Әлеумет

Қатерлі ісікке қарсы отандық препараттың бағасы қолжетімді болады

Назарбаев Университетінің профессоры Дос Сарбасов 2024 жылдың 14 тамызда өткен брифингте қатерлі ісікті емдейтін қазақстандық дәрі қолжетімді бағада болатынын айтты.

Прфессордың айтуынша, маңызды препарат Қазақстанда ғана емес шетелде де қолжетімді бағада сатылады. Бірақ қазір басты назарда дәрінің қатерлі ісіктің қай түрін емдей алатынын түсіну. 

Дос Сарбасов бұған дейін MD Anderson Cancer Center онкологиялық орталығында ғылыми зертханаға жетекшілік етті. Алайда 2019 жылы Қазақстанға қайта оралды.

“Қатерлі ісікке қарсы дәріні Америкада жүріп жасай бастадым. Ондағылар препаратқа аса қызғушылық таныта қоймады. Айтуларынша, бұл айтарлықтай табыс әкелмейді екен. Қарапайым дәрілер. Америкадағы фармацевтикалық компаниялар бұл дәрімен ақша таба алмайтындарын айтты. Олар өз препараттарын ойлап тапса у қымбатқа сатады”, – дейді Дос Сарбасов.

Дәрі-дәрмек әлі жасалып жатқандықтан профессор оның бағасын айта алмады. Сөзінше, ол үшін препараттың бағасы аса маңызды емес.

“Бастысы – дәріні жақсы нәтиже беретін деңгейге жеткізу. Оның құны – ең соңында қаралатын мәселе. Дәрі-дәрмек әрі арзан, әрі үйлесімді болады. Сондай-ақ біз екі препараттың да (D-VC және arsenic trioxide) Қазақстанда жасалғанын қалаймыз. Мысалы, DV-C препараты бірегей. Себебі ол медициналық өнім ретінде еш жерде қолданылмайды, ал мышьяк триоксиді Үндістаннан әкелінеді. Ол жақта бұл 4 доллар тұрады, бірақ біз оны жарты долларға өндіре аламыз. Бұл өте арзан. Баға мәселе емес. Бастысы препарат отандық болады”, – дейді ол.

Ол Америкада клиникалық сынақтар өткізу әлдеқайда қымбат екенін айтты. 

“Ол жақта науқастарға жататын төсек-орын қымбатқа түседі. Бізбен салыстырғанда 20,50 есе қымбат. Ол жақта баға басқа. Неліктен дәрі қымбат дейсіздер? Себебі ірі компаниялар дамуға жылына 7 миллиард доллардан астам қаржы жұмсайды. Сондықтан олар жаңа дәрі ойлап тапса қымбатқа сатады. Осылайша ақшаны қайтарып алады. Мұны бәрі біледі”, – дейді Дос Сарбасов.