Қазақстанға алдағы уақытта заманауи жойғыш ұшақтар мен зениттік зымыран кешені жеткізілмек
Қорғаныс министрлігі еліміздің қарулы күштері 500-ден астам әскери техника алғанын мәлімдеді
Үкіметтің мәліметінде, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштердің оқу-материалдық базасын белсенді түрде дамытты.
“Жыл соңына дейін жаңа тренажерлерді жеткізу және жерүсті оқу-жаттығу жабдықтарын жөндеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 1,5 мыңнан астам әскери техникаға ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ техниканы жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп жатыр.
“Биыл әскерлерге 500-ден астам жаңа техника, соның ішінде "Арлан" және COBRA II брондалған дөңгелекті машиналары, SUNQAR тактикалық ұшқышсыз жүйелер кешені және EVOMax шағын ұшқышсыз жүйелері келді. Әуе қорғанысы күштері үшін заманауи жойғыш ұшақтар мен зениттік зымыран кешені жеткізіледі деп жоспарланған. Сондай-ақ ANKA пилотсыз ауыр класты кешенді тәжірибелік әскери пайдалану жүргізіліп жатыр. А400М бірінші ауыр жүк көтергіш әскери-көліктік ұшақ жеткізіледі”, – делінген хабарламада.