Қоғам

Нұртөре Жүсіп Әзербайжан Парламентінің сайлауына байқаушы ретінде қатысты

Сенатор Қазақстанның Әзірбайжандағы елшісі Әлім Байелмен және «Жаңа Әзербайжан» партиясының жетекшісімен кездесті.

 

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Әзербайжанда өткен кезектен тыс Парламент сайлауына байқаушы ретінде қатысты.

Сапар кезінде сенатор Әзербайжан Ұлттық Мәжілісінің сайлауалды штабының қызметімен танысты. Іс-шара барысында сайлауды өткізу алгоритмі, сайлау комиссиясының құрамы мен міндеттері және сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы жөнінде кеңінен мәлімет берілді.

Сенатор Әзербайжан Қазақстан үшін сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық салада, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар аясында маңызды серіктес екенін атап өтті.

«Елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Қазақстан-Әзербайжан стратегиялық серіктестігі екіжақты қарым-қатынастардың кең ауқымын, соның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты қамтиды. Қазіргі таңда бірнеше негізгі мемлекетаралық және өңірлік келісімдерге қол қойылды. Ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізіне айналған маңызды диалогтар белсенді түрде жүргізіліп келеді. Қазақстан Парламентінің байқаушысы ретінде қатысуымыздың өзі халықтарымыз арасындағы сенім мен сыйластықтың бір белгісі. Сондай-ақ мұндай қадам өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға тың серпін беретіні сөзсіз», – деді Нұртөре Жүсіп.

Бұдан басқа, сенатор Қазақстанның Әзірбайжандағы елшісі Әлім Байелмен және «Жаңа Әзербайжан» партиясының жетекшісімен кездесті. Сұхбат барысында Нұртөре Жүсіп пен Әзербайжан партиясының басшысы мемлекеттер арасындағы бейбіт және тату көршілік қарым-қатынасты одан әрі дамыту, сондай-ақ, ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.