Қоғам

5 қыркүйек Халықаралық қайырымдылық күні болып бекітілді – Аида Балаева

Биыл 18 мың адам қатысқан «Игі істер марафонын» өткізу тәжірибесі жалғасты.

2012 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 5 қыркүйек Халықаралық қайырымдылық күні болып бекітілді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева facebook парақшасында жазды. 

"Қайырымдылық барша адамзатты ортақ мүддеге біріктіріп, ізгілікке жол ашады. Бұл игі дәстүр өскелең ұрпаққа үлгі болып, әрі олардың жақсылық жасауға, мұқтаждарға көмек беруге деген ұмтылыстарын арттырады.

Өздеріңізге белгілі, халқымызда ежелден келе жатқан «Асар» деген тамаша дәстүр бар. Қанымызға сіңіп, болмысымызбен біте қайнасқан игі дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, тарихтың ең қиын кезеңдерінде өзімізді ұлт ретінде сақтап қалуға сеп болды. Қазақ халқының бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ауқымды да ауыр жұмыстарды бірлесе атқаратын бұл дәстүрі әлі де жалғасып келеді.

Бүгінде еліміздің меценаттары қатарында ірі, орта және шағын бизнес өкілдері, қайырымдылық ұйымдары мен қарапайым жанашыр азаматтар жетерлік.

Біздің қоғамда мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, өз жерлестерінің өмірін жақсартуға үлес қосуға дайын жанашыр жандардың көп екені көңіл қуантады. Олардың ақадал көңілі, өнегелі өмірі, ізгі қоғам құруға деген ұмтылысы көпке үлгі болуда.

Мәселен, көктемгі су тасқыны бәрімізге үлкен сынақ болды. Тілсіз жаумен күрес Қазақстан халқын одан сайын біріктіре түсті. Сөйтіп, бұл сынақты ұлт болып ұйысып, ел болып бірге еңсердік. Министрліктің бастамасымен қолға алынған «Күшіміз бірлікте» акциясына 50 мыңға жуық волонтер мен қайырымдылық ұйымы қатысып, 15 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды.

Мемлекет өз тарапынан қайырымдылық саласына ұдайы көңіл бөліп келеді. Меценаттарды ынталандыру шаралары қарастырылып, «Шапағат» медалі мен Құрметті атақ тағайындалды.

Биыл 18 мың адам қатысқан «Игі істер марафонын» өткізу тәжірибесін жалғастырдық.

Біздің министрлік қайырымдылықты кеңінен насихаттау, қайырымдылықтың жаңа мәдениетін қалыптастыру, өскелең ұрпақты мейірімділік, жанашырлық, сүйіспеншілік сияқты асыл қасиеттерге тәрбиелеу бағытындағы жұмысын жалғастыра береді.

Құрметті қайырымды жандар!

Сіздердің әр күніңіз мейірімге және әлемді жақсартуға деген ұмтылысқа толы болсын.

Сіздердің игі істеріңіз әлемді ізгілік пен сәулелі сәттерге толтырады.

Баршаңызға зор денсаулық, баянды бақыт пен толайым табыс тілеймін. Абыройлы миссияны одан әрі жемісті жалғастыра берулеріңізге тілектеспін. Еліміз аман, бірлігіміз бекем болсын!".