Халық жауы болса, алаңға шығарып атып тастаңыздар - Қайрат Нұртастың әкесі
Гүлзира Айдарбекова мен Нұртас Айдарбеков тележүргізуші Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында Қайрат Нұртастың аяғынан шалушылар көп болғанын айтты.
Нұртас Айдарбеков Алматыда “Прайм плазада” болған оқиғаны еске алды. 2013 жылы Қайрат Нұртастың әншілері аталған сауда орталығында бұзақылық жасап, 107 адам полицияға жеткіліген еді. Одан кейін де бірнеше оқиға болғанын айтқан ол көп жерде Қайраттың ешқандай кінәсі жоқ екенін айтты.
“Бұл Қайраттың істеп жүрген жұмысы ғой. Қайратқа еңбекақысын төлеп, туалеттің қасына аппарат қойып, мына жерде айт десең де, ол айтады. Өйткені жұмысы сол. Сондықтан, Қайрат барды, шақырды, ақшасын төледі. Өлеңін айтты, кетті. Бірақ түйенің білетіні жантақ дейді ғой. Сол сияқты, жұрттың білетіні Қайрат. Ол жерде Қайраттың жеке концерті емес мысалы. Мыңдаған әнші жүр. Бірақ сол кезде Қайрат алға шығып тұрған бала, атын плакатқа үлкен қылып қойып қойған. Жұрт Қайраттың концерті деп ойлайды”, – деді Айдарбеков.
Оның сөзінше, содан кейін Қайраттың аяғынан шалушылар болған.
“Халық жауы құсатып сол кезде де аяғынан қатты шалды. Марқұм Арман Дүйсеновтің концерті болды тура сол кезде. Қайрат соның бір-екі әнін орындайды екен. Соның концертіне ән айтуға кеткен. Сөйтсем Дворецке кіргізбей қойыпты. Кейін бір үлкен кісілерге барып айттым: Енді халық жауы болса, алаңға алып шығып, атып тастай салыңыздар, ол баланы не қыласыздар?” дедім. Дворецке кіргізбеу деген не сұмдық? Қайраттың қандай кінәсі бар десем, шамалы бір жыл қоя тұрыңыз, бәрі басылады. Халық Қайрат деп шулап жатыр ғой деді. Бір жыл Дворецке шыққан жоқ. Тойға барып жүрді. Сондайдың бәрі соққы ғой. Мына жақтан бәрі жақсы болады деп басу айтып жүрдік”, – деді ол.