Сенатор Нұртөре Жүсіп Алматыда еліміздің медиа кеңістігін дамыту келешегін журналистермен бірге талқылады
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ана тілі», «Балдырған», «Ұйғыр авази» басылымдарын біріктіретін «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Алматыдағы филиалының қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды oimaqnews.kz.
Сенатор дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын трансформациялау, сөз бостандығын қорғау, журналист мәртебесін бекіту жөніндегі мемлекеттік реформалар және Парламент қабылдаған «Масс-медиа туралы» заңдағы жаңалықтар туралы айтып берді.
Кездесуге қатысушылар баспасөз журналистикасын дамыту, бұқаралық ақпарат құралдарының жас қызметкерлері мен блогерлерді және ықпалды тұлғалар сияқты жаңа кезең журналистерін қолдау мәселелерін талқылады.
Нұртөре Жүсіп қазіргі қоғамның іргетасы сапалы ақпарат екенін атап өтті. Ақпарат таратудың негізгі құралының бірі ретінде мерзімді баспасөз қоғамдық пікір қалыптастыруда және өзекті оқиғаларды жариялауда маңызды рөл атқарып келеді.
«Газеттер мен журналдар білім көзі ретінде және адам құндылықтарын қалыптастыруда қоғам өмірінде маңызы зор. Мемлекет тиісті заңдарды қабылдауда және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының дамуын белсенді түрде қолдап келеді. Парламент қабылдаған «Масс-медиа туралы» заң осы жолдағы маңызды қадамның бірі, ол бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қолданыстағы бірнеше заңның ережелерін біріктіріп отыр. Онда мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына арналған грант арқылы мемлекеттік ақпарат саясатын қаржыландыруды жетілдіру, сауалдарды қарау мерзімін қысқарту, журналистің кәсіби қызметіне құқықтық кепілдік беру, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өзін-өзі реттеуі және журналистің әдеп кодексін әзірлеу жөніндегі қоғамдық-кәсіби кеңес құру сияқты негізгі жаңалықтар бар. Бұл заң еліміздің медиа кеңістігін дамытудағы маңызды қадам болып отыр», - деді Нұртөре Жүсіп.
Тараптар журналистерді даярлау, мамандық этикасы және журналистикада жасанды интеллекті пайдалану келешегі мәселелерін де талқылады.