Бір ауланың балалары достарын үйдің 12-қабатынан лақтырып жібермек болған
Астанада бір ауланың балалары 7 жасар достарын 12-қабаттан лақтырып жібермек болған. Жеткіншектердің бұл әрекеті үшін ата-аналары жазаланды.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін олардың ата-аналары жауап берді.
Елордадағы тұрғын үй кешенінің бірінде кәмелет жасқа толмаған бес бала 7 жасар баланы подъезге кіргізіп, 3-қабаттан лақтырып жібермек болады. Тіпті олар алғашында баланы 12-қабаттан лақтырып жіберуге келіскен.
Соңында өздерінен кішкентай балаға соңғы сөзін айтуға мүмкіндік берген.
"Секіргің келе ме?! Ол "иә" әлде "жоқ" деді ме? "Иә" деп айтып жатыр. Біз қазір 3-қабаттамыз. Соңғы сөзіңді айт Анис. Қоқыс тұрған жаққа лақтырайық. Лақтырайық", – дейді жеткіншек. Бірақ әрекеттері сәтсіз аяқталған.
Сот отырысы кезінде төрт баланың анасы өз кінәсін мойындады, ал біреуі кінәсін мойындаудан бас тартты. Сот ата-аналарды бала тәрбиесінде өз міндеттерін орындамағаны үшін, балаларына күнделікті өмірде және қоғамдық орындарда өзін ұстау ережелерін үйретпей, қоршаған адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргені үшін кінәлі деп таныды. Оларға 10 АЕК (36 920 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Сондай-ақ басқарма балалармен психологтар жұмыс істейтінін және олардың ата-аналарымен түсіндірме жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді. Балалардың ата-анасы жәбірленушіден кешірім сұрап, түсіндірме хат жазды. Сонымен қатар психологтармен жұмыс істеуге келісті.