Қоғам

"Бұл – оның жұмыс стилі": Садықов Перуашевтің пікіріне қатысты мәлімдеме жасады

Бұл мәселе Мәжілістің тәртіптік кеңесінде талқыланған жоқ

Мәжілістің бұрынғы депутаты Асқар Садықов әлеуметтік желіге видео жариялап, өзіне қатысты айыптауларды өтірік деп отыр. 

Азат Перуашев өз халқын бірнеше рет адастырды. Шамасы, бұл  – оның жұмыс стилі. Мен сізге жеке жүгінемін, Азат Перуашев. Егер мені партиядан шығарғыңыз келсе басқа дәлелдер келтірсеңіз болар еді, бірақ сізде ол да жоқ. Менен әлі күнге дейін түсініктеме алынған жоқ. 

Екіншіден, партия басшылығы бұл жайт туралы маған ескертпеді. Үшіншіден, бұл мәселе Мәжілістің тәртіптік кеңесінде талқыланған жоқ. Сіздің мәлімдемеңізді оқып таңғалып отырмын. Бірақ сіздің бұған дейінгі жалған мәлімдемелеріңіз БАҚ-тың есіне түседі деп ойлаймын. Азат Перуашев осы ақпарат арқылы өзінің орынбасары, Ұлттық ұлан генералы жемқор деген ақпаратты жасырып қалғысы келген болар. Менің ойымша, Азат Перуашев, сіз мақсатыңызға жеттіңіз, - дейді Садықов. 

Еске салсақ, өткен аптада Орталық сайлау комиссиясы «Ақ жол» демпартиясының ұсынымы бойынша Мәжіліс депутаты Асқар Садықовты депутаттық мандатынан айырған болатын.