Қоғам

"Біз үшін чемпионсың": Сәкен Бибосыновқа қазақстандық кәсіпкер жылқы мінгізді

Париж Олимпиадасының ширек финалында жеңіліп қалған боксшы Сәкен Бибосыновқа қазақстандық кәсіпкер тұлпар сыйлады.

Сәкен Бибосынов өзіне берілген сыйлық туралы Instagram желісіндегі парақшасында жазды. Ол Азамат Аман есімді кәсіпкерге алғыс айтты. "Азеке, тұлпар үшін рахмет! Сіз бізді әрқашан қолдайсыз, көмегіңізді аямайсыз. Алла пейіліңізге берсін", - деп жазды Бибосынов. Азамат Аман Париж Олимпиадасында жүлде иелене алмаған тағы бір боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлына да жылқы мінгізіпті. "Батырлар, біз үшін чемпионсыңдар. Тұлпарларың құтты болсын!", - деп жазды кәсіпкер Instagram желісіндегі парақшасында. Еске салайық, Париж Олимпиадасында 51 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Сәкен Бибосынов ширек финалда өзбек боксшысы Хасанбой Дусматовтан жеңіліп қалды. Ал Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) ширек финалда грузиялық Лаша Гурулиге есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалған болатын. Бокстан Қазақстан құрамасы биылғы Олимпиада ойындарында екі жүлде иеленді. Ерлер арасында Нұрбек Оралбай (80 кг) күміс медаль еншілесе, әйелдер арасында Назым Қызайбай (50 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.