Экономика

Дүниежүзілік көшпенділер ойынынан 20 есе аз табыс түскен

Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде шетелден келген туристердің Қазақстан экономикасына қанша үлес қосқаны белгілі болды.

89 елдің басын қосқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде Қазақстанға 597 мың турист келді. Дайындық және ұйымдастыру дирекциясы басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев дүбірлі додаға мемлекеттік бюджеттен 5,7 миллиард теңге бөлінгенін айтқан еді. Алайда сайысты тамашалауға келген туристерден түскен қаражат 625 000 АҚШ доллары, яғни 300 миллион теңге ғана болды. 
 

еQonaq жүйесі Астанада 12 500-ге жуық шетелдік туристі тіркеді. Олардың жататын жеріне, жол жүруіне, тамақтануына және көңіл көтеруіне 15,5 миллион доллар, яғни 7,5 миллиард теңге жұмсаған. 

“Қазақстанға ең көп туристер Қытайдан келген. Аспан асты елінен келген туристер саны 33 мыңнан асты. Үндістаннан 6 мыңнан астам және Германиядан 4 мыңнан астам саяхат сайысты тамашалауға келген. 1-13 қыркүйек күндері Ұлттық музейге 14 мыңнан астам, "Бәйтерек" монументіне 15 мыңға жуық, "Нұр-Әлем" павильонына 10 мыңға жуық турист барған”, – деп мәлімдеді туризм және спорт министрлігі.