Павлодарда 6-сынып оқушысы екі баланы пышақтады
Полиция қылмыстық іс қозғаған жоқ
Бала құқықтары жөніндегі аймақтық уәкіл Сәуле Шакеневаның айтуынша, оқиға 11 қыркүйек күні түстен кейін дүкеннің жанында болған.
Алтыншы сынып оқушысы екі құрдасын жиналмалы пышақпен жарақаттаЙды. Олар бұл туралы ешкімге айтпай, сабаққа қатыспастан үйге кеткен. Кейін екеуі де дәрігерге жүгінуге мәжбүр болды.
— Бір баланың сол жақ жамбасында пышақпен кесілген жарақат, екіншісінде сол жақ жамбаста соғылған жара болды. Медициналық көмек көрсеткеннен кейін оқушылар амбулаториялық емдеуге жіберілді, — деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасы.
Сәуле Шакеневаның айтуынша, келесі күні жәбір көрген балалардың ата-анасы мектеп әкімшілігіне хабарлаған, олар өз кезегінде білім бөлімі мен полицияны құлағдар еткен.
Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалмағанын жеткізді, өйткені оқушы әлі 14 жасқа толмаған. Оның іс-әрекетіне ата-анасы жауапты.
— Күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартатын жасқа жеткен жоқ. Осыған байланысты аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалмады. Заңды өкіл баланы тәрбиелеу, құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.
Сәуле Шакенева зардап шеккен оқушылар сабаққа қайта оралғанын, олардың денсаулығына ешқандай қауіп жоқ екенін айтты.
Пышақтаған оқушы енді үйде оқиды. Мұндай шешім кәмелетке толмағандар істері және олардың құқығын қорғау комиссиясының кезектен тыс отырысында қабылданды.