Қоғам

7 айдың ішінде 62 сот сарапшысы жұмыстан кетті – Нұрлан Бекназаров

Кадр тапшылығы - өткір мәселенің бірі

 

Сенатор Нұрлан Бекназаров депутаттық сауалында сот сарапшылары тап болып жүрген проблемалар туралы айтып берді. Ол депутаттық сауалында саланы жетілдіру шараларын ұсынды.

Кадр тапшылығы - өткір мәселенің бірі. Сенатор қазіргі кезде 140 жұмыс орны бос екендігі және жыл сайын тағы ондаған сарапшылар жұмыстан шығарылады деген деректі келтірді. Оның себебі – жалақының төмендігі, жұмыс кестесінің шамадан тыс көптігі, әлеуметтік кепілдіктің болмауы және медициналық сарапшылар оқуының ұзақтығы.

«Сарапшылардың жеткіліксіздігі жүктеменің 3-4 есеге артуына, сараптама жүргізу мерзімдерінің  шамадан тыс созылуына әкеліп соғады. Өз кезегінде бұл процестік мерзімдердің сақталуына, азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының сот арқылы әділ, тиімді қорғалуына теріс әсерін тигізеді. Ағымдағы жылдың 7 айында ғана 62 сот сарапшысы өз еркімен қызметтерінен босаған», - деді сенатор.

Тағы бір мәселе – орталық филиалдарын ғимараттармен және үй-жаймен жабдықтау ісі. Қызметкерлер бейімделген бөлмелерде жұмыс істеуі тиіс. Сондай-ақ, кәсіби деңгейін ұстап тұру үшін сот сарапшылары бес жылда бір рет біліктілігін арттыруы керек. Алайда, Қазақстанда біліктілікті арттыру бойынша ғылыми-әдістемелік база жоқ. Ал сот сарапшыларын шетелде оқытуды көздейтін бюджеттік бағдарлама мүлде қаралмаған. Сенатор Нұрлан Бекназаров осыған байланысты Үкіметтен елдегі сот сараптамаларының сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар шараларды қабылдауды сұрады.

«Сот сарапшыларының еңбегіне ақы төлеу жүйесін жетілдіру арқылы олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру, аккредиттеудің халықаралық стандарттарын енгізудегі талаптарды ескере отырып, қолда бар ғылыми-техникалық жабдықты жаңғырту және сатып алуды қамтамасыз етуде жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ауылдық елді мекендерге жұмысқа келген мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуге қатысты заңға өзгерістер енгізу керек. Өңірлерде сот сараптамасы институттары үшін бірыңғай ғимараттар салуға қаражат бөлуді қарастыру керек», - деді депутат.