Қоғам

Семейде бірнеше адамға несие алғызған алаяқ футболшы сотталды

«Семей-2», «Ақжайық» клубында ойнаған қазақстандық футболшы алаяқтық және денсаулыққа зиын келтіру баптарымен сотталды.

Деректерге сүйенсек, ол таныстарын ірі көлемде несиеге ақша алғызып, кейін қайтармай, алдап кеткен.

Семей қаласының №2 сотында 36 жастағы экс-футболшы Азат Ерғалимовқа қатысты қылмыстық іс қаралған. Оған қылмыстық кодекстің екі бабы («алаяқтық» және «орташа ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтіру») бойынша айып тағылды.

Ерғалимов футболдағы мансабын 2005 жылы «Семей-2» клубының құрамында бастаған. Кейін әр жылдары еліміздің түрлі клубтарында, соның ішінде Оралдың «Ақжайық» клубында ойнаған. Ол клуб құрамында 2017-2018 жылдарда болған.

Іс материалдарынан оның 2022 жылдан 2023 жылға дейін туыстарынан, достарынан және таныстарынан түрлі сылтаулармен қарыз алғаны белгілі болды. Жәбірленушілердің жалпы шығыны 60 миллион теңгеге жеткен. Қылмыстық іс 32 эпизодтан тұрды. Сонымен қатар, көптеген адамдар Ерғалимов үшін несие алып, қарызға батуға мәжбүр болған.

Сот үкімімен Азат Ерғалимов Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Футболшы мерзімін орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.