Әлем

KAAN: Түркия тұңғыш әскери ұшағын сынақтан өткізді

Түркия KAAN деп аталатын әскери ұшағын алғаш рет ұшырып, сынақтан өткізді. Бесінші буынға кіреді деп саналатын бұл ұшақ әзірге прототип қана. Жаңа ұшақ сынақтардан толық өтіп, жетілдірілген соң сериялы өндіріске жіберіледі. Шамамен 2028 жылы. Сөйтіп Түркия қарулы күштеріндегі F-4 және F-16 ұшақтарын алмастыруы мүмкін.

2024 жылдың 21 ақпанында алғаш рет көкке көтерілген ұшақты жасаудың тарихы біршама терең. Түріктерге оны жасау үшін ондаған жыл қажет болды. Дегенмен олардың ұшақ құрастыру тәжірибесі бар еді. 

F-16 дан басталған жол

Түркияда 1974 жылдың 28 маусымында  Turkish Aerospace Industries Inc компаниясы құрылған болатын. Бұл компанияны түріктер TUSAŞ деп атайды. Қазақстанға Anka S дрондарын сатқан һәм бірлескен кәсіпорын ашуға келіскен фирма осы. Түркияның қорғаныс өнеркәсібіндегі квазимемлекеттік құрылым. Осы компания 1987-1995 жылдар аралығында Öncel-1 бағдарламасы аясында F-16  ұшақтарын құрастыруды бастады. Әрине, алғашқы 8 ұшақ АҚШ тағы Fort Worth компаниясында құрастырылғанмен, бағдарламаға сәйкес 152 дана F-16C/D Block 30 және Block 40 ұшақтары Түркияда құрастырылып, қарулы күштерге берілді. 1995-1999 жылдары Öncel-2 бағдарламасы бойынша TUSAŞ компаниясы F-16C/D Block 50 конфигурациясындағы 80 ұшақты құрастырды. Кейін Lockheed Martin мен TUSAŞ-тың бірлескен жобасы аясында Öncel-3 бағдарламасы әзірленді де, 10 дана F-16 модернизацияланды. Öncel-4 бағдарламасы аясында 2008-2012 жылдары F-16C/D Block 50+ конфигруациясындағы 30 ұшақ құрастырылды. Яғни Түркия көптен бері АҚШ-тың әскери ұшақ жасау саласында серіктесі болып келе жатыр. Әрі F-16 ұшағын құрастыратын 5 мемлекеттің бірі. Тіпті түріктер F-35 жобасына да қатысқан. Бірақ кейін саяси себептерге байланысты жобадан шығарылды.

2010 жылы  шешім қабылданды

Негізі түріктер ешкімге тәуелді болмауды жиі алға тартатын. Мұндай көзқарастың нәтижесінде 2010 жылы Түркия қорғаныс өнеркәсібі кешені атқарушы комитетінің жиналысында 2020 жылға қарай әскери әуе күштерін отандық жаттығу және жойғыш ұшақтарымен қамтамасыз ету үшін жобалау жұмыстарын жүргізу TUSAŞ-қа тапсырылған еді. Әрі 5 буын ұшағы деңгейіне жеткізу міндеті жүктелген. Компания концептуалды жобаны 2011 жылы TF-X дейтін атаумен бастады да,  2013 жылы аяқтады. Қызығы, әу баста жобаға шетелдік серіктестерді тарту да көзделді. Бірақ 2015 жылы сол кездегі Түркия премьер-министрі Ахмет Дауытоғлу ешбір мемлекетті жобаға серіктес етіп тартпау жөнінде шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Ұшақтың әу баста үш жобасы болған.  Lockheed Martin-нің F-22 ұшағына ұқсас,  қос моторлы FX-1, General Dynamics-тің F-16-сына ұқсас, бір моторлы FX-5,  Saab-тың бір моторлы JAS 39 Gripen-іне ұқсас FX-6 жобасы болған. Ақыры F-22 ге ұқсас жоба ғана қалды. Жобалау жұмыстары, түрлі нұсқаларды қарастыру біршама ұзаққа созылды. Дегенмен 2021 жылы TUSAŞ ұшақтың кейбір бөлшектерін шығара бастады. Былтыр 16 наурызда ұшақ ангардан шығарылып, алғашқы тесттерді бастаған еді. Алдымен моторы іске қосылды, содан соң ұшу алаңында әрі-бері жүргізілді. Әзірге жаңа ұшақтың прототипінде General Electric компаниясының F110-GE-129 турбожелдеткішті моторы тұр. Америкалықтар мұндай мотордың екі данасын берген. Алдағы уақытта ұшаққа Rolls-Royce Holdings Plc-тың моторлары орнатылуы мүмкін. Ағылшын компаниясы түріктің Kale Grubu компаниялар тобымен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Түркияның алғашқы ұшақ моторын ағылшындардың көмегімен осы Kale Grubu жасап шығаратын сыңайлы.

Жалғыздың бәрібір үні шықпайды

KAAN ұшағын  түріктер өздері жасады дегенмен, іс жүзінде шетелдік серіктестердің пайдасы аз болмағанын да ескеру керек. Яғни барлық бөлшектерін түріктер  жасаған жоқ. Бәлкім, алдағы жылдары барлық детальдарды түрік фирмалары өндіретін шығар. Әзірге олай емес. Түріктерге америкалықтардың да, ағылшындардың да біршама пайдасы тиді. Айталық, Ұлыбританияның BAE Systems Plc компаниясы ұшақ прототипін жасауда біршама қолғабыс жасады. Әзірге прототипке F-16-ның F110-GE-129 моторы орнатылғанымен, кейін ол өзгеруі мүмкін. Қазір  KAAN ұшағына арнайы мотор жасау жобасына түріктің бірнеше фирмасы, украиналық Progress компаниясы да қатыспып жатыр. 2018 жылы Ресейдің «Объединенная двигателестроительная корпорация» АҚ компаниясы да түрік ұшағының моторын жасау жобасына қатысуға ынта білдірген. Яғни түрік ұшағының моторын әзірлеуге атсалысқысы келетіндер көп. Өйткені түріктер тәуір қаржы бөліп отыр. Дегенмен Түркияда да мотор құрастыруға тырысып жатқан компаниялар аз емес. Айталық TUSAŞ-тың мотор жасауды қолға алған TEI деп аталатын еншілес кәсіпорны TRMOTOR Güç Sistemleri Sanayi A.Ş фирмасымен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Түркия билігі TEI-ге 2028 жылға дейін жаңа ұшақтың өз моторын жасауды тапсырған. Ал бұл мақсатқа жету оңай емес. Өйткені қазірдің өзінде TEI компаниясы әртүрлі мақсаттарға арналған PD170, PD220, TS1400, TF6000, TF10000 моторларын жобалап жатыр. Дегенмен нәтиже жаман емес. Компания TS1400 моторын 6 жылда жасап, сынақтан өткізді. Тікұшаққа арналған бұл моторға шетелдіктерден де сұраныс түсе бастаған. Бірақ 5 буын ұшағына арналған мотор жасау өте қиын. Мәселен F-35 ұшағының моторын жобалаудан бастап, ұшаққа орнатқанға дейін 15 жылдай уақыт кеткен. Түріктер болса 10 жыл ішінде  заманауи ұшаққа қажет мотор жасамақ ниетте. Әрі моторды жасау құны да арзан болмайтынға ұқсайды. Жобалаудан толық дайын қалыпқа жеткізгенге дейін 3-5 миллиард долларға жетуі мүмкін деседі. Ал F-22  пен F-35 ке арналған  F-119, F-135 моторларды әзірлеу құны 10 және 7 миллиард долларға  жетіп еді. Сондықтан шетелдік тәжірибені пайдалануға бәрібір мәжбүр болады. Қазір TEI компаниясының 200 инженері KAAN  ұшағының моторын жасауға қатысып жатыр. Ең бастысы жобаға түріктің Aselsan, Havelsan, Kale Grubu тәрізді компаниялары үлес қосып жатыр.Біреуі радарын, біреуі электроникасын дегендей әртүрлі міндет атқаруда. Осы ұшаққа ыңғайлы бомбалар, зымырандар жасап жатқан өзге компанияларды, соның  ішінде Roketsan-ды да жобаға қатысушы ретінде бағалауға болады. Мұндай қадамның берері өте зор болмақ. KAAN Түркия қорғаныс өнеркәсібі кешінін біршама алға сүйреп, инженерлердің тұтас буынын қалыптастырып жатыр. Болашақта KAAN дрондармен,  жердегі атыс кешендерімен, танктермен, кемелермен  үйлесімде жұмыс істейтін ұшаққа айнаулы мүмкін. Түріктердің ниеті сондай.

 

P.S. Өткенде Украинаның Түркиядағы елшісі Василий Боднар өз елінің Анкарадан  KAAN  ұшақтарын сатып алуға ниетті екенін айтқан. CNN Türk эфирінде ол: «Біз ұшақты сатып алып қана қоймаймыз, оны пайдаланамыз. Оны қайда қолдануды да білеміз», – десе, 21 ақпанда Ресейдің Стамбулдағы  бас консулы Андрей Буравов ресейлік компаниялардың KAAN жобасына  қатысуға даяр екенін мәлімдеді.