Бүгін көкпарда Қазақстан мен Қырғызстан кездеседі
Финал сағат 10.00-де басталады.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойынындағы ең басты жарыстардың бірі көкпар мен көкбөрі. Екі ойынның финалында да Қазақстан мен Қырғызстан кездеседі.
Көкпар мен көкбөрінің басты айырмашылығы – біреуінде серкені шеңберге, екіншісінде қазандыққа салады.
«Қазанат» ипподромында қазақстандық көкпаршылар жартылай финалда Ресей командасын жеңді. Қазақстан құрамасы бұл ойында, 18 салым салса, ресейлік көкпаршылар серкені шеңберге небәрі 2 рет қана дүп тастай алды. Қорытынды есеп – 18:2.
Енді финалда Қазақстан Қырғызстанмен кездеседі. Айыр қалпақты ағайын көкпарға негізгі құрамын әкелді.
Көкпардың финалы бүгін Қазақстан уақытымен 10:00-де басталады. Билет бағасы – 12 мың теңге.
Ал көкбөріден Қазақстан командасы жартылай финалда Түркия құрамасын 15:1 есебімен жеңді. Қырғыздар ресейліктерді ұтты. Сөйтіп, финалда Қазақстан мен Қырғызстан жолығатын болды.
Көкбөрінің финалы бүгін 15:00-де басталады. Билет бағасы – 9 мың теңге.