Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: америкалық ковбойлар елордаға келді
- авторОймақ
- 6 қыркүйек, 2024
- 206
Америкалық ковбойлар командасы V дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға Қазақстанға келді. Астаналықтар көкпардан АҚШ-тың құрама мүшелерін әуежайдан қарсы алды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Ник Уиллард бастаған америкалықтар көшпенділер ойындарына осымен үшінші рет қатысады, бірақ Қазақстанға алғаш келіп отыр.
«Мені Орталық Азия мәдениеті үнемі қызықтыратын, әсіресе Қазақстан мен Қырғызстанның мәдениеті. Сондықтан көшпенділер ойындарына қатысу мүмкіндігін жібермедім. Бұл мен үшін үлкен мәртебе, ойынға ұзақ дайындалып, тағатсыздана күттім», - деді Ник Уиллард.
Сондай-ақ, шетелдік мейман алдағы ойындардан не күтетіні туралы айтты.
«Жеңістен үміттіміз. Жалпы уақытты сәтті өткізсек дейміз, қобалжудамыз. Әр көшпенділер ойындарына қатысқанда адамдармен араласып, мәдениетпен танысу ұмытылмас әсер қалдырады», - дейді ол.
Көкпардан АҚШ командасының құрамында 7 ойыншы бар, кейбірі алғаш рет қатысқалы отыр, соның бірі – Уилл Грант.
«Мен бұрын көкпар ойнамағанмын, біздің командадағылардың біразы алғаш ойнағалы отыр. Бірақ, ойын ережесін білеміз, біз үшін жеңіл. Біз көкпарға ұқсас ойындарға қатысқанбыз, сондықтан атқа міну, жарысудан хабарымыз бар. Сол сияқты жарыс алдында жылқылармен жақынырақ танысып, ойын сәтті өтеді деп үміттенеміз», - дейді У. Грант.
Брэндон Брайан 2016 жылы Қырғызстанда өткен көшпенділер ойындарына қатысқан. Оның айтуынша, АҚШ құрамасы биыл өтетін көшпенділер ойындарына дайындықты маусымда бастаған.
«Ойын тартымды әрі қызықты өтеді деп ойлаймын. Командамен ойнаған үнемі қызықты, сол сияқты көкпар мен көкбөрі ойынының айырмашылығын анықтауды жалғастырамын. Сонымен қатар көшпенді халықтар және қазақ мәдениеті туралы көбірек білгім келеді», - деді Б. Брайан.
Сондай-ақ, америкалық ойыншы жарыста жеңіске жететіндеріне сенімді.
«Біздің көкпар командасы АҚШ-тағы ең үздік командалардың бірі екеніне сенімдімін. Біздің ойыншылар мықты, қатарымызға жаңа ойыншылар қосылды, олар да дес бермейді», - дейді көшпенділер ойындарының қатысушысы.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.