Сенаторлар еліміздің аймақтарында жүр
Еліміздің энергетикалық стратегиясының болашағы азаматтардың шешіміне байланысты болатынын айтып, тұрғындарды референдумға дауыс беруге белсенді қатысуға шақырды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы атом электр станциясын салу туралы референдум өткізу жөніндегі бастамасын халыққа түсіндіру мақсатында сенаторлар еліміздің аймақтарына аттанған болатын.
Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина мен сенатор Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша ауданының тұрғындарымен, сондай-ақ өңірдегі жетекші кәсіпорындардың өкілдерімен кездесті. Сенаторлар Келлеровка ауылында Қазақстанда атом электр стансасын салудың келешегін талқылауға ерекше назар аударды. Ольга Перепечина АЭС құрылысы еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі мен тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық маңызды қадам екенін атап өтті. Сенатор Әсем Рахметова осындай жобалар жоғары жауапкершілікті және халықаралық қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкестікті талап ететінін атап өтті.
Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп, Нұрлан Бекназаров және Айгүл Қапбарова АЭС салу тақырыбына орай қалалық штаб мүшелерімен бірге Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің және Tashenev Universityінің жас ғалымдарымен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Нұртөре Жүсіп өз сөзінде ел дамуында шешуші рөл атқаратын жалпыұлттық референдум өткізудің маңызына тоқталды. Нұрлан Бекназаров өз кезегінде еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігінің маңыздылығын атап өтті. Айгүл Қапбарова атом станциясының қауіпсіздігі және азаматтар арасында кең таралған радиофобия мәселелеріне ерекше назар аударды. Кездесуге қатысушылар сондай-ақ атом энергетикасына мамандар даярлау және олардың біліктілігін арттыру, экологиялық тәуекелдердің алдын алу шаралары, сондай-ақ атом және молекулалық физика саласындағы ғылымды дамыту мәселелерін талқылады.
Сенат депутаты Әли Бектаев Арыс қаласында болды. Онда облыстық штаб мүшелерімен бірге жергілікті тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Жүздесуге қалалық мәдениет үйінің, №17 колледждің қызметкерлері және «Astana Railway Services» ЖШС өкілдері де қатысты. Сенатор кездесу барысында атом электр станциясының артықшылығы мен оның ел экономикасына пайдасы туралы жан-жақты айтып берді. Жергілікті тұрғындар атом электр станциясын салу туралы бастаманы және референдум өткізу қажеттігіне қолдау білдірді.
Сенат депутаттары, атом электр стансасын салу жөніндегі халықтық штаб мүшелері Әлібек Нәутиев пен Сағындық Лұқпанов Атырау облысындағы Махамбет ауданында болды. Олар сапар аясында Бейбарыс ауылында білім саласының қызметкерлерімен кездесті. Атом электр стансасының құрылысы мен оның облыс, жалпы еліміз үшін маңызын түсіндіру – жүздесудің басты тақырыбы болды. Сенаторлар АЭС көміртегі негізіндегі энергия көздеріне тәуелділікті азайтып, қоршаған ортаға қалай оң әсер ететінін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ еліміздің энергетикалық стратегиясының болашағы азаматтардың шешіміне байланысты болатынын айтып, тұрғындарды референдумға дауыс беруге белсенді қатысуға шақырды.
Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындарымен кездесіп, онда атом электр станциясын салу жөніндегі референдум өткізу мәселесін аймақтық штаб мүшелерімен бірге талқылады. Сенатор кездесу барысында еліміз үшін маңызды әрі тарихи оқиға – жалпыхалықтық референдумның жақындап қалғанын атап өтті және азаматтарды оған белсенді қатысуға шақырды. Аудан тұрғындары маңызды бастамаларға қолдау білдіріп, өз ұсыныстарын білдірді.
Сенат депутаттары Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысында мұнай-газ саласының қызметкерлерімен және мұнайшылармен кездесу өткізді. Сенаторлар Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігінің маңыздылығын атап өтіп, Президенттің республикалық референдум өткізу туралы бастамасына қолдау білдірді. Олар сондай-ақ АЭС жобасын жүзеге асыру халықаралық ең жоғары стандарттар мен ел мүддесіне сай келетінін жеткізді.
Сенат депутаттары Нұрия Ниязова, Жанна Асанова және Бекболат Орынбеков Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен және арнаулы орта білім беру орындарының ұжымдарымен кездесті. Онда Қазақстанда атом электр стансасын салудың келешегі талқыланды. Сенаторлар кездесулер барысында энергияның ең экологиялық таза және тиімді түрлерінің бірі ретінде атом энергетикасының артықшылықтарына тоқталды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен қаласы мен Глубокое ауданында болды. Сенатор облыстық мәслихат депутаттарымен және аудандық, қалалық мәслихат хатшыларымен кездесті. Кездесуге қатысушылар Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары мен облыстық мәслихаттар арасындағы одан әрі өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекенов пен Талғат Жүнісов «Ақмола электр желілерін тарату компаниясы» АҚ Есіл бөлімшесінде болды және «ҚТЖ» АҚ облыстық басқармасының теміржолшыларымен кездесті. Кездесулер барысында еліміздің болашағына аса қажетті мәселені шешуде әр дауыстың маңыздылығы атап өтілді және азаматтарды алдағы референдумға қатысуға үндеді. Депутаттар барлық азаматты сайлау учаскелеріне келуге және еліміздің болашағына оң ықпал ететін шешім қабылдауға шақырды.
Депутаттар Ләззат Рысбекова мен Арман Өтеғұлов Батыс Қазақстан Құрылыс материалдары корпорациясы мен Батыс Қазақстан машина жасау компаниясының ұжымдарымен кездесті. Жүздесуге қатысушылар атом электр станциясын салу мен пайдаланудағы негізгі мәселелерді, оның ішінде қауіпсіздігі мен одан әрі қызмет көрсету, жергілікті мамандардың құзыреті, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу мен электр энергиясын өндіру көлемін талқылады.
Сенат депутаттары Серік Өтешов және Сергей Ершов Саран қаласында «Galex Plus» тігін-трикотаж фабрикасының және «Silk Road Electronics» тұрмыстық техника өндіру кәсіпорнының еңбек ұжымдарымен кездесті. Ол сондай-ақ Қарағанды, Теміртау қалалары және Ақтас кентінің тұрғындарын сумен жабдықтайтын және су бұру қызметін ұсынатын «Қарағанды Су» ЖШС қызметкерлерімен де кездесулер өткізді. Сенаторлар сапар аясында облыстың педагогика мамандарымен де жүздесті.
Сенат депутаты Амангелді Нұғманов Ақтөбе облысында жергілікті бизнес өкілдері және ірі кәсіпорындардың қызметкерлерімен бірқатар кездесулер өткізді. Сенатор «Атамекен» ҰКП ұжымымен және жергілікті бизнес өкілдерімен кездесуде энергетика саласындағы реформалардың маңыздылығына тоқталды. Энергия ресурстары жетіспей отырған қазіргі жағдайда атом энергетикасын дамыту – талқылаудың негізгі тақырыбы болды.
Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов Алматы облысы Іле ауданының тұрғындарымен, сондай-ақ «Шин Лайн» ЖШС ұжымымен және Байсерке ауылдық округіне қарасты №28 мектеп-гимназиясының ұстаздарымен кездесті. Жүздесуге қатысушылар атом электр стансасын салудың бүкіл еліміздің, және өңір үшін маңыздылығын талқылады. Сенатор жоба вокзал төңірегіндегі инфрақұрылымды дамыту ғана емес, өңірге жаңа мүмкіндіктер ашатыны туралы айтты.
Сенат депутаты Амангелді Толамисов Жетісу облысындағы Жаркент қаласында болып, жергілікті тұрғындармен және Халел Хамраев атындағы орта мектеп ұжымымен кездесті. Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын салу және оның еліміз үшін артықшылығы талқылаудың негізгі тақырыбы болды.