Руханият

Демографиялық даму мәселесіне арналған жас ғалымдардың жиыны өтті

Институттың жас ғалымдары баяндама жасап, өз ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты.

 

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2024 ж. 17-қыркүйегінде АР22785742 «Қазақстан Республикасының демографиялық дамуының қазіргі заманғы тенденциялары (1991-2021 жж.)» гранттық қаржыландыру жобасы аясында күнтізбелік кестеге сәйкес «Қазақстан Республикасының демографиялық дамуы: үрдістері және проблемалары» атты жас ғалымдарға арналған дөңгелек үстел өткізді. Аталған тақырып бойынша институттың жас ғалымдары баяндама жасап, өз ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – Қазақстан Республикасында тәуелсіздік алғаннан кейінгі демографиялық процестерді, мемлекеттік демографиялық саясатты, оның тиімділігін, егемендік кезеңіндегі демографиялық процестердің өзгеру тенденциялары мен ерекшеліктерін жүйелі түрде жан-жақты зерттеу көзделді.

Баяндамашылар елдің демографиялық дамуы саласындағы Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы мемлекеттік саясатына, этносаралық қатынастардың даму тенденцияларына, оларды мемлекеттік реттеу әдістеріне және даму деңгейін бағалауға, ұлттық демографиялық саясатты жүзеге асырудың тиімділігіне қатысты өз көзқарастарын жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының демографиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нормативтік-құқықтық базаны және қолданыстағы заңнаманы жетілдіру қажеттігі айтылды. Халық санының динамикасын зерттеу, жыныстық және жас құрамы, білім деңгейі, табиғи қозғалыстың жалпы тенденциялары және олардың құрамдас бөліктеріне арналған баяндамалар жасалды.

Тарихшы жас ғалымдар бас қосқан жиын қорытындысында тәуелсіз Қазақстан Республикасының демографиялық дамуына қатысты зерттеулер жүргізіп, назар аударатын мәселелердің бар екендігі айтылды. Демография ғылымының саяси тұрғыда өзектілігі, басқа ғылым салаларымен тығыз байланыстылығы, мемлекеттік стратегиялық жоспарлауға тікелей әсер ететін ғылым саласы екендігі және осы бағытта әрі қарай тереңірек ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуді жалғастыру қажеттігі айтылды. Ұлттық дамудың мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеу барысында демографиялық перспективалары бойынша болжамдар жасалып, жиын барысында берілген ұсыныстарды арнайы тиісті мемлекеттік құрылымдарға жеткізу ұсынылды.

 

Қ.М. Мурзаходжаев,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының

ғылыми қызметкері