Әлеумет

Үш жастағы Асылымның өлімі: оқиғаға қатысты полиция мәлімдеме жасады

Ол 16 мамырда Сарыағаш ауданы Сіргелі ауылында жоғалып кеткен.

Түркістан облысы ПД бастығының тергеу жөніндегі орынбасары полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков күдіктінің ұсталғанын хабарлаған. Бұл туралы  Qaz365.kz порталы мәлімдеді.

Еске сала кетейік, Сарыағаш ауданында Асылымның денесі мамыр айында дәретханадан табылған еді.

«Тергеу іс-шаралары барысында бұл оқиғаға қатысты кәмелетке толмаған күдікті  анықталды. Анықталған жағдайларға байланысты және күдіктінің психологиялық жағдайын ескере отырып, ол мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларын толық және жан-жақты анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда», - деп хабарлады Асылжан Қалдарбеков.

Үш жасар Асылым 16 мамырда Сарыағаш ауданы Сіргелі ауылында жоғалып кеткен. Таңертеңгі сағат тоғыздар шамасында қақпаның жанында ойнап жүріп, артынша із-түзсіз жоғалып кеткен. Құтқарушылар мен сүңгуірлер каналдар мен ауладағы септиктерді, құдықтарды тексерген. Іздестіру шарасына полиция, ТЖМ қызметкерлері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. 19 мамырда Асылымның денесі көрші үйдің дәретханасынан табылды.