Қарағанды облысында бассейн салуға бөлінген 130 млн теңге жымқырылған
Қарағанды облысында бассейн салуға бөлінген 130 млн теңге жымқырылған
Қаржылық мониторинг агенттігі Қарағанды облысында бассейн салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісін тергеп жатыр. Бұл туралы агенттік Telegram-дағы арнасында хабарлады. Агенттік ақпаратынша, балалар спортын дамытуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар объектінің құрылысын бақылаған азамат орындалған жұмыстардың жалған актілері бойынша жеткізілмеген құрылыс материалдары үшін өзіне қарасты кәсіпорынның шотына, сондай-ақ бассейн құрылысына қатысы жоқ басқа кәсіпорындардың атына қаражат аударған. "Кешенді сот құрылысы-экономикалық сараптамасының, сот-экономикалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, мемлекетке орындалмаған жұмыстар мен жеткізілмеген материалдардан тұратын 130 млн теңгеден астам залал келтірілген", - делінген хабарда. Аталған азамат ұсталып, оған қатысты сот "үй қамақа алу" бұлтартпау шарасын қолданды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. ҚПК 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.