Спорт

Астанада көкпар мен көкбөріден халықаралық жарыс өтеді

Қыркүйекте Астанада 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді.

Қазақстандық көкпаршылар Алматы облысында көкпар және көкбөрі ойындары бойынша оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.

"Қазір спортшыларымыздың дайындықтары жақсы. Басты қарсылас ретінде Қырғызстан мен Өзбекстанды айтар едім. Көкпардан жеңетінімізге сенімдіміз, ал көкбөрі ойынынан мүмкіндіктеріміз тең дәрежеде. Біраз жылдан бері көкбөрі ойнаған жоқпыз. Десе де жеңу үшін барлық мүмкіндігімізді пайдаланамыз", – деді көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев.

Қазір оқу-жаттығу жиындары туризм және спорт министрлігінің ұлттық және ат спорты түрлері орталығының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Көкпардан ұлттық құрама мүшесі Наурызбай Қалтаев көкпар мен көкбөрінің айыырмашылығын айтып берді.

"5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындығымыз жоғары деңгейде. Екі спорттың айырмашылығы тайм санында – көкбөріде үш тайм ойналады, ал көкпарда – екеу. Көкбөріде қазандыққа, ал көкпар жерге сызылған шеңберде ойналады", – деді Наурызбай Қалтаев.

Республикалық "Көкпар" федерациясы Қазақстан ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді.  Қауымдастық құрамында "Аударыспақ", "Бәйге", "Теңге ілу", "Садақ ату", "Жамбы ату", "Құсбегілік", "Асық ату", "JORYQ" ат спорты және т.б. федерациялар бар.