"Ол отыра алмайды, сотқа жылап келді": Гүлмира Сатыбалдының соты кейінге қалдырылды
Олардың айтуынша, сотталушының аллергиясы қозып кеткен.
Бүгін Гүлмира Сатыбалдының ісіне қатысты сот жарыссөзі жалғасуы керек еді. Алайда адвокаттары сотталушының аллергиясы ұстап, ауырып қалғанын мәлімдеді.
Сот отырысында Гүлмира Сатыбалдының адвокаттары сотталушының әл-ауқатының нашарлығына байланысты жарыссөзді кейінге қалдыруды сұрады. Олардың айтуынша, сотталушының аллергиясы қозып кеткен.
– Оған антигистамин препараттары салынды. Қазір оның бүйрегі қатты ауырады. Демалыста болған соң дәрігер табылар емес, - деді адвокат Әсемгүл Даниалова.
Ол сондай-ақ қорғаушылардың сот жарыссөзіне дайын екенін, бірақ сотталушының өзі бұл процеске шыдай алмайтынын, сондықтан отырысты кейінге қалдыруды сұрайтынын атап өтті.
– Біз процесті созғымыз келіп отырған жоқ. Ол шынымен ауырады. Ол отыра алмайды, сотқа жылап келді, - деп атап өтті адвокат.