Саясат

Тоқаев кеншілерді мемлекеттік наградалармен марапаттады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шахтерлерді марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.

Тоқаевтың Жарлығымен Шахтер күні қарсаңында отандық көмір өнеркәсібі саласындағы жемісті еңбегі және кен игеру ісін дамытуға қосқан үлесі үшін бір топ шахтер мен сала қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды.

“36 шахтер "Құрмет" орденінің кавалері атанды. 1 қызметкер ІІ дәрежелі "Еңбек даңқы" орденімен, 27 кенші ІІІ дәрежелі "Еңбек даңқы" орденімен марапатталып, 43 азамат "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері болды”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында қаза тапқан 46 кеншіге ескерткіш орнатылған еді.  

Еске салайық, 2023 жылы 28 қазанда Костенко шахтасында метан газы жарылған. Соққы толқынының таралу диапазоны 2 км-ден асқан. Апат кезінде жер астында 252 шахтер болған деп айтылады. 206-сы өз бетімен жер үстіне шыққан. Қалғаны сыртқа шыға алмай қалған.

Алдын ала болжам бойынша, апатқа көмір оятын орыннан шыққан өрт себеп болған. Осы оқиғаға байланысты 29 қазан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Елде мемлекеттік ту төмен түсіріліп, барлық ойын-сауық шарасы тоқтады.