Қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты тергеу: енесі табылған жоқ
- авторОймақ
- 13 қыркүйек, 2024
- 257
Қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Бұл туралы Дармштадт қаласының (Германия) прокуратурасы ресми сауалға берген жауабында мәлімдеген, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz азАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта қамауға алынған ешкім жоқ, дәлелдер әлі де сарапталып жатыр.
«Тергеу амалдары жалғасуда, атап айтқанда, қосымша айғақтарды талдау қажет. Осыған байланысты тергеу әзірше аяқталмайды. Қамауға алынғандар да жоқ. Бұдан басқа, қазіргі уақытта туыстарының қайда екені туралы ақпарат жоқ», — деп түсіндірді аға прокурор Йоахим Хаусшильд.
Прокуратура тергеуге қанша қызметкер қатысқанын хабарламады.
Еске сала кетейік, азаптап өлтірілген экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның мәйіті Германиядан табылған болатын.
Бұрынғы судьяның жоғалғанын оның інісі Қанат Сайлыбаев хабарлаған еді.
Артынша неміс полициясы ҚР азаматшасы Айгүл Сайлыбаеваның өліміне түсінік берді.
Бұған дейін 40 жастағы А.Сайлыбаева Астананың Сарыарқа ауданында судья болып қызмет атқарса, соңғы уақытта Германияның батысындағы Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған.
4 маусым күні таңертең қызын балабақшаға апарған. Содан бері оны ешкім көрмеген. Оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды.
Немістің BILD басылымының хабарлауынша, әйелдің мәйіті полиэтилен қапқа салынған, өлім алдында азап көрген. Айгүл Сайлыбаеваның қолынан, мойнынан және бетінен пышақ жарақаты табылды.
А.Сайлыбаевамен бір мезгілде Ресейден келген 49 жастағы қайын енесі Наталья Донцова жоғалып кетті. 4 маусымда ол немересін балабақшадан үйіне алып келген. Содан бері оны ешкім көрмеген.
Германияда көз жұмған экс-судья Айгүл Сайлыбаева Алматыда арулап жерленді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.