Қоғам

Енді әскерилердің құмар ойындарға қатысуы елеулі тәртіптік теріс қылыққа жатқызылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери жарғыларға өзгерістер енгізді. Президент тиісті жарлыққа қол қойды.

Құжатқа сәйкес, "Қазақстан Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпы әскери жарғыларын бекіту туралы" президенттің 2007 жылғы 5 шілдедегі № 364 Жарлығына өзгерістер енгізіліп жатыр.

“Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тәртіптік жарғыларына қосымшада ақшалай немесе өзге де мүліктік сипаттағы құмар ойындарға қатысу немесе ақшаға, заттарға және басқа да құндылықтарға бәс тігуге қатысу елеулі тәртіптік теріс қылықтардың түріне жатқызылады”, – делінген хабарламада. 

Жарлық алғашқы ресми жарияланған күннен, яғни 16 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

Айта кетейік, 2024 жылдың 9 қыркүйегінде Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салатын заң күшіне енген еді.  Енді мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары да құмар ойындар мен бәс тігуге қатыса алмайды. Шектеулерді сақтамаған жағдайды қызметінен босату қарастырылған.