Қоғам

Референдумда халық дұрыс таңдау жасайды деп сенеміз

Демократиялық-құқықтық мемлекет есебінде АЭС салу не салмау мәселесін халық таңдайды деген шешім – еркіндік принциптерімізге сай келеді.

Алда – референдум. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында референдумның 6 қазанда өтетінін мәлімдеді. Президент бұл тақырып бір жылдан бері қоғамның күн тәртібінен түспегенін, азаматтардың саналы шешім қабылдауы үшін жеткілікті кезең өтті деп есептейтінін айтқан еді. «Алдағы референдум кең ұлттық диа­логтiң тағы бір көрінісі және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың жарқын мысалы болмақ. Негізінде, бұл қадам арқылы біз жаңа қоғамдық-саяси мәдениетті қалыптастырамыз, негізгі мемлекеттік шешімдерді қабылдаудың жаңа стандарттарын белгілейміз», – деді Қ.Тоқаев.

Атом электр стансасы әлемнің 32 елінде бар екен. Оның ішінде 400-ден аса ядролық реактор қазір жұмыс істеп тұрса, 60-ы жаңа салынып жатыр. Әлемдегі ең қуатты атом электр стансалары Жапония, Оңтүстік Корея, Франция сынды мемлекеттерге тиесілі. Одан бөлек, АЭС-тен мүлдем бас тартып, мұндай стансаларды салуды қаламайтын да елдер бар екенін айта кетуге тиіспіз.

Демократиялық-құқықтық мемлекет есебінде АЭС салу не салмау мәселесін халық таңдайды деген шешім – еркіндік принциптерімізге сай келеді. Оның үстіне осы мәселе күн тақырыбына қойылған күннен бері ғалымдар мен сарапшылар атом электр стансаларының қауіпсіздігі не болмаса қаупі, кемшілігі не болмаса тиімділігі туралы пікір білдіріп келеді. 

Алматыда Қазақстандағы атом электр станциясын салу мәселесін талқылаған жиында АЭС құрылысы үшін екі аймақ таңдалғаны хабарланған еді. Олар: Абай облысындағы Курчатов қаласына жақын аймақ және Алматы облысындағы Балқаш көлінің маңындағы Үлкен ауылы. Сарапшылар бұл орындар халықаралық стандарттарға сай деп отыр. Осы басқосуда Энергетика министрлігінің атом энергетикасы және өнеркәсіп департаментінің орынбасары Гүлмира Мұрсалова АЭС парник газдарын шығармайтынын, сондықтан жаһандық жылынуға қарсы күресте маңызды рөл атқаратынын хабарлағанын газет-журналдардан оқып білдік. Маман атом энергетикасы мен басқа да жасыл энергия көздеріне көшу көмірқышқыл газын 70 миллион тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік беретінін де атап өткен екен. Қандай жағдайда да пікір еркіндігі маңызды.

Бұл референдумда «Қазақстанда атом электр стансасын салуға келісесіз бе?» деген бір сұрақ қойылады. Ең алдымен, АЭС керек пе деген мәселенің анығына жетіп алуымыз керек. Ал реакторды кім салатыны әзірге белгісіз. Белгілісі, Қазақстан билігіне төрт елден – Ресей, Қытай, Франция және Оңтүстік Кореядан ұсыныс түскен.

 

Анар Қалибекқызы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы