ішін өртеген қызғаныштан жарыла жаздаған жеңгеміз сәл ойлана келе сезімдердің арқасында дүниеге тамаша жыр жолдарының келгенін түйсініп, «Төлеш, сен нағыз ақынсың!» деп қолдау білдіреді. Ақмаңдай ақын, ақиық ақын Төлеген Айбергеновтың ең алғашқы hәм ең әділетті оқырманы – Үрниса апамыз болғанын сағынышпен еске аламыз. Халықтың сүйікті ақынын сүйген жары да құрметтеп, қадірледі, оның сезімге, ағыл-тегіл ақ жауындай төгілген жырларын бағалап, қамқорлық жасамаса, ақынның отты өлеңдері бүгінге жетер ме еді, жетпес пе еді, кім білсін?!.

         «Нурикамал, Камалым-ай,

Күндей ашық жанарың-ай,

Қолым жетпей, сөзім де өтпей,

Жаутаңдадым, қабағыңа-ай, қарағым-ай» деп өлеңін мөлдіретін қағаз бетіне түсірген Ханбибі ақын күйеуі, композитор Тұрдықылыш Ізтаевтың лирикалық тамаша әніне керемет мәтін жазды, өнер аспанында әдемі әннің қалықтауына себепкер болды, талайларды әуезді әуенмен тербеді, сезімдерді оятты, халықтың сүйіп тыңдайтын әнге айналды.

         Танымал әнді алматылық «Назар» театрының сахналағаны, жұрт назарына ұсынғаны, әрине, құптарлықтай игі қадам. Театр көрермені ретінде тілектестік бағытында мына ойларды айтар едім. Театр қойылымы, драмалық шығарма концерттік сахнада емес, театр сахнасында қойылғаны дұрыс еді

Әртістері тек рольдерді ойнады... Танымал сюжетті керемет сценариймен жұрт назарына ұсыну керек еді. Шығарма драмадан гөрі әзіл-сықақ театрларының қойылымына көбірек ұқсады...

Ханбибі Есенғараеваның рөлінде ойнаған актриса ғана бүкіл қойылымды жалғыз сүйрегендей алып шықты, ақынның өлеңдері мен куйеуінің әндерін ғана көрермен жақсы қабылдады.

Мұндайда вальс королі әйгілі Шәмші рухына бағышталған, ән махаббаты Шәмші тағдырын тоқайластырған Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» атты поэтикалық драмасы еске түседі.  Қазақтың М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында көрсетілген бұл қойылым  туынды сазгердің тағдырын бейнелейді. Оны көрген жан бір-екі апта бойы әсерленіп, эйфориядан шыға алмай жүретіні рас.

Дәл сондай болмаса да жүрекке жылы тиетін дүние күтіп барғанымыз рас. Сондықтан, сахнаға шыққасын, ел назарын аударғасын тап-тұйнақтай, жұп-жұмыр, эстетикалық әсері мол жақсы қойылымды алдағы уақытта да күтетінімізді айтқымыз келді.

Елорда аспанында кеше «Нурикамал» әні қалықтап, жүректерді әсем әнмен тербетіп тұрды...

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар