Қоғам

78 жастағы анасын ұрып-соққан әкімнің баласы бас бостандығынан айырылды

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотында 78 жастағы кейуананы ұрып-соққан ер адамға қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Inform.kz сілтеме жасап. Бұрынғы қала әкімінің ұлы қарт анасына қол көтергені үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары айыпталушы 1946 жылы туған анасына қасақана дене жарақатын салғаны, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіргені және дәрменсіз күйде болған қарияға қатысты қылмыс жасағаны үшін ҚК 107-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша айып тақты. 

Белгілі болғандай, ер адам үйінде отырып, анасымен жанжалдасып, ашуға булыққан күйі кейуанының басы мен денесін жұдырықтап, аяғымен тепкілеген. Салдарынан қария жабық бас-ми жарақатын алған: мидың шайқалуының өткір кезеңі, оң көз орбитасының бүйір қабырғасының сынуы, оң жақ бетсүйек доғасының сынуы, оң жақ гаймор қуысының алдыңғы және артқы қабырғаларының сынуы, гемосинус дамуы, беттің көгеруі; оң жақтағы кеуде қуысының жабық жарақаты, 3, 4, 5, 6 қабырғаларының сынуы; бірінші бел омыртқасының жабық, асқынбаған компрессиялық сынуы тіркелген.

Қатыгездің кінәсі жәбірленушінің, куәгер болған көршілердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Прокурор айыпталушыға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және талап-арыздарды толық қанағаттандыруды сұрады.

Ал қорғаушы тарап бас бостандығынан айырмайтын жеңілдеу жаза тағайындауды сұраған болатын.

Алайда сот оның жеке басын, кінәні жеңілдететін және ауырлататын жағдайлардың жоқтығын, сондай-ақ кінәсін мойындамағанын және жасаған ісіне өкінбегенін, жақын адамына — өз анасына дене жарақатын салғанын ескере отырып, бұл бап бойынша қатал жаза кесуді шешті.

«У.-ға 2024 жылғы 23 қыркүйектегі сот үкімімен орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 

Талап-арыздар толық қанағаттандырылып, 1 000 000 теңге көлемінде моральдық зиянды өтеу сомасы, сондай-ақ адвокаттарға төленген шығындар өндірілді», — деп мәлімдеді Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының баспасөз қызметі.