Қоғам

Сенатор Сергей Карплюк туризм саласының инвестициялық тартымдылығын жақсарту жөніндегі шараларды ұсынды

Оның басты себебі – салада қажетті инфрақұрылымның болмауына тікелей байланысты.

Сенатор Сергей Карплюк өзінің депутаттық сауалында еліміздегі туризм саласының инвестициялық тартымдылығы төмен екенін атап өтті. Оның басты себебі – салада қажетті инфрақұрылымның болмауына тікелей байланысты.

Депутат 13 миллиард теңге инвестиция әкелуге дайын болған инвестордың нақты мысалын келтірді. Алайда ол электр энергиясының, су мен кәріздің және жолдың болмауына байланысты қаржы құюдан бас тартқан екен. Мемлекеттік инфрақұрылым жүргізу процесі төрт жылдан астам уақыт алады, ал инвестор құрылысты екі жыл ішінде аяқтай алатын болған. Демек, оның жұмысы екі жылға тоқтап қалу қаупі бар. Инвестор мәселені шешу үшін күн батареялары, биологиялық тазарту станциялары және жылу сорғылары сияқты баламалы энергия мен су көздерін пайдалануды ұсынды. Бұл мемлекет шығынын едәуір азайта алар еді. Бұл жоба бюджетке 12 миллиардтың орнына 500 миллион теңге ғана шығын әкелетін болған. Инвестор сонымен қатар пилоттық жобаны Ақкөл қаласының маңында іске асыруды ұсына отырып, салық арқылы шығындарды 10 жыл ішінде мемлекетке қайтаруға дайын болатын.

«Шын мәнінде, бұлмемлекеттің салық орнына инфрақұрылымға салған инвестициясы болатын. Жоба сәтті болған жағдайда оны басқа туристік орындарға да пайдалануға болады. Нәтижесінде, бұл саланың инвесторларға тартымдылығын арттырады, бюджетке түсетін жүктемені едәуір азайтады, табиғи ресурстардың сол қалпы сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл тәсіл әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті заманауи және экологиялық таза курорттар салуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Парламент Сенаты депутаттарының қатысуымен ұлттық экономика, туризм және спорт, сыртқы істер, энергетика, экология және табиғи ресурстар министрліктеріне туризм саласындағы инфрақұрылымдық қолдауды жақсарту жөніндегі осы ұсыныстарды қарауды ұсынамыз. Ұлттық экономика министрлігі инфрақұрылымдық қолдауға орай заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныс енгізуі керек. Ақмола облысының әкімдігі Инвестициялық штабтың қарауына Ақкөл ауданындағы пилоттық жоба бойынша бастама әзірлесін», - деді Сергей Карплюк.