Әлеумет

Алматы облысында 85 мұғалім жұмыстан босатылуы мүмкін: әкімдік түсінік берді

Жиын барысында ұстаздар қауымы бейнеүндеуде айтылған мәселелер бойынша түсініктеме алды.

Алматы облысында 85 мұғалім жұмыстан босатылуы мүмкін. Осы жағдайға қатысты өңір әкімдігі түсінік берді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Inform.kz сайтына сілтеме жасап. 

Шелек ауылындағы Әлия Молдағұлова атындағы мектептің ұстаздары Мемлекет басшысы мен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке видеоүндеу жолдады.

Айтуларынша, елді мекенде жаңа мектептің ашылуына байланысты 44 жылдық тарихы бар ескі мектепте сыныптар жабылып жатыр. Оссының салдарынан 85 мұғалім жұмыссыз қалуы мүмкін.

Шелек ауылындағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектеп мұғалімдерінің өтінішімен Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің басшысымен кездесу өтті.

Жиын барысында ұстаздар қауымы бейнеүндеуде айтылған мәселелер бойынша түсініктеме алды.

Білім бөлімінің басшысы бүгінгі күнге дейін Ә.Молдағұлова атындағы орта мектептен 279 оқушы мен 12 мұғалімнің жаңа мектепке ауысқанын және мұғалімдердің жұмыс уақытының қысқару қаупі жоқ екенін атап өтті. 

«Қазір Ә.Молдағұлова атындағы орта мектепте 543 оқушы білім алып жатыр. Алдағы уақытта да, аталған мектептің оқушылары жаңа мектепке ауысқан жағдайда да мұғалімдер жұмыспен қамтылатын болады. Қазіргі уақытта мектептегі оқу үрдісі бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатыр», — деп атап өтті облыс әкімдігінен.