Руханият

«Каприздеріңнен шаршадым». Qazaqstan арнасының продюсері жобадан Ақбота Керімбекованы қуып жіберген

Белгілі әнші Ақбота Керімбекова әлеуметтік желіде корпорация басшысы Ләззат Танысбайға үндеу жасады

Жылда күзгі маусымда Qazaqstan ұлттық арнасы әнші-актерлердің қатысуымен бір шоу-бағдарлама ұйымдастырады. Атауы әр түрлі болғанымен, сарыны бірдей. Бұрын «Егіз лебіз» болса, бұл жолы «Жұлдызды жұп» деп аталады. Бағдарлама басталмай жатып, шу шықты. Белгілі әнші Ақбота Керімбекова әлеуметтік желіде корпорация басшысы Ләззат Танысбайға үндеу жасады.

 «Бүгін Qazaqstan ұлттық арнасының «Жұлдызды жұп» жобасының кезекті түсіріліміне Алматыдан Астанаға ұшып келдік. Біраз бұрын бағдарламаны ұйымдастырушылар маған хабарласып, SAAD мейманханасына бөлме броньдалғанын айтты. Сол жаққа барсам, «сізге орын броньдалмаған» деп тұр.Бірден жауапты қыздарға хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, өзімнің қатты ауырып келгенімді, мәселені тезірек шешуін сұрадым. «Басқа жерге ауыссаңыз» деді. Көшіп-қонып жүруге шамамның болмай тұрғанын айтып, сәл назымды жеткіздім. Бір кезде аты-жөні жоқ, жоба продюсері, «әйгілі»  Динара Адам хабарласып, жекіп, «я устала уже от всех этих капризов, все ваши капризы у меня выше голова стоят. Хочешь, уходи на х*р из этого проекта». Бұл оның айтқаны. Дәл осылай!» - дейді Ақбота Керімбек.

Ол «қарынымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» деп отыр. Ұлт болғалы маңдайымызға бұйырған жалғыз ұлттық арнамыздың маңдайалды жобаларына Алаш түгілі, адамның қадірін білмейтін, бірде-бір рет қазақша ойланып, ой қорытып көрмеген біреулер жетекшілік еткен соң, көрген күн осы екен дейді.

«Қазір қоғамда төл арналарымыздың осы тектес музыкалық жобаларына сын көп. «Тұрқы жоқ әнші, сұрқы жоқ сөз, ұлты жоқ ән қаптады» деп өкпелейді халық. 30 жылға жуық қазақтың ғана әнін айтып, сахнада жүрген әншілерді осылай «послать» ете берсе, ән өнеріне қызмет етуге кімде құлық болады дейсіз? Жеке өзіме бұл жоба түк те қызық емес, тек, «мен болмасам, кім? Өз авторларымның туындылары халыққа жете берсін. Жасымды, жолымды пұлдап мен қатыспасам, менің орыныма шөпті де, шөңгені де өлең ғып жүрген біреу табылады ғой» деген оймен шақыруларына келісім бергенмін. Бұған дейін бұл жобадан, бұл продюссерлік құрамнан бір тиын гонорар да алып көрмегенмін. Өзге елден келетін «әйдік» әншілердей райдер де қоймаймыз. Қарапайым күтіп алу әдебін сақтаса, менің бұларда нем бар? Сонысымен қоймай, анадай сөз айтады!.. Бұл кім сонда?!», - дейді әнші.